Қала құрылысы мен тұрғын үй қорын жаңғырту мәселелері талқыланды

Астанада Қазақстан мен Моңғолия мамандары қала құрылысы мен тұрғын үй қорын жаңғырту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Астана Бас жоспары» Ғылыми жобалау-зерттеу институтында Моңғолия Республикасының делегациясымен кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – қала құрылысы мен тұрғын үй қорын жаңғырту тәжірибесімен алмасу.
Кездесу барысында Астана қаласының 2024 жылы қабылданған жаңа Бас жоспары таныстырылып, оның негізгі өзгерістері мен даму бағыттары талқыланды. Сондай-ақ, қонақтарға қала құрылысы, инвестиция тарту, тұрғын үй саясаты, әлеуметтік бағдарламалар және инфрақұрылым мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат берілді.
Іс-шараға Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Аян Смағұлов, «Астана Бас жоспары» директорының орынбасары Азамат Хамитов және сала мамандары қатысты.
Моңғолия өкілдері екі елдің тәжірибесін салыстыра отырып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Сарапшылар әр сала бойынша нақты жауаптар берді.
Бұл басқосу екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, қала құрылысы саласындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.