Мәдениет

«Түлкілітаудың аспаны» таныстырылды

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі журналист, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Бұған дейін публицистикалық бағытта екі және ғылыми сипатта бір кітабы шыққан әріптесіміз бұл туындысымен әдебиет әлеміне қадам басып отыр.

«Түлкілітаудың аспаны» повесі, «Ақбөкен жылаған түн», «Ақ көгершін» және «Гүлсараның махаббаты» әңгімелері енген кітап негізінен жасөспірімдер мен жастарға арналған.
Адамға жақсы қасиеттер туған топырақтан, әкенің қаны, ананың сүтімен дариды. Әлемдік классик Гете «Ақынды танығың келсе, туған жеріне бар» депті. Бұл сөзді ақынға ғана емес, кез келген қаламгерге қатысты айтуға болады.

Төлен туған Қарағандының Ақтоғайында Қуаныш деген ауыл бар. Кезінде осы топырақтан шыққан қазақтың тұңғыш математигі, Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков туған жеріне әйгілі этнограф Григорий Потанинді ертіп әкеліпті. Орыс ғалымы сонда Қуаныштың ақсақалдарынан 27 ертегі жазып алған екен.

Бұл деректі күні кеше ғана дүниеден озған мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Қайырбек Сәдуақасовтың аузынан естіген едік. Сол Қуаныш ауылынан балалар әдебиеті бағытында көп қалам тербеген белгілі ақын Жеңіс Қашқынов та шықты. Сондықтан Төленнің бұл сүрлеуге түскені заңдылық секілді.

«Түлкілітаудың аспаны» кітабы өткен жылдың аяғында баспадан шықты. Қазір оқырмандар оқып, өз бағаларын беріп жатыр. Таныстырылымда да әңгіме, негізінен, кітап жөнінде өрбіді. Жазушы, қонаевтанушы Ораз Қауғабай тілегін айтып, жаңа кітабын сыйлады. «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков кітап жөнінде пікірін жеткізді. Төленнің жерлес ағасы, белгілі журналист Оралбек Жүнісұлы автордың иығына қазақы жолмен шапан жапты. Танымал композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кентау Назарбек кітаптың тәрбиелік мәні жөнінде әңгіме қозғады. Белгілі ақын Ғайсағали Сейтақ авторға кеңес берді.

Төленнің курстасы Саян Қуанышбайұлының ойы «автор шығармасында өзін жазады» дегенге сайды. Әйгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай көрнекті композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың «Елегізу» атты элегиясын әуелетті.

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button