Елорда тынысы

Белсенді оқушылар байқауы

Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Үздік мектеп парламенті» байқауының қалалық іріктеу кезеңі басталды. Оқушылардың көшбасшылық қабілетін шыңдауға бағытталған байқауда 39 мектептің дарынды білім алушылары бақ сынайды.

 

Байқау мектеп парламенті қызметін жандандыру, оқушылардың алған білімін өмірлік тәжірибеде қолдану дағдысын қалыптастыру, креативті дамыту, ғылыми-шы­ғармашылық қабілетін жетілдіру ­көздейді.

«Мектеп парламенті білім беру технологиясы ретінде жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеуге ықпал етеді. Осы арқылы жастар сыни ойлау, көшбасшы болу, қоғамдағы мәселелерге көзқарасын білдіру секілді қабілеттерді игереді. Қалалық кезеңнің жеңімпаздары Қызылорда қаласында өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алады» деді ­М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы директорының орынбасары Айымгүл ­Жабаева.

4 кезеңнен тұратын сайыс барысында әр топ өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға арналған бастамаларымен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасады. «Біз біргеміз» атты алғашқы кезеңде оқушылар шығармашылық идеяларын ортаға салса, «Жылдың үздік жобасында» түрлі тақырып бойынша өз жобаларын таныстырады. Үшінші кезеңде жағдаяттарды шешіп, сыни ойлау қабілетін көрсетуі қажет. Соңғы кезеңде пікірсайыс қозғалысын насихаттау, экологиялық бастамаларды көтеру және өзге де әлеуметтік тақырыптарда ой бөліседі.

Елордада алғаш рет өткен тартысты додада тың идея ұсынған жасөспірімдер көп. Солардың бірі – №73 мектеп-лицей оқушысы Тимур Әлиев.

«Әр мектеп білім алу ордасы ғана емес, оқушының тұлғалық болмысын ашуға ықпал ететін ошақ екені сөзсіз. Оған мектеп қабырғасындағы парламенттер тікелей атсалысады. Біздің топ «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде ұлттық құндылықтар мәнін барынша дәріптеуді мақсат етіп отыр» деді оқушы.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button