Руханият

Жүз жылдан кейін аударылған кітап

Елордадағы Ozgeepic жаңашыл хабы ғимаратында Алаш арысы, Түркістан автономиясының бірінші премьерминистрі, зерттеуші ғалым, тарихшы, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихы» атты кітабының қазақша жинағының таныстырылымы өтті. Екі жыл бұрын Алматыдағы AmalBooks баспасы «Таза тарих» сериясымен осы автордың «История казахского народа» атты еңбегін жарыққа шығарған. Екі жинақ та осыдан 100 жыл бұрын, 1925 жылы басылып шыққан «Материалы к истории киргиз-казахского народа» деп аталатын еңбек негіз етіп алынған. 

Таныстырылым рәсіміне осы кітаптың жарық көруіне бастамашы болған баспагер, AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, белгілі журналист, жазушы Мақпал Орынбетова, Астана қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Мәдина Ажкенова, қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші жас ғалым Ұшқын Сәйдірахманұлы, журналист-жазушы Мирас Мұқаш және мұғалімдер, журналистер, мектеп оқушылары қатысты.

«Алғаш басылып шыққаннан кейін бір ғасырға жуық уақыт өткенде құнды еңбектің қазақша жарық көруі – тарихи оқиға. Бұл жинақ тарихымызды тереңірек тануға жол ашады. Алаш арысының шығармалары қазақ тарихының ұмыт болған деректерін жаңғыртып, оны жаңа тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді» деп жазыпты Б.Бұқарбай алғысөзінде.

Жинақта М.Тынышбайұлының өмірі мен қызметіне шолумен бірге «Қырғыз-қазақ халқының тарихына қатысты материалдар», «XVII және XVIII ғасырлардағы қырғыз-қазақтар», «Инженер Тынышпаев айғақтарының көшірмесі», «Көксудың қираған жұрты және Қойлық қаласы», «Краснореченск қирандылары және Баласағұн қаласы», «Ақтабан шұбырынды» (қазақтың ұлы қасіреті мен ұлы жеңісі) деген тақырыппен берілген құнды дүниелер бар. Мәселен, Мұхамеджан Тынышбайұлы Ақтабан шұбырындының тарихы толық зерттелмегенін сол кезеңде жазып, белгілі зерттеушілер Левшин мен Бартольдтың тарихи жіберген қателіктерін ашық жазады. Автор қазақ халқы басынан өткерген қырғынның ауқымы өте үлкен болғаны соншалық, оның салдары күллі қазақтың тағдырына әсер еткенін айтады.

«Халық аңыздарында «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» деген тіркестерге қоса, «қайың сауған» деген сөз де кездеседі, яғни қайыңның қабығын ашып, шырынын ішкен. 1918 жылы ашаршылық кезінде ақсақалдар бұрын қалмақ шапқыншылығы кезінде ата-бабасының қорек еткен нәрселерін еске алған. Сол тағамдардың ішінде «жау жұлдыр» – жабайы картоп тәрізді нәрсе, «алғыр» – пиязға ұқсас, бірақ өте ащы тамыр (шикі күйінде уытты), «қозы құйрық» (саңырауқұлақтар) және басқа да өсімдіктер мен олардың тамырлары, сондай-ақ харам хайуандар болған» деп жазады М.Тынышбайұлы.

Бұл жинақтағы материалдар қазақтардың шығу тарихын жан-жақты әрі көркем тілмен әңгімелеп, қазақ халқы деген ұғымды құрайтын түп тамыр мен тармақтарды, яғни қазақтың ру-тайпаларын егжей-тегжейлі сипаттайды. Кітапта қазақ шежіресі қосымша кесте түрінде берілген. Сондай-ақ Алтын орда хандарының толық хронологиясы бар. Бұл туынды оқырман қауымға, соның ішінде тарихты зерттеушілерге, Алаш тарихын жаңа көзқарас арқылы танушыларға таптырмас дерек көзі екені анық. Өйткені М.Тынышбайұлының тарихи зерттеулері өзі сияқты қасіретті тағдырды бастан кешті: Алаш арысы «халық жауы» деп атылғаннан кейін, бұл еңбектерді оқуға, шығаруға және таратуға тыйым салынды, кітапханалардан тәркіленіп, көпшілігі жойылды.

Төлен ТІЛЕУБАЙ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button