Астанада мыңға жуық адам қандас мәртебесін алды

Астанада 2025 жылдың басынан бері 72 адам қандас мәртебесін алған. Елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб атамекенге оралған этникалық қазақтарға көрсетілетін көмек туралы айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
2025 жылдың басынан бері елордада 72 адам қандас мәртебесін алды – 45 әйел және 27 ер адам. Оның 52-сі Өзбекстаннан, 7-еуі Ресей Федерациясынан, 6-ауы Қытайдан, 5-еуі Түрікменстаннан, Моңғолия мен Түркиядан бір-бірден келген. Еңбек жасындағы үміткерлер саны – 40 адам, мектепке дейінгі және мектеп жасында – 26 адам, алтауы – зейнеткер.
«Еңбек жасындағы үміткерлердің 16-сы ның жоғары, 16-сының орта арнаулы, 8-інің жалпы орта және бастауыш білімі бар. «Мамандық (біліктілік) бойынша білім беру саласында – 7 адам, денсаулық сақтауда – 5, басқа мамандықтар бойынша – 28 адам», – деді Илья Скуб.
Сондай-ақ, жыл басынан бері елорда 27 этникалық қазаққа қандас мәртебесі ұзартылды. Алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақтардың отбасын біріктіру мақсатында екі шақырту берілді.
2024 жылы Астанада 969 адам қандас мәртебесін алды, олардың 544-і Өзбекстаннан, 221-і Қытайдан, 132-сі Ресей Федерациясынан, 48-і Моңғолиядан, 8-і Түрікменстаннан, 9-ы Қырғызстаннан, 2-еуі Ауғанстаннан, 3-еуі Кипрден, 2-еуі Тәжікстаннан келген.
Қандас мәртебесін алған адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне:
– кандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында тегін бейімдеу және интеграциялау қызметтері (Астанада көрсетілмеген);
– Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмек көрсету;
– мектептердегі және мектепке дейінгі ұйымдардағы Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең негізде орындарға, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау үшін бөлінген квотаға сәйкес білім алу мүмкіндігіне;
– Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең негізде әлеуметтік қорғау;
– Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.
Илья Скуб жұмыс күшінің тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге азаматтарды ерікті түрде көшіру саласындағы Астананың рөлі туралы айтты.
«Астана – кету аймағы. Еліміздің өңірлерін жұмыс күші тапшылығымен қамтамасыз ету мақсатында өңірлермен бірлесіп, қабылдау жұмыстары жолға қойылған, сол сияқты азаматтарды көшіру бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Көшіруге қатысуға ниет білдірген өтініш берушілер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың басынан бері қабылдаушы өңірлерге 9 азаматтың өтініші жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», – деп түсіндірді басқарма басшысы.
2024 жылы елордада Еңбек мобильділігі орталығында Солтүстік Қазақстан облысы өкілдерінің қатысуымен 5 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.