Геннадий Головкин елордада студенттермен кездесті

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Астана қаласында оқитын студенттермен кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
2004 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері студенттермен өзінің өмірлік қағидаларымен бөлісіп, спорттағы жетістік жолын баяндап, жас ұрпаққа құнды кеңестер берді.
Әңгіме барысында Головкин жастық шағын, спорттағы алғашқы қадамдарын және мансабында не нәрсе жігерлендіргенін еске алды. Ол табысқа жетуде басты рөлді мақсатқа ұмтылыс, тәртіп пен дұрыс орта атқарғанын ерекше атап өтті.
Кездесуде қатысушылар Головкиннің кәсіби мансабынан бөлек, оның өмірге деген көзқарасына да қызығушылық танытты. Қазақстан ҰОК басшысы қорқыныштарды жеңу жолдары, өмірде дұрыс басымдықтарды анықтау және маңызды нәрсені пайдасыз заттардан ажырата білу туралы ойларымен бөлісті.
— Елімізде белсенді, амбициясы жоғары жастардың көп екені қуантады. Сіздермен кездесіп, тәжірибеммен бөлісуге және бастамаларыңызды қолдауға мүмкіндік алғаныма ризамын.
Сіздерге айтарым — қиындықтардан қорықпаңыздар, батыл мақсаттар қойып, соларға нық сеніммен ұмтылыңыздар. Армандарыңыз үшін аянбай еңбек етіңіздер, өздеріңізге сеніңіздер және ешқашан тоқтамаңыздар. Нағыз жетістік — өзіңнің мүмкіндіктеріңнің шегіне жетіп, тұлғаға айналғаныңды сезіну, – деп Головкин студенттерге үндеу жасады.
Одан бөлек, ол Қазақстан ҰОК президенті ретіндегі жұмысы туралы да айтты.
— Менің қызметім, ең алдымен түрлі спорттық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы беделін арттыруға және танымалдылығын нығайтуға бағытталған, – деді Қазақстан ҰОК басшысы.
Айта кетейік, кездесулер ашық дәріс форматында өтті және студенттер үлкен қызығушылық танытты. Қатысушылардың айтуынша, бұл мазмұнды әңгіме олардың болашаққа бағдар алуына септігін тигізбек.
Бұған дейін бүгін бокстан «Странджа» турнирінде ел құрамасынан кімдер сынға түсетінін жазған едік.