Сахна сыртындағы тіршілік

Опера және балет театры жайлы ойласақ, көз алдымызға ең әуелі әсем декорациялар мен костюмдер, әртістердің таңғаларлық өнері мен жаңа қойылымдар келеді. «Астана Опера» театрында – сахна сыртында көрермен біле бермейтін тіршілік бар. Соның бірі театр қызметкерлерінің жағдайын жасайтын аспаздардың қазаны оттан түскен емес.
Асхана жұмыскерлерінің айтуынша, мұндай кәсіп тәжірибе, кәсіби шеберлік қана емес, әртістермен жұмыс істеу ерекшелігін де қамтиды. Аспаз – барлық уақытта да өзекті мамандық. Оның шеберлігі мен білігі алты дәреже бойынша бағаланып, тағамды өзі ойлап тауып, өз мәзірімен дайындап шығаратын мастер-шеф деп бөлінеді. Ал төртінші санаттағы Сәуле Юлдашева – театр асханасының бас аспазы.
– Мәзірді құрған кезде біз әрдайым дұрыс тамақтануға назар аударамыз және әртістердің нені ұнататыны жайлы да ұмытпаймыз. Мәселен, балет солистері майлы емес сорпаны ұнатады, әсіресе асқабақ, саңырауқұлақ сорпасын, крем-сорпаны және брокколи қосып дайындалған сорпаны жақсы көреді. Опера әртістері тауық пен сиыр етінен әзірленген палауды сүйіп жейді. Ал әр бейсенбі – бізде балық күні, сондықтан мәзірден міндетті түрде балық сорпасы мен қуырылған балықты табасыз, – дейді ол.
Бес баланың анасы Сәуле Юлдашева бар білгенін балаларына да үйретуден жалықпайды. Өзінің анасы 40 жыл аспаз болып жұмыс істеген екен. Сәуле де жасынан анасына көмектесе жүріп, түрлі тағамды дайындаудың құпиясын өз бойына сіңіріпті. Бәлкім, анасынан қалған фирмалық «әже» сорпасы мен «ташкенттік» палауын әртістердің жақсы көретіні сондықтан болар.
Аспаздар әртістерге күш-қуатын арттырып отыру керек екенін біледі, сондықтан таңнан бастап сөреде сүзбе қосылған құймақ, компот, ботқаның түрлері, омлет, қуырылған нан, салаттар тұрады. Ал түскі асқа лағман, тұшпара, манты, хинкали, француз бен ауыл рецепті бойынша дайындалған, картоп, пияз қосылған бауыр және бауыр торты дайын болады. Көбі дымляма, көкөніс пен тауықтың төс етінен дайындалған тамақты, балық пен картоп езбесін, жеңіл көкөніс сорпасын жақсы көреді.
«Астана Опера» театрының 9 адамнан құралған аспаздар тобы көкөністер, ет және сүт өнімдерін қоса алғанда, жаңа піскен әрі табиғи азық-түлікті пайдаланғанды жөн санайды. Бұл дәмді ас пісіруге ғана емес, әртістердің денсаулығын қалыпта ұстауға мүмкіндік береді. Алайда тәттілер қойылған сөрені де айналып өту мүмкін емес. «Балет әртістері тәтті жемейді» деген көпшіліктің пікіріне қарамастан, аспаз-кондитер Света Жанысова балет бишілері кейде өздеріне тәтті тоқаш пен торт тілімінен ауыз тиюге рұқсат ететінін айтады.
– Ас әзірлегенді жақсы көремін, бұл сүйіспеншілікті бойыма анам сіңірді, бұрын үйде небір-небір тәттілерді көп пісіретін едік. Уақыт өте келе бұл әуестіктің мамандыққа айналғанын қалайтынымды түсіндім. Әлбетте, содан кейін аспаздар курсын бітірдім, қазір де өзімді үнемі жетілдіріп отыруға тырысамын. Білесіз бе, кондитерлік істің де өз сәні бар, мысалы, қазір «Сникерс» торты мен банан қосылған тортым сұранысқа ие, ал шамалы ғана уақыт бұрын ірімшік пен йогурт қосылған тоқаштарға әуестік жоғары еді. Келушілер «Құс сүті» тортын және «Бал» тортын да жақсы көріп қалды. Қазіргі таңда меренга рулетін ұнатып жүр. Сондықтан мен әрдайым жаңа рецептерді үйреніп, уақытпен бірге қадам басуға бар ынтамды саламын. Бұл істе аспаздық блогтар мен ғаламтордағы шеберлік дәрістері жақсы көмектеседі, – деді Света Жанысова.
«Астана Опера» әртістері сахнаға шығарда немесе дайындықтары аяқталғанда өздерін театр асханасында Сәуле Юлдашева бастаған шеберлердің тәтті тағамдары күтетінін жақсы біледі.
Айгүл УАЙС