Қаламгер келбеті
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/8cf7b7c8-d8ce-48e4-ae50-7f7b0ca4321f-780x470.jpg)
Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінде жазушы-публицист, аудармашы Марал Хасеннің туғанына 80 жыл толуына арналған «Шеберлік пен кемелдік иесі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Аталмыш музей мен жазушының жары, мұрасының шырақшысы Рымбала Смайылова ұйымдастырған іс-шарада қаламгер келбеті мен қырлары, қазақ журналистикасы мен әдебиетке, оның ішінде аударма өнеріне сіңірген еңбегі әңгіме өзегіне айналды.
Осы іс-шараны өткізуге үлкен қолдау көрсеткен Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, міржақыптанушы, сәкентанушы ғалым Марат Әбсеметовтің «Міржақыптың оралуы» және тағы бір кітабына Марал Хасен редактор болды. Қаламгер мен жары Рымбала Кенжебайқызы Алаш қайраткерінің қызы Гүлнәр Дулатованың «Шындық шырағы» атты кітабының жарық көруіне қол ұшын созды. Марат Әбсеметов осы жайлы әңгімелеп, Марал Хасеннің бөлек болмысына, қарапайымдылықтың үлгісі болған келбетіне тоқталды.
Қаламгермен 50 жылдан астам уақыт отасқан Рымбала Смайылова ыстығына да, суығына да төзді. Марал Хасен өмірден озған соң есімі ұмытылмай, ісі ескерусіз қалмасын деп тіпті тыным таппай жүр. Арада өткен 9 жылға жуық уақытта талай іс атқарды. Атап айтқанда, бірнеше естелік кітап шығарып, еске алу кештерінің өтуіне, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада, Қарағандыдағы Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Марал Хасеннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін арнайы бұрыштардың, жазушы туған Жаңаарқа ауданындағы О.Жұмабеков атындағы мектепте қаламгер атындағы дәрісхананың ашылуына ұйытқы болды. Тіпті Марал Хасен бастап, аяқтауға үлгермеген Светлана Алексеевичтің «Мырышқа айналған қыршындар» кітабын тәржімалап бітірді. Жарының артына қалдырған мұрасын жинақтап, шашау шығармай, 7 томдық еңбегін шығарды.
Марал Хасен еңбек жолын аудандық «Жаңаарқа» және «Новая степь» газеттерінен бастап, «Жезқазған туы» газетінде жауапты хатшының орынбасары, «Ақадыр таңы» және «Агадырьская новь» басылымдарының ұйымдастырушысы, алғашқы редакторы болды. Жары қаламгердің аталған газеттердегі еңбегі, көрген қиындығы жайында әңгімеледі. Рымбала Смайылова Марал Хасеннің журналистік, аудармашылық еңбегінде шын көмекші де бола білді. Қаламгер ауыр науқасқа шалдығып, үйде отырып қалғанда, компьютерді меңгеріп алып, оның жазған мақалаларын, жасаған аудармаларын компьютерде теріп, газет-журналдарға жіберіп тұрды. Бірнеше кітабын баспаға дайындап берді.
Жалпы Марал Хасен мен Рымбала Смайылова бірін-бірі толықтырған, жетілдірген шаңырақ еді. «Сынықтан басқасының бәрі жұғады» демекші, Рымбала Кенжебайқызы жұбайының аудармашылық еңбегі арқылы қазір өзі де аудармашыға айналды. 2022 жылдың соңында, «Балалар жылының» аясында, жазушы-драматург Нұрайна Сәтбаеваның балаларға арналған «Әлканың күміс тұмары» әңгімелер жинағын, америкалық жазушы Гарри Грейдің «Бір кездері Америкада» романын, Қарағандыда туып-өскен, қазір Алматыда тұратын Илмаз Даниялұлының «Дастанның Арманы. Басы», Анни Эрноның «Әйел», «Менің асыл жандарым» кітаптарын аударды. Қазір Виктор Гюгоның «Нотр-Дам соборы» романын қазақшаға аударып жатыр.
Рымбала Смайылова қазақ басылымдарымен де шығармашылық байланыста, ұлттық баспасөздің шын жанашыры. Осыдан 2-3 жыл бұрын Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Өзіміздің «Астана ақшамы» газетінің Қарағанды қаласындағы бірден-бір оқырманы, басылымымызға жыл сайын тұрақты түрде жазылып тұрады.
Марал Хасен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары болды. Қаламгер өмірінің сол кезеңі мен аудармашылық еңбегі жайында «Қазақтың сары тентегі» атанған ақын, бард Қуаныш Мақсұтов әңгімелеп, ұсыныстарын айтты.
«Аударма деген – бір мәдениетті екінші бір мәдениетке аудару деген сөз. Аударма – екі елді, екі туысқан, тамырлас елді бір-біріне жақындастыратын ең үлкен рухани қазынаның бірі. Осы іске еселеп еңбек сіңірген, классикалық туындыларды сәтімен қазақ тіліне тәржімалаған қаламгердің бірі аударма саласының тілдік, стильдік қыр-сырын шебер меңгерген кәнігі аудармашы Марал Хасен ағамыз еді. Марал ағаның ерекшелігінің бірі көркем, ғылыми-танымдық дүниелерді қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға іркілмей, жеңіл аудара беретін әмбебап маман еді» деген Қуаныш Мақсұтов қаламгердің аударма еңбектеріне тоқталды. Марал Хасеннің баспасөз арқылы 80-жылдардың аяғы, 90 жылдардағы Қарағанды жастарының тәрбиесіне қосқан үлкен үлесі жайында әңгімеледі.
«Бүгініміз үшін өкініш, ал келешектің алдында ұят болмас үшін белгілі аудармашы, журналист, редактор, аудармашы Марал Хасен ағамыздың 80 жылдық мерейтойын ұлықтау шараларын туған жері Қарағанды және Ұлытау облыстарында өткізу керек» деген ақын өзінің бардтық туындыларының бірін салып берді.
Марал Хасен әнге құмар, өзі де «әу» деп жіберетін өнерден құралақан емес еді. Әсіресе «Ақылбайдың әнін» салғанды, тыңдағанды ұнататын. Еске алу іс-шарасында жыршы, термеші Сұлупан Сұлтанова жырдан шашу шашты. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тазагүл Әбдікәрімова, Марал Хасеннің бауыры Аманғазы Жарылғапов, «Адырна» порталының жетекшісі Арман Әубәкір жылы лебізін білдірді. Осы жолдардың авторы да ұсынысын айтты. Марал Хасен проза, ғылыми еңбектермен қатар бірнеше пьесаны аударды. Атап айтқанда, белгілі жазушы-драматург Думан Рамазанның «Көкжал», «Алланың әмірі» шығармалары мен бес әңгімесін, «Кенесары-Күнімжан», «Абылай хан» драмаларын, Сая Қасымбектің «Кім кінәлі?» бастаған бірнеше пьесасын орыс тіліне тәржімалады. Еліміздегі орыс театрларында ұлттық драматургиялық шығармалар тапшы.
Аталған туындыларды сол театрларда сахналауға болады деп есептейміз. Бұл сөзіміз орыс театрлары басшылары мен режиссерлердің құлағына алтын сырға болса екен дейміз.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ