Құсбегіліктен елордалық жасөспірімдер – жеңімпаз

Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Көксәйек ауылында өткен құсбегіліктен жасөспірімдер мен жастар арасындағы XVI Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ауа райының тұманды әрі күрделі жағдайына қарамастан, қыран баптаған құсбегілер жарысқа тас-түйін дайындықпен шығып, шеберліктерін көрсетті.
Жарыстың алғашқы күні жасөспірімдер арасында өтті, онда 22 бүркіт, 27 қаршыға және 10 ителгі бақ сынады. Ал екінші күні жастар арасында өткізілген сынға 22 бүркіт, 21 қаршыға және 9 ителгі қатысты.
Ел чемпионатына Астана қаласының спортшылары қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жасөспірімдер арасында бүркіт құсын салудан Ерасыл Серікбекұлы алтын медальға ие болды. Қаршыға құсын салудан Диас Кунтуған, ал ителгі құсын салудан Ерасыл Серікбекұлы үздік үштікке енді.
Бұл чемпионатқа еліміздің 9 облысынан (Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Ұлытау) және екі ірі қаласынан (Астана, Алматы) келген үздік құсбегілер ұлттық өнерімізді дәріптеп, өзара мықтыны анықтады.