Жақынына жұғымы болмаса…
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/image_l-780x470.jpg)
1989 жылдан бастап жұмыс істейтін Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында зейнет жасындағы, І және ІІ топтағы мүгедектер, кісінің көмегі мен күтіміне қарап қалған жалғызбасты адамдар тұрады. Бір кездері қарттар үйі дегенде көбіне жалғызілікті, медициналық күтімді қажет ететін соғыс ардагерлеріне арналған қамқорлық қызметінің бірі ретінде қабылдаушы едік, кейіннен қатыгез бала-шағасының кәртамыс анасы мен әкесін апарып тастайтын орын ретінде де қарап, оған да бойымыз үйрене бастады. Бұл да өмір, тағдыр дегендей түсінуге тырыстық.
Елорданың «Көктал-1» тұрғын алабындағы Аққорған көшесі, 2 мекенжайында орналасқан, аумағы 4,5254 га, жалпы тұрғын ауданы 26136,6 ш. м. жерді алып жатқан, инфрақұрылымы дамыған кішігірім қалашықтың қызметі қандай болғанда да бюджеттің, салық төлеушілердің есебінен екенін еске салудың өзі артық болар. Мемлекеттің қамқорлығындағы қарттар үйінің бүгінгі «тұрғындарының» сипаты әртүрлі. Шын мүсәпірлерден бөлек, қуаты барында кәрілігін ойламаған, жақынына жұғымы жоқ, қартайғанда ешкімге керегі жоқ жандар Үкіметтің қайырымынан үмітті және олар жыл сайын көбейе беретіні анық. Бұл әділетті ме?! Қазіргі күнде ертеңін ойламағандар, кәрілік келіп жеткенде қайда қаларын қамдамағандар, жас күнінде қарақан қу басын ойлап, кісіге қараспағандардың ендігі жерде баратын жері қарттар үйі ме деген ой келеді. Егер солай болса, кәрі қойдың жасындай өмірі қалса да, қарттардың қамсыз тіршілігі салық төлеушілердің қалтасына неге салмақ болуы тиіс? Мемлекетке неге үміт артуы керек? Әрине, бұл – ащы да болса көбіміздің көкейімізде жүрген сауал. Адам баласы алдында не тұрғанын қайдан біледі дейміз. Бір сәтте мына әлемде жалғыз қалған адамның мүшкіл жайын осы қарттар үйінен естіп-білдік. Дегенмен бұл жалпыға ортақ жайт емес, сол себепті қарттар үйінің тұжырымын қайта қарау керек сияқты.
Адам ғұмыры ұзарып, ғаламда егде тартқандардың саны артып келе жатқан заманда мұндай үйлердің қажеттігі де артады. Әлемдегі жағдайды саралап келгенде, дамыған елдерде мұндай орталықтар көптеп саналады екен. Мысалы, Францияда 7-8 мыңдай, АҚШ-та 20 мың, Ресейде 1,5 мыңнан астам қарттар үйі жұмыс істейді. Ал 65-тен асқан қарттары 25 пайызды құрайтын Жапонияда жағдай барынша күрделі. Олар осындай үйлерде тұру үшін арнайы кезегін жылдап күтеді екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылдың аяғында Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін 281 ұйым, оның ішінде 172 ұйым стационарлық, 75-і жартылай стационарлық, 31-і уақытша, сондай-ақ бірнеше шарты бар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 3 мекеме болған. Оның 245-і мемлекет иелігінде, 36-сы жеке қолда болса, 4 ұйым – шетелдіктердің қарамағында.
Еуропада қалжыраған кезде қарттар үйіне барып тұру – қалыпты нәрсе. Әсіресе Голландияда, мұндағы қарттар үйі біздің ұғымдағы орталықтарға ұқсамайды. Көбіне үлкен қалалардың қақ ортасында, кемінде «үш жұлдызды» қонақ үйлерге келіңкірейді. Қажетіне қарай медициналық, әлеуметтік және басқа да қызметтерге алдын ала тапсырыс бере алады. Қажет болса, өзі тұрған бөлмені сатып алуына не жалдауына болады. Ақшаң жетсе болғаны. Францияда қарт адамдарға күтім арнайы пансионаттарда іске асырылады. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға қоса туыстарының да үлесі болуы шарт. Бұл елдерде де америкалықтардай қарттарын асырап-бақпағаны үшін ұл-қыздарын кінәламайды, өзімшілдікпен өткізген жылдарын да есіне салмайды. Олар үшін өмірінің соңғы кезеңін осындай үйлерде өткізуі – қалыпты нәрсе. Жасы мен денсаулығына қарай әртүрлі қызмет қарастырылған. Жетпіске жақындағандарды арнайы қауымдастықтарға бөліп қарастырады. Бұл үшін олардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік беретін арнайы аз қабатты ғимараттардан тұратын тұтас шағын аудандар салынған. Егде жастағы адамдардың бір қауымдастықта шоғырлануының астарында олардың қатарластарымен бірге, бәріне ортақ біртекті өмір сүруін қарастырғандықтан болар. Америкалық фильмдерде жиі көретініміздей, тым кәрілері пансионаттарда тұрады. Әрқайсысы соңғы медициналық құрылғылармен жабдықталған, көмек қажет болса, шұғыл шақыру түймесі болады. Күндіз-түні медбикелер қызмет етеді. Мұндай пансионаттар – үкіметтің бақылауында.
Кәрілік дендеген, өздігінен ас ішіп, дәретін өзі ала алмайтын америкалықтар да қараусыз қалмайды, оларды қарт адамдарға арналған ауруханада ұстайды. Біздегідей бір палатада бірнеше адам тұрады, деменция және Альцгеймер ауруы барларға да осы құрылымның бір бөлігі ретінде қызмет көрсетіледі.
Израильде зейнеткерлер мен аз қамтылған азаматтарға арналған әлеуметтік баспана қарастырылған. Мұның бір ерекшелігі – егде адамдар өз қажеттіліктерін өздері жасайды.
Тамақты өздері дайындайды, отырған жерлерін өздері тазалап, кірлерін де өздері жуады. Бұдан бөлек, «Бейт Авот» деп аталатын, егде жастағы адамдарға медициналық және патронаждық қызмет көрсететін, нағыз классикалық мағынадағы қарттар үйі бар. Бұл елде де қарттарды әртүрлі санатқа бөліп қарайды. Жағдайы барларға бөлек қызмет, орташа тұрмысты қарттар да шамасына қарай қызмет түрін алады, Альцгеймер және деменциядан зардап шегетін науқастар өз алдына, мүгедектер арбасына таңылғандарға, сондай-ақ ауыр науқастарға, төсекке таңылған науқастарға көрсетілетін арнайы орын мен қызмет түрлері бар.
Статистика бойынша ең бақытты қарттар Австрия, Швеция, Люксембург, Швейцария және Норвегияда тұрады екен. Бұл елдердегі жасы келісімен қарттар үйіне түсу мүмкіндігінен қорықпайды. Керісінше, көптеген жалғызбасты адамдар сапалы тамақпен, дұрыс күтіммен және құрдастарымен қарым-қатынаспен қамтамасыз етілетінін білетіндіктен, ол жаққа баруға ықтиярлы келеді.
Германияда қарттарға арналған жайдың үш негізгі түрі бар. Мұнда да өз үй шаруашылығын жүргізеді, көбінесе денсаулығына қарай тек шектеулі күтім көмегін алады. Үй-жайларды жинау, тамақтандыру және үй шаруашылығын жүргізуде бөтен адамның көмегін қажет ететіндер бөлек жайда өмір сүреді. Дәрменсіз қарияларға стационарлық көмек көрсетілетін жай тағы бар.
Соңғысы жиі кездеседі, кең тараған. Яғни неміс қарттары белі бүкірейіп, әбден қалжырағанша қарттар үйін қажет ете бермейді. Мұндағылар тегін тұрмайды. Зейнеткерлер қарттар үйінде тұру ақысын ішінара өздері төлейді, кейде бұл шығындарды сақтандыру қорынан өтеледі. 1995 жылдан бастап Германияда ұзақ мерзімді күтімді сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Жұмыс істейтін халық өз табысының белгілі бір пайызын сақтандырудың осы міндетті түріне аударады.
Бұл да озық тәжірибелердің бірі. Орташа есеппен алғанда, мұндай үйлерде тұру арзан емес.
Ережеге сай, зейнеткерлер мұндай мекемелерді жөндеу және ұстау шығынын өз жинақтарынан жабуы керек. Ата-анасының зейнетақысы мен жинақтары қарттар үйінде тұру шығынын өтемесе, балалары материалдық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Әңгіме кәрілікті сақтандырудан шығады. Алғашқы қарттар үйі Америка Құрама Штаттарында 1965 жылы құрылған екен. Содан АҚШ үкіметі 65 жастан асқан америкалықтар үшін ұлттық сақтандыру бағдарламасын жасайды. Дәл осы фактор кейінгі жылдары алғашқы мамандандырылған қарттар үйінің құрылуына түрткі болған. Тарихқа сүйенсек, қазіргі қарттар үйінің сипатына ұқсайтын, міскіндерге арналған жайлар өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап ашылған, үлкен шіркеулерде де осындай жандарға пана болған. Алайда 80-жылдардан бастап бүкіл әлемді қарттардың қамсыз тіршілігі ойландыра бастады. Біздің елімізде де басталып келе жатқан қайғысыз қарттыққа қатысты ұстанымды анықтап, оны қаржыландыру көзін реттемесе, бүгінгі тірлік барлық сұранысты қанағаттандыра алмасы анық.