Цифрлық дағдыны үйретіп жүр

«Joltap» жобасындағы «Базалық цифрлық дағдылар» курсын оқытушы Диас Махатов 2024 жылдың сәуір айынан бері беріп келеді. Осы уақытқа дейін ағылшын, математика және цифрлық сауаттылық бойынша жеке дәріс жүргізген ол бүгінде жоба қатысушыларына цифрлық дағдыларды үйретуде.
Айтуынша, елордалықтардың заман талабына сай цифрлық сауатты болуға деген қызығушылығы жоғары.
– 5 күндік «Базалық цифрлық дағдылар» оқыту курсында компьютермен жұмыс істеу тәсілдері түсіндіріледі. Microsoft Office-ті пайдаланудан бастап қажетті бағдарламаларды орнату әдістері де көрсетіледі. Курс барысында практикаға көп мән беріледі. Жоба аясында жабдықталған кабинетте цифрлық дағдыларды үйренуге болатын қажетті құралдар бар. Студенттерге алдымен теориясын түсіндіріп, кейін практикалық жұмысқа назар аударамыз. Әр студент жеке компьютерде жұмыс істей алады. Осылайша олар күнделікті өмір мен жұмысқа қажетті дағдыларды үйреніп жүр. Олардың әрқайсысы цифрлық әлемде қажет болатын практикалық дағдыларға ие болды. Енді олар компьютерді тиімді пайдаланып, кеңсе бағдарламаларымен жұмыс істеуді біледі, – деді Диас Махатов.