Архивке қашан жарық түседі?

Нұржан СӘДІРБЕКҰЛЫ, тарихшы-генеалог зерттеуші. 1982 жылы туған. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің тарих факультетін бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратурасын тәмамдайды. Қазақ энциклопедиясында, Алаш тарихын зерттеулер орталығында ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. Қазіргі таңда тарихшы генеалог ретінде жеке жұмыс істейді. Сонымен қатар Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі.
– Сіздің зерттеу тақырыбыңыз қазақ шежіресі, генеалогия, елімізде тұрып жатқан этностардың шежірелік деректерін зерттеу болса да, бұл сұхбатымызда мұрағаттардың бүгінгі жағдайын тарқатсақ бола ма?
– Мені осы архивтерді сынағыш деп жақтырмайды базы бір кісілер. Жақсы ниетпен айтқан сөзімді жаманға жорып, «хайп» қуған, бас пайдасын ғана ойлайтын арызқой дейтіндер де бар. «Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» дегеннің кері шығар. Елдің архив саласын қолында ұстаған шенеуніктерде өзімбілемдік, әшки сүртушілік, әрекетсіздік, ысырапшылдық, ұйымсыздық байқалады. Құжаттардың сақталу жағдайына байланысты айтар болсам, кейбір құжаттар жоғалған немесе басқа елдердің архивтеріне беріп жіберілген. Және елімізде көптеген активтерде құпия архивтері бар олар мүлдем қолжетімсіз. Соңғы кездері осы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының аясында көптеген құжаттағы құпиясыздандырылды. Бірақ әлі де құжаттарды құпиясыздандыру ісі толығымен аяқталған жоқ. Қуғын-сүргін тарихына қатысты көптеген құжаттар әлі де құпия активтерде жатыр. Оның әрине, белгілі бір саяси себептері болуы кәдік. Бұдан бөлек, ашық архивтердің өзінде көптеген құжаттар зерттеушілерге қолжетімсіз болып отыр. Қазіргі заманда интернет технологияларды жоғары дамыған заманда бәрібір архив цифрландыру дәрежесі ең төмен, ең қолжетімсіз мекеме болып отыр.
– Әлемдік мұрағаттарда көптеген озық тәжірибелер бар, алысқа бармай-ақ, көрші Ресейде архив саласы оқ бойы озып кеткен екен.
– Ресейдің архивтері цифрландырып, опистері аты-жөндері толығымен сайттарына салынды. Ол жерден көріп онлайн-тапсырыс беруге болады. Мысалы, Астрахан архивінде көптеген құжаттардың электрондық нұсқасы салынды, электрондық нұсқалар кейінірек зерттеушілер тарапынан мәтін түріне айналдыруда. Бір мысалы татар, башқұрт бауырларымыз метрке кітаптарын цифрландыру, аудару ісін жақсы жасады. Том-томдаған кітаптарды он жыл бұрын баспадан шығарды. Сайттар жасап, мәліметтермен толтырып қойған. Ал Москва архивінде кейбір нұсқалары онлайнда тұр. Тарихқа жанашырлық таныту деген осындай болады. Бірақ біздің елде әлі сол «круглый даталарды» тойлап жүр. Тарихты халыққа жақындату үшін, ескі метрке кітаптарын қазақ тіліне аударып, жеткізу керек. Шежіреміздің, тарихымыздың негізі осында жатыр. Ескі метрке кітаптары бүткіл Архив қорының бар болғаны 1-2% ғана құрайды. Бұлардың жалпы көлемі осындай аз болғандықтан, электрондық нұсқасын жасау көп қиындық туғызбайды. Басым көпшілігі қазақтардан құралған Бөкей ордасының, Орал метрке кітаптарын аударуды Жантас Сафуллин, Qazybek Quttymuratuly бастаған азғантай топ бастап кетті. Бірақ қаражат, қолдау болмаған соң өкінішке қарай, тоқтап қалды. Әсіресе, халық санағы мәліметтерін бірінші кезекте цифрлық жүйеге келтіріп, жалпы халыққа қолжетімді ету. Бұл шежіремізді толықтыруға көмектеседі. Мысалға айтайық, бүкіл Ақмола, Көкшетау өңірінің 1917 жылғы халық санағы дәптерлері бар. Осылар цифрландырылса, барша халыққа онлайн түрде қолжетімді болса дейміз. Бұл деректер жарияланбасын деп тыйым салуға ешкімнің қақысы жоқ! Жариялансын, жалпыға бірдей қолжетімді болсын деп айтқан кісінің бас пайдасы да жоқ!
– Архив құжаттарды цифрландыру сонау 2005-2007 жылдан бері айтылып келе жатса да өзгеріссіз қалған ба?
– Дәл бүгінгі күні бұл үрдіс орнынан қозғалған жоқ. Кезінде электрондық архив жүйесін жасаймыз деп, бюджеттен көптеген миллион қаражат аударылып, ақыры ізсіз құрдымға кетіп, нәтижесіз қалды. Оның былығы аудиторлық есеп тексеріс кезінде баспасөзде ашық жарияланды. Бәрімізге белгілі. Еліміздегі әр архив электронды тәртіп жүйесіне қосылды дейді, бірақ бұл архив жұмысын реттейтін тек ішкі жүйе болып отыр. Архив ісі дамыған елде архивтердің опистері цифрландырып жатыр. Цифрландыру дегенде алдымен құжаттың электронды көшірмесі алынады, одан кейін мамандар оны оқып, тексті теріп шығады. Ол болашақта индексация болуы үшін қажет. Бір адам бір жер атауына байланысты «Бес терек немесе Үш терек ауылы» деп іздеген кезде осы сөз арқылы қандай дерек қай архивте жатқанын біледі, онлайн қол жеткізе алады. Құжаттардың опистерді қазақша айтқанда, тізімдемелерді цифрландыру өте маңызды. Әзірге, еліміздегі коррупция деңгейінің жоғарылығы, бюрократиялық аппараттың өте ауыр қозғалуына байланысты, менің ойымша, архивтер ең консерваторлық, ең керітартпа ұйым болып отыр деп айта аламын. Архивке қаражат бөлінбейді деген сөз өтірік. Cебебі мемлекеттік сатып алулар сайтына кіріп, бұрындары архивке бөлінген қаражаттарды тексерсеңіз, өте қомақты қаражаттар құйылған саланың бірі екеніне көзіңіз жетеді. Сол шамада архивтер электронды құжат жүйесін жасап жатырмыз деп «DATA центрлер» құру үшін миллиондаған сомада қаражат алған. Нәтижесінде барлығы бірдей орталық құра алмады, ақша желге ұшты. «DATA центр» деген бірнеше жүздеген компьютерлерден құралған арнайы бөлме, ақпараттық қуат сол жер жерде жиналады, мұны «жад қоймасы» деп айтса да болады. Сол жерде құжаттардың цифрланған көшірмелері жиналып, кабельдер арқылы интернетке қосылып тұрады. Интернеттің миы десе де болады. Бұл өте көп қаражатты талап етеді. Мүмкін қаражат түскен соң көп нәрсе жасалған шығар, онда жасағанын жұртқа көрсетпеді, не шала жасалды, ең жаманы, әншейін қағаз түрінде қалып қойған болуы керек.
– Қанша дегенмен елімізде үлкенді-кішілі архивтер жұмыс істеп жатыр ғой.
– Архив, негізінен, әлеуметтік сұрауларды қанағаттандыруға басымдық береді. Яғни, адамның жасына байланысты зейнетке шығу кезінде жұмыс өтіліміне байланысты қысқа мерзімде анықтама береді. Ғылым үшін емес, жеке тұлғаның сұранысын орындау үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда мына мектеп қашан ашылды немесе пәленше деген кісінің атасын іздеп жүр едім немесе пәлен жазушы қай жерде өлді деген сияқты сауалдардың жауабын беруде мүдіреді. Олар үшін зейнеткерлердің әлеуметтік сұраулары бірінші кезекте, бар жұмысын соған қарай икемдеп алғандай көрінеді. Әрине, ол да қол байлайды, штаттың саны өте шектеулі.
Бұл мәселеден шығудың жолы – барлық құжаттарды цифрландырып, сайтқа жүктеп, сол арқылы ізденуші өзіне керек мәселесіне қатысты деректерді оқып алуға мүмкіндік жасау керек. Бұл музейтанушы, филологтар, тарихшылар мен жеке әулетінің тарихын зерттеуші жай адам үшін де керемет іс болар еді. Архив саласы қашан цифрланады деп күтіп жүрген әртүрлі саланың мамандары өте көп. Шетелде оқып жатқан біздің студенттер де мүдделі. Мысалы, қазақ ұлттық киімдерінің тарихын зерттеп жүр едім, сол туралы архивте қандай деректер бар деп сұрайды. Мәлімет көп, келіп зерттейсіз деймін. Мұхиттың ар жағында отырған студент интернетте жоқ па деп тағы сұрайды. Жоқ!
– Бұл мәселенің бір жағы болса, мұрағат құжаттарын тану, шын мағынасына бойлау да зерттеуші үшін маңызды ғой. Ақпаратты халыққа дұрыс жеткізу үшін ғалымға қаншалықты дайындық қажет?
– Иә, мұрағат құжаттарын тану өте маңызды және бір ғана қорды зерттеп емес, бірнеше қорды зерттеп және жан-жақты зерттеу қажет. Бір ғана табылған құжаттың негізінде жалпы баға беру өте қауіпті. Бір нәрсе туралы толық тұжырым жасау үшін бірнеше құжатқа сүйенген кезде толық дәлелді дәйекті тұжырым болып шығады. Сондықтан зерттеушілер архивте өте көп уақытын арнайды. Кейде бір маңызды деректерді табу үшін тұтас архивтің 10 мыңнан 50 мыңға дейінгі құжатын сүзіп шығу керек болады. Ал зерттеушілер әсіресе жас мамандар күрделі тақырыптардан айналып өткісі келеді. Бірінші себебі архивтер қолжетімді емес, екінші себебі бұл жұмыстың машақаты өте көп, көп уақыт алады. Қазіргі кезде мәдениет министрі тарапынан шыққан бұйрық бойынша бүкіл архив құжаттары көшірмесін алу ақылы негізде болады деп жазылған. Осы бұйрыққа сүйеніп қазіргі кезде барлық архивтер құжаттардың көшірмесін ақылы ете бастады. Бұл, әрине, дұрыс емес, бұл зерттеушілердің қалтасын қағады. Алайда тек қазақ ғалымдары зерттеуі тиіс дүниелер шаш-етектен. Еліміздің ең бай архиві Орталық мемлекеттік мұрағаттың 1,5 миллионнан астам құжаттары бар. Бір Өзбекстанда ХІ ғасырдан бастап деректер қамтылған, қала және аудан орталықтарындағы мұрағаттарды айтпағанның өзінде екі жүзден астам мемлекеттік архивтің құжаттарын мәпелеп отыр. Онда Қазақстандағы бұрынғы замандағы мешіттер, медреселері, вакуфтар туралы құжаттар бар. Ол құжаттар өзбекстандық зерттеушілердің назарын аудармайды, аз керек қылады. Ресейдегі сондай Қазақстандағы мешіт-медреселері туралы көптеген құжаттар бар. Бұл медреселерде қызмет еткен имамдар туралы көптеген мәліметтер бар. Оның да қазақ зерттеушілерінен басқа ешкімге керегі жоқ. Соны түсінуіміз керек.
Айгүл УАЙС