Жетім балалардың тәлімгерлері психологиялық даярлықтан өтеді

Биылғы жылдың ақпан айында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тәлімгерлерін оқытуды міндеттейтін заңға қол қойылды. Оқытуды тәлімгерлік жөніндегі ұйымдар жеке қаражаты есебінен жүргізеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
2024 жылы Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетуге бағытталған тәлімгерлік институты енгізілген болатын. Аталған механизм білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерін 10 жастан бастап өз бетінше өмір сүруге дайындауға мүмкіндік береді.
Тәлімгер болуға еліміздің кәмелет жасына толған және қорғаншыларға қойылатын талаптарға сәйкес келетін азаматтары үміткер бола алады. Міндетті оқытудан өткеннен кейін тәлімгерлерге біліктілігін растайтын сертификат беріледі. Одан кейін тәлімгер, қорғаншылық және қамқоршылық органы, сондай-ақ білім беру ұйымы арасында ресми келісім жасалады.
Алдағы уақытта тәлімгерлік жүйесі қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау жүйесінің маңызды бөлігіне айналады. Бұл олардың қоғамға қиындықсыз бейімделуіне және болашақта өмірден өз орнын табуына септігін тигізеді.