Қоғам

«У» сатқандардың жазасы неге жеңіл?

«У»-ға у қосып беріп қазақстандықтарды қынадай қырып жатқан қылмысты құрықтау­ға қауқарсыздар мен оның сыбайластары туралы жақ ашпаймыз. Тажалдың атауы суррогатты алкоголь, ел арасында самопал деп жатады. Алысқа бармай-ақ, аттап бассаң табылады, аймақ емес, Астанадағы сөрелердің өзінде самсап тұр. Ішімдікті ішкендердің өзі кінәлі деп қолды бір сілтеуге болар еді, бірақ жертөледе жасалған, тұтынғанды табытқа тастайтын «у»-дан отандастарымызды құтқару үшін әрекет қылмау – жауапсыздық.

 

Біз мұнда алкогольдің акцизін көтеріп, ішімдікті қол жетпестей қымбат қыламыз деп күресіп жүргенде, заңсыз жасалған алкоголь сататындар дүкен біткенді «у»-мен толтырып, содан қисапсыз ақша табуда. Бағасы арзан ол «у»-дың. «Ішін арақ жайлаған адам сүтті де үрлеп ішеді», қолдан жасалған алкогольді бір жұтқан адам оның тұзағына түседі.

Бір қатерін айтайын, қылмыстық жолмен алкоголь дайындағандар техникалық спиртке метанол қосады екен. Салдарынан адамдар соқыр болып қалады, ақылынан алжасады, артынша тәуелді болады. Кейде алкогольден ажырай алмайтындарға техникалық спирт күйінде сатып жіберсе, ол адам тірі қалмайды.

Қазақстанда бұл сұмдық белең алып барады, қаңтарда Шымкентте қолдан жасалған алкоголь да­йындаған цех анықталды. 3 жылдан бер ерлі-зайыптылар халықты улап келген. Бүгінге дейін 309 миллион теңге табыс тапқан. Қымбат көлік пен қымбат үйде шалқып жүргендер 3 жылда мыңдаған адамды улап бітті. Тексеру кезінде цехтан 24 мың жалған акциз, 9 мың литр этил спирті табылған. Анығы, қолдан жасалған алкоголь сататындар миллиондарды қалтасына басып шалқып жүр.

Алкогольді қылмыстық жолмен дайындап сату – бұрыннан бар сұмдық, одан 2021 жылы бір ғана Шымкентте 240 адам уланып көз жұмған. 2020 жылы Қостанай мен Ақмола облыстарында алкогольге уланып, 2 күнде 15 адам қайтыс болды. Арада жылдар өтсе де, аталған адам өлтіретін заңсыз бизнестің өскені болмаса, өшкен жоқ.

«Аңдамаған у ішеді» демекші, желіде заңсыз жасалған алкогольді сатқан дүкенді әшкерелеген «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің бейнематериалы көзіме түсті. Көргенде жағаңды ұстайсың.

Белсенді жастар Астана қаласының өзінен 1 жылда суррогатты, яғни қолдан жасалған алкоголь сатқан 200 дүкенді анықтаған. Олар күніне орта есеппен 30 литр заңсыз алкоголь сатқан, мұныңыз – 60 бөтелке. Бағасын 600 теңге деп қойыпты. Қарапайым математикаға салсақ, 200 дүкен қолдан жасалған алкогольден күніне 7200000 теңге, жылына 2,6 млрд теңге табыс тауып отыр. Салдары сұмдық, 1 дүкен айына 900 литр заңсыз жасалған алкогольді азаматтарымызға сатып улаған. Осы уды аймақ түгілі, Астанада сатқандар жазадан жеңіл құтылады.

Белсенді жастар үлкен мәселені ортаға салды, суррогатты, қолдан жасалған алкогольді тауып полиция шақырса, олар дүкен иесіне Әкімшілік кодекстің 200-бабы бойынша хаттама толтырып, адам улағандар 39 мың теңге айыппұлмен құтылады екен. Ұсыныс: заңсыз жасалған алкоголь сатқандарды Әкімшілік кодекстің 283-бабы бойынша кәсіпкер ретінде жауапқа тарту.

Сәйкесінше, оларға 600 мың теңге айыппұл салып, лицензиясын қайтарып алуға болады. Мұның барлығы ұлт саулығы үшін. Аталған заңнамалық ұсыныстар дайын, уәкілетті органдар жұмыс тобында қолдайды деп сенеміз.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсыныс, БАҚ пен интернет-ресурстарда қолдан жасалған алкогольдің зардабы мен адамды өлімге әкелетін салдары туралы мәлімет молынан берілуі тиіс, ІІМ аталған «у»-ды анықтау үшін рейдтер санын көбейтіп, оған «Дала қырандары» сынды жастар ұйымдарын тартуы керек, Денсаулық сақтау министрлігі заңсыз жасалған алкогольді тұтынып, уланғандарды ажалдан арашалап қалудың тиімді тетігін қарастыруы қажет.

Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ,
Мәжіліс депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button