Жол тазалығына жауапты ару

Былайғы жұртқа біліне бермес кей көркемдіктің астында көзге көрінбейтін еңбек көп. Мысалы, қала тазалығын сақтап, елорданы күніне бірнеше тонна қоқыстан құтқаратын жұмысшылар қызметін осы санатқа қоссақ болады. Кешегі қараша айынан бастап қары ұшқындай бастайтын Астананың көшесінде қар аршу, мұз ою жұмыстарында жанталаса еңбек ететіндердің қызметі расымен ұшан-теңіз ғой. Ал жаз туса күн астында көше сыпырып, жел суырған құм мен ұшқан шаң арасында шаршамай жүрген бұл саптағыларды қалай мадақтасақ та жарасар.
Сондай жанның бірі – 34 жастағы Зарина Нұрисламова. Өз адал жұмысымен қоғамдағы көп жалқауға үлгі болған кейіпкеріміз «Астана Тазалық» ЖШС-да жол жұмысшысы болып істейді. Ақмола облысына қарасты Бірлік ауылының тумасы 10 жылдан бері бас қаланың тазалығын сақтауға еңбек сіңіріп жүр.
«2015 жылдан бері осы мекемеде қызмет істеймін. Қала тұрғындары шырт ұйқыда жатқанда, яғни таңғы сағат алтыда оянып, жұмысқа асығамыз. Өйткені, жұмыс сегізде басталып кетеді. Тұрғылықты жерімізге жақын орналасқан аялдамада жұмысшыларға бөлінген арнайы автобус бізді күтеді. Кейде қоқыс тазартуға барсақ, енді келесі күні арнайы техникалармен бірге қар немесе өзге де қалдықтарды сыртқа шығаруға көмектесеміз. Кешкі бестен өте жұмысымыз біткен соң сол көлік үйге жеткізіп салады. Түскі асымыз тегін. Мысалы, бүгін қай жерде қар тазалау, мұз ою сияқты жұмыстарды істеп жүрсек, мекеме тарапынан сол жерге ыстық шай мен жейтін асымыз жеткізіледі» дейді Зарина.
Заринаның айтуынша, мұнда орташа жалақысы – 250 мың теңге. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыз күндері жұмыс істеген жұмысшылардың жалақысына үстемақы қосылады. Әрі ұдайы медициналық көмек көрсетіліп тұрады екен. Жалпы жылдың төрт мезгілінде тыным таппай, өз міндетіне тиянақты қарайтын «Астана Тазалық» серіктестігінде барлық жұмысшыларға жағдай барынша істелгендей.
«Жалақысы тұрақты. Биылдан бастап «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай айлығымызға 10 пайыз қосылды. Арнайы жұмыс киімін, қажетті құрал-саймандарды уақытында жаңартып береді. Ауырып қалған жағдайда да сауықтыру бойынша қаржы қарастырылған. Еңбек демалысы да уақытылы, әр мемлекеттік мереке кезінде қаржылай сыйақы беріліп, балаларымызға арнайы сыйлық таратылады. Ұжымдастар болып тазалық мекемелері арасындағы әртүрлі спорттық жарыстарға да қатысып жүрміз», дейді ол.
Айта кетейік, «Астана Тазалық» ЖШС-да 2000-ға жуық қызметкер бар. Барлығы үш ауысым бойында жұмыс істеуде. Сондай-ақ 800 арнайы техника әр маусымдағы түрлі тазалық жұмыстарына қатысады.
«Әр адам өз отбасы мен өмір сүретін ортасының тазалығына баса мән беру керек. Ал қоқыс пен қалдық күнделікті пайда бола беретіні белгілі ғой. Бірақ адамдар арасында «тазалықтың табалдырықтан басталатынын» ұқпайтындар бар. Өкінішке орай, кейбір қала тұрғындарында «тиісті мекеме тазалауға міндетті» дейтін көзқарас жоқ емес. Әрине, біз өз жұмысымызды онсыз да орындап келеміз. Бастысы – несібеміз адал еңбекпен келуде» деп сөзін қорытты Зарина.
Ержан ҚОЖАС