Балабақшадағы қауіпсіздік мәселелері бойынша жиын өтті

Елорданың Кәсіпкерлер палатасында «Білім және жұмыспен қамту» салалық кеңесінің отырысы өтіп, онда балабақшалардағы санитарлық талапты күшейту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Отырыс Астана қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаеваның кіріспе сөзімен басталды. Ол өз сөзінде білім беру ұйымдарындағы санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және денсаулық жағдайын жақсарту үшін әртүрлі мемлекеттік органдардың тығыз ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. Негізгі назар мектепке дейінгі жастағы балалардың иммунологиялық қорғауына аударылды.
Қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Жанна Пралиева балаларды инфекциялық аурулардан қорғау үшін уақытылы вакцинация жасаудың маңыздылығын түсіндірді. Ол иммунологиялық қорғаудың балалар арасында аурулардың таралуын болдырмаудың негізі және олардың денсаулығын қамтамасыз етудің басты жолы екенін айтты. Сондай-ақ Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс иммунологы Ольга Инякина вакцинациямен қамту деңгейін арттыру, медициналық қызметтер мен білім беру ұйымдары арасындағы үйлестіруді жақсарту қажеттілігі туралы өзекті мәселені көтерді.
Отырысқа қатысушылар пікір алмасып, мектепке дейінгі білім беру және санитарлық қауіпсіздік саласындағы жұмысты жақсарту үшін ұсыныстар ортаға салынды.