Германияда тегін білім алады

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Астанада «FAV Service gGmbH» мен «URBAN» колледжі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім негізінде халықаралық кәсіби білім беруді дамытып, Қазақстан жастарының Германияда білігін арттыру көзделген.
Екіжақты ынтымақтастық 18-26 жастағы жастарға қолдау көрсету, халықаралық ортада оқыту арқылы білікті кадрларды дамыту, сол арқылы еліміздегі кәсіби даярлық деңгейін арттыруға бағытталған.
– Біздің колледж түлектері аталған келісім шеңберінде Германияның «FAV Service gGmbH» компаниясында тәжірибе алмасып, дуальді оқыту жүйесі негізінде білімін арттыра алады. Білім алушыларға өздеріне сәйкес келетін техникалық мамандықтар бойынша 3 жыл көлемінде тегін оқу мүмкіндігі беріледі. Ай сайын 900 еуро көлемінде шәкіртақы беріліп, студенттің тұруына да қаржы бөлінеді. Аталмыш компаниямен келісім Қазақстан бойынша алғаш рет біздің колледжде жүзеге асты, – деді өз сөзінде «URBAN» колледжі директорының оқу-өндіріс жұмыстары бойынша орынбасары Дархан Жоламанұлы.
Бастама жұмысшы мамандықтарын дәріптеп, кәсіби кадрларды дайындау арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Бұл жоба халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам болып, Қазақстан мен Германия арасындағы кәсіби-мәдени байланысты нығайтады, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлауға елеулі үлес қоспақ.
Индира Бержанова