Жаңа заманның жұмысшылары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп атады. Қазір – нарық заманы. Ортақ еш дүние жоқ. Дамыған елдер осы тәртіппен өмір сүріп, ойға келмейтін фантастикалық істерге қол жеткізіп жатыр.
Соларға қарап «шіркін, бізде неге солай болмай тұр?!» деп ойлайсың. Бізге де сондай технология, жұмыс қатынасы кірсе екен деп армандайсың. Дегенмен жаңа технологияны басшылыққа алып, жұмыс жүргізіп жатқан жастар жоқ емес. Мәселен, Астана қаласында Ноян Раптаев деген азамат басқаратын «Қарағанды сервис» деп аталатын шағын кәсіпорында қазіргі заманғы технологиялармен жұмыс жүргізу қолға алынған. Бұл кәсіпорынның филиалдары Қарағанды және Ақтау қалаларында жұмыс істейді. Негізі, бұл кәсіпорын жапон автомашиналарын жөндеумен айналысады және де жай бұзып, тас-талқан қылып шашып, қайта жинау ғана емес. Келген көлікті алдымен компьютерлік томографиядан өткізеді. Сосын көлік иесімен келісе отырып, ең оптималды жолмен жөндеу немесе айырбастау ісін жүргізеді. Ең бастысы, жөнделген немесе айырбастап салынған сайман сол көлікке дәл, зауыттан шыққанмен бірдей болады. Бұл тәртіп – бекітілген қағида. Одан ешуақытта таймайды. Оған мысалды ризашылыққа толы чат хабарларынан көруге болады.
Осындай жауапты жұмыс жасай отырып, ұжым басшысы жұмыс орнын жаңарту, жаңа технология кіргізуді тоқтатпайды. Былтыр жаңадан 5 орындық техникалық жөндеу орталығы іске қосылды. Бұл жұмыс орны қалалық коммуникацияларға қосылған, іші жылы, кең, автоматикасы мүлтіксіз істеп тұрады. Осы ұжымды тиімді басқарып отырған Ноян Ақжолтайұлының қолынан компьютер түспейді. 2003-2008 жылдары «Тойота» орталығында жұмыс істеп, білігі туралы сертификат алған. Екі жоғары оқу орнын тәмамдаған. Ал осы ұжымда қолынан құрал-сайманы түспейтін жұмысшылар келген адамдармен өте мәдениетті, кішіпейіл. Осындай ширақ жұмыс істейтін мекемелер молайса, жастарымыз оларға тартылса… Экономиканың алға басуы осындай ұжымдардан құралады.
Бейсембек ӘЛКЕНОВ,
Астана қаласының тұрғыны, кәсіпкер