Жұмысшы мамандығының жаңа идеологиясы жасалуда

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмысшылар мамандығы жылының маңызына тоқталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
– Фестивальге 200-ге жуық ірі, шағын және орта бизнес өкілдері қатысып жатыр. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер және ғылыми зерттеу институттары қатысып отыр. Бес күннің ішінде инновациялық сессиялар, хакатондар өткізеді. Жұмысшы мамандығының жаңа идеологиясын жасап жатырмыз. Жұмысшы мамандығын біз барлық уақытта ең төмен өнімді маман деп айтамыз, бүгін олай емес. Бүгінде жұмысшы маман дегеніміз – жаңа технологиямен жұмыс істейтін, заманауи технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорындарды басқаратын оператор, техниктер. Сонымен қатар дрон жасап, жинайтын мамандар. Мамандық таңдап жүрген, мамандығын таңдап қайда барып жұмыс істеймін деп жүрген жастар осы жұмысшылар қаласы арқылы жұмыс орнын таба алады, – деді Тамара Дүйсенова БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Бүгін елордада жұмысшы мамандықтарының фестивалі басталды.
Фестиваль аясында бес күн бойы семинарлар, мұнай және энергетика өнеркәсібі тақырыптары бойынша хакатон, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесері, машина жасау бойынша шеберлік сабақтары, концер пен халықаралық аккредиттелген колледждердің тренингі секілді іс-шаралар өтеді.
Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі күн сайын сағат 10:00-ден 18:30-ға дейін Астана қаласы Мәңгілік ел даңғылы, 53/1 мекенжайы «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр.
Еске сала кетейік, өткен жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланатыны туралы хабарлаған еді.