Мәдениет

Зияткерлік ойын және жастармен жүздесу

Астана қаласы әкімдігінің Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Тарих. Таным. Ізденіс!» тақырыбында қысқы зияткерлік ойын өтті. Ал Сары­арқа ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері колледж студенттерімен кездесті.

 

Зияткерлік ойынға елордадағы бес орталықта 62-84 жас аралығындағы қызмет алушылардан құралған 7 команда қатысты. Әр команда құрамында 10 адамнан болды. Сайыс шағын концерттік бағдарламаға, әдеби-сазды кешке ұласты.

Өткен маусымда Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы күзгі зияткерлік ойынның жеңімпазы атанды. Ал бұл жолы Сарыарқа ауданының «Сарыарқа» ойын тобы жеңіске жетіп, ауыспалы кубокты еншіледі. Байқоңырдағы орталықтың «Зейін» және «Зерде» ойын топтары жоғары дайындық көрсетіп, І және ІІ орындарды иемденді. «Сырсандық» командасы үшінші орынға ие болды. Жалпы барлық командалар жақсы дайындықпен келгендігін көрсетті.

Менеджмент, бизнес және білім беру колледжінің қабырғасында студент жастар мен зейнеткерлер арасында өткен кездесу «Сенің мамандығың – сенің болашағың!» аталды. Жастарды еңбекке баулу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара Жұмысшы мамандықтары жылына орайластырылды. Іс-шарада Сарыарқа ауданының ісмер әжелері өздерінің қолдан дайындаған бұйымдарын көрсетті.

Еңбек терапиясы үйірмесі ұйымдас­тырған көрмеге картиналар, ұлттық бас киімдер, тоқыма киімдер, ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылды. Студент жастарға орталықтың тігінші және аспаз әжелері өздерінің еңбек жолын баяндап беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу соңында екі буын өкілдері өз өнерлерін ортаға салды. Өнерлі жастар мен зейнеткерлер ән айтып, би билеп, музыкалық аспапта ойнады. Сарыарқа ауданының сәнқой әжелерінен құрылған «Кербез_models» тобы ұлттық киімдер топтамасын көрсетті. Биші ата-әжелердің «Элегенд-­Дэнс» би тобы вальс биін биледі. Іс-шара соңында сөз алған колледж басшылығы зейнеткерлерге алғысын білдіріп, естелік сыйлықтарды табыстады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button