Мәдениет

«Есімдер» жобасының концерті аншлагпен өтті

«Астана Балет» театры өткен демалыс күндері классикалық музыка сүйер қауымға «Есімдер» бірегей жобасы аясында ұмытылмас симфониялық және аспаптық өнер кешін сыйлады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

«Есімдер» жобасының мақсаты – дүниежүзінде еліміздің музыка мәдениетінің символына айналған Қазақстанның танымал солисттері мен көрнекті музыканттарын бір сахнаға жинау.

«Есімдер» жобасы аясында тек елде ғана емес, шетелдерде де жетістікке жеткен отандық классикалық музыканың көрнекті өкілдері Әмір Тебенихин, Жәния Әубәкірова және Марат Бисенғалиев өнер көрсетті.

Концерт ұйымдастырушылары репертуарды мұқият таңдаған. Музыкалық кештің бірінші бөлімінде театр оркестрінің орындауында Франц Шуберттің әйгілі «№ 8 симфониясы» («Аяқталмаған») орындалды.

Концерт барысында «Астана Балет» театрының сахнасында симфониялық оркестрмен бірге бүгінгі музыканың жарқын өкілдері, танымал халықаралық байқаулардың лауреаттары – скрипкашы Қаламқас Жұмабаева, виолончелші Ермек Құрманаев, сондай-ақ пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір Тебенихин өнер көрсетті. Олар 1803 жылы Людвиг ван Бетховен жазған әйгілі «Үштік концертін» шебер орындады.

Музыка тарихына «Үштік концерт» солистер мен оркестрге арналған ең керемет шығармалардың бірі ретінде танылған. Оның күрделілігі мен әсемдігі орындаушылар арасында ерекше құрметке лайық, ал драмалық дамуы мен шеберлігі осы күнге дейін тыңдармандарды баурап алады.

«Есімдер» жобасы әлі де жалғасын табады. Көрермен қауым танымал музыканттар мен әртістердің өнерін тамашалай алады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button