Ақылы автотұрақ: оң өзгеріс орын ала ма?

Жақында Мәжіліс депутаты Нартай Аралбай ақылы автотұрақ мәселесіне тоқталып, саладағы орын алған мәселені санап берді.
Қазір Астанада 7216 ақылы автотұрақ бар, оны жыл соңына дейін 10000-ға жеткізу жоспарланған. Әрине, ақылы тұрақтар қаладағы көлік қозғалысын реттеп, тұрақ мәселесін жүйелеуді көздейді. Көше, жол бойына көлік қоюды тізгіндеп, жол қозғалысын іркіліссіз реттеуді де мақсат етеді. Сонымен қатар, одан түскен түскен қаржы қала бюджетіне де сүйеу. Мәселен, 2021 жылы Астанадағы ақылы автотұрақтарға азаматтарымыз 90 994 105 теңге төлесе, 2022 жылы 152 466 542 теңге төлеген. Яғни автотұрақтан түсетін ақша да көбейіп келеді. Бірақ осы қаржының мемлекеттің кірісіне емес, жеке компаниялардың жылы «тамағына» айналып кеткені қынжылтады. Депутат Нартай Аралбайдың келтірген дерегіне сүйенсек, 2021 жылдан 2024 жылға дейін азаматтарымыз Астанадағы ақылы автотұрақтарға 725 995 427 теңге төлеген. Соның 617 315 439 теңгесі жеке серіктестіктің есебіне еніп, тек 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне түскен. Соған қарамастан автотұрақтарды абаттандыру, тазалау шығындарын қала әкімдігі көтереді екен. Демек, бас қаладағы автотұрақтардың қызығын жеке компаниялар көріп, дауына қалалық әкімдік қалып отыр ма? Олар қаладағы көлік қоюға ыңғайлы жердің бәрін көк шимай қылып сызып, ақы алатын жүйге қосып тастаған. Егер сол автотұрақтардың біріне көлігіңізді қойып, ақшасын төлемей кетсеңіз немесе машинаны дұрыс қоймай, көк сызықты бастырып тоқтатсаңыз да сіз кінәлі болып айыппұл төлейсіз. Соның салдарынан 2021 жылдан 2024 жылға дейін Астанадағы ақылы автотұрақтың ақысын төлемегені үшін азаматтарымызға
5 839 114 176 теңге айыппұл салынған. Ең қызығы, ол айыпты автотұраққа иелік ететін жекеменшік компания емес, еліміздің заңды құзырлы орны – Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелер салады. Яғни жекеменшік компанияның құқығын мемлекет заң арқылы қорғайды да,
көлік жүргізушілердің құқықтарын мүлде ескермейді. Сондықтан да автотұраққа қойған көлігіңізді біреу қағып кетіп бүлдірсе немесе басқалай зақым келсе, ақша алып отырған
компания жауапкершілік арқаламайды. Көлігіңді қисық қойсаң да қия бастырмай камерадан көріп, айып салатын мекеме де «ол түйеде біздің жүгіміз жоқ» деп жауап бермейді. Өйткені олар ақы мен айыппұлды ғана таниды.
Қазір Астанада ақылы автотұрақта 5 минут қана тегін тұра аласыз, оның үстіне, бұрынғы «30 минут, 50 теңге» шегін де алып тастаған. Яғни көлік жүргізушілері ақылы автотұраққа кіріп 10 минут тұрса да 100 теңге төлеуге мәжбүр.
Қысқасы, «Автокөлік мінген халықты ақылы автотұрақ арқылы қанау – үлкен қателік» деп депутат Нартай Аралбай айтқандай, жекеменшік компанияларды байытатын, не халыққа, не мемлекетке пайдасы кемшін ақылы автотұрақ саясатына үлкен өзгеріс керек.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ