Басты ақпаратМәслихат

Мәселенің маңызына қарай мән берді

Зәуре Жүсіпова – қырық жыл білім саласында қызмет еткен тәжірибелі ұстаз. Еңбек жолын Торғай облысы Державинск ауданындағы (қазіргі Ақмола облысы Жарқайың ауданы) Тасөткел орта мектебінен бастап, осы оқу орнының директоры қызметіне дейін көтерілді. Астана қаласындағы №57 орта мектепті, №59, №84 мектеп-лицейлерді басқарды. Қазақстан мәслихаттары құрылған жылы Державинск аудандық мәслихатының, елордаға қоныс аударғаннан кейін Астана қаласы мәслихаты V-VІ шақырылымдарының депутаты болды. Қазіргі күнге дейін қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысады. Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты атағына ие Зәуре Ғинаятқызымен мәслихаттардың 30 жылдық мерейтойына орай әңгімелестік.

– Аудан мен Астана мәслихаттарының жұмысын салыс­тыру мүмкін емес. Астаналық мәслихат жоғары талғаммен, кәсіби көрегендікпен, үлкен тәжірибемен жұмыс істеп жатыр. Мәслихат депутаттары күнделікті өсу мен өзгеру, нақты іс пен нәтиженің арасында ілгері жұмыстарды атқаруда. Әр депутат беріліп жұмыс істеудің арқасында ортада, қоғамда, елордада ілгерілеу бар. Жалпы мәслихаттың жұмысы, құзыреті, абыройы күннен күнге артып барады. Мәслихатта дамуды айқындайтын бағыттар жасалып жатқанын байқаймын. Шетелдерге барып, сондағы тәжірибемен танысып, елдегі жұмыстарды нәтижелі етудің тетіктерін іздеп жатыр, – дейді Зәуре Жүсіпова.

Зәуре Ғинаятқызы Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі болды. Оның депутаттық қызметі әлеуметтік саланың дамуына бағытталған еді. Мәслихаттың профильді комиссиясының мүшесі ретінде сан мәрте ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесін көтерді. Қазір де Астана қаласы Полиция департаментінің консультативті кеңесші органының мүшесі. Депутат кезінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары балабақшадан орын алуға қолдау көрсетті.

– Мәслихатта мәселенің маңызына қарай оның нәтижесіне мән бердік. Елорда тұрғындарының, соның ішінде тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналардың мәселелері басты назарда болды. Бұл мәселелерге ерекше жауапкершілікпен қарадық. Көптеген жеке отбасыларға барынша көмек те берілді, демеушілермен бірге баспана, отбасы проблемалары көптеп шешілді. Сол кезде жұмыс орындарда кездесулер өткіздік. Мемлекеттің негізгі әлеуметке арналған бағдарламаларын түсіндіріп, мәдениет пен ұлттық тәрбие туралы әңгіме жүргіздік. Түрлі мамандық иелерімен кездестік. Елордадағы университет студенттері, колледж оқушыларымен жүздесіп, тәрбие, отансүйгіштік, білікті маман болып шығу мәселелерін қозғадық, – дейді Зәуре Жүсіпова.

Мәслихат депутаты болғанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерімен де айналысты. Сол кезде Сарыарқа ауданы әкімдігінің септесуімен аулалардың санитарлық жағдайы жақсартылды, стихиялы тұрақтар мәселесі шешіліп, қала көшелері ажарланды. Қазір қалалық мәслихат депутаттарының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Астана» жобасынан да хабардар.

– Астана тазалығы – біздің кезімізден мәслихат депутаттарының басты назарында. Осы мәселеге жауапты мемлекеттік органдар мәслихат отырыстарында есеп беріп отырады. Соның да үлкен септігі тиген болуы керек, бүгіндері тұрғындардың мәдениеті көтеріліп, жақсы жағына өзгерді деп ойлаймын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, үнемі ақпарат беру, оқып-үйрету, түрлі-түсті форматтағы суреттер арқылы қала тұрғындарының мәдениетін көтеруге болады деп есептеймін, – дейді Зәуре Ғинаятқызы.

Мәслихат депутаты кезінде, бір жағынан ұстаз болғандықтан да шығар, отбасылық құндылықтарды, ұрпақтар сабақтастығын насихаттады. Бұл іспен әлі де белсенді айналысып келе жатыр. Ардагерлер мен зейнеткерлерге үнемі қамқорлық жасайды.

– Қазіргі таңда отбасылық кикілжіңдер, ажырасу, сәбилерді балалар үйіне тапсыру проблемалары көбеюде. Әр жұмыс беруші мекеменің басшысы өз елім, өз жерім, өз жұртым деп қарау керек, қол астындағы қызметкеріне жанашыр болуы қажет. Осы мәселені назарға алу керек деп ойлаймын. Отан отбасынан басталады. Ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар – өмір сүрудің негізгі заңы. Ұлттық деген ұғымның басында қазақ тілі тұр. Өмірлік тағылым қазақтың өзінің тілі арқылы беріледі. Әр отбасының өмірі өзінің тілінен басталады, – дейді Зәуре Жүсіпова.

Зәуре Ғинаятқызы Астанадағы және тұтастай республикадағы білім стандарттарын жаңартуға белсенді түрде атсалысты. Қазір де білім саласындағы басым бағыттарды ұдайы қаперінде ұстайды. Осы саладағы еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.

– «Білімді мыңды жығады» дейді. Білім ордаларындағы жұмыс ұлттық құндылықтарға негізделуі шарт. Осының бәрі «Қазақ» деген сөзден басталады. Оқушыларға жерін, желін, суын, тасын сүйіп, өзгенікінен ажырата білуді, қазақ тілін құрметтеуді үйрету баршамызға басты міндет, – дейді ұстаз.

Зәуре Ғинаятқызы елордаға отбасымен бірге осыдан тура отыз жыл бұрын, қала Ақмола кезінде қоныс аударды.

– Астананың қалыптасуы, өркендеуі көз алдымда өтті. Елорданың Алматыдан Астанаға көші, соған байланысты өткен іс-шаралар, әдемі, зәулім ғимараттардың ашылуы бәрі есімде. Сол кезде үлкен таң қалумен қоса қуану, мақтану сезімін бастан кештік. Астана тұрғындары – тарихтың куәгері, елорданың құрылысшылары. Соны өздері де байқамауы мүмкін. Әр тұрғын жаңа астананың өркендеуіне атсалысты деп ойлаймын. Бүгіндері Астана елдің нағыз елордасына, әдемі, көз тартарлық бейнесі бар заманауи қалаға айналды. Астана – елордада тұратын өзге ұлттардың да мақтанышы. Бас қалада ғажап ғимараттар мен көркі көз тартатын тұрғын үй кешендері ғана емес, заманға сай қаншама білім ордалары, мектептер, колледждер, университтеттер салынып, іске қосылды. Қаншама ауруханалар, ғылыми зерттеу орталықтары ашылды. Қазіргі таңда шетелдерден келіп, ем-дом алып жатқан шетелдіктерді көріп, естіп жатырмыз. Бұл – дәрігерлеріміздің үлкен жетістіктері, кәсіби самғауы. Әдемі аулалар ашылып, балаларға арналған ойын алаңдары жабдықталды. Бұл – үлкен жетістік. Тіпті, Еуропада Астанадағыдай үйлердің аумағы балаларға ойластырылмаған. Астана даму үстінде. Күннен күнге әлемнің үздік тәжірибелері енгізіліп, тұрғындардың мәдениеті көтерілуде, – дейді Зәуре Жүсіпова.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button