Қоғам

Көктем шуағына бөленген музыкалық қонақжай

      6 наурызда Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда Қазақстанның халық әртісі профессор Хорлан Қалиламбекованың жобасымен жалғасын тапқан «Музыкалық қонақ бөлме» мерекелік концерті өтеді. «Жүректен шыққан музыка» деп аталған кеште көрермендерді қазақстандық сазгерлердің әндерінен, ретро-композициялардан, өткен ғасырдың, әлемдік классиканың жауһар туындыларынан құралған нағыз музыкалық калейдоскоп күтеді.

Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова, Мәдениет саласының үздігі Ләйлә Сейітова, Саида Үсенәлиева орындайды. Олардың сүйемелдеуімен сахнада театрдың опера труппасының солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Бибігүл Жанұзақ, Айгүл Ниязова, Жанат Шыбықбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, солистер Елена Ганжа, Лейла Аламанова, Елена Низамутдинова (шақырылған сопрано), Салтанат Мұратбекова, Артур Ғабдиев, Талғат Аллабиринов, Алмат Ізбамбетов (шақырылған тенор), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік, Сұлтан Бақытжан және Болат Есімханов өнер көрсетеді.

Бұдан бөлек, музыкалық кешке аспапшылар – скрипкашылар Эльмира Жармұхамедова, Айя Ғаббасова және виолончельші Данияр Қадралинов қатысады.

– Қаңтарда көрермендерге «Музыкалық қонақ бөлме» топтамасынан концерт ұсынған едік, қазір соны жалғастырудамыз. Көпшілік ұнататын әуендер, оның ішінде  А.Бабаджанян, И.Дунаевский, М.Таривердиевтің әндері, сондай-ақ неаполитандық әндер, романстар, оперетталардан ариялар шырқалады. Барлық туындыны махаббат тақырыбы біріктіреді, – деді Раушан Бескембирова.

«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова мұндай концерттер театрдың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.

– Хорлан Ихсанқызы жасаған осынау жобаға бұрыннан, яғни К.Байсейітова атындағы театр кезінен қатысып келеміз. Сондықтан біздің «Музыкалық қонақ бөлмеміздің» өз тарихын енді «Астана Опера» театрында жалғастырып, жаңа идеялармен, эмоциялармен, әуендермен толысып келе жатқанына өте қуаныштымыз. Әсіресе оның жас орындаушыларға жол ашып, оларға ұлы композиторлардың туындыларына қол ұшын тигізуге мүмкіндік беретіні бағалауға тұрарлық іс.

Сондай-ақ шақырылған солист Елена Низамутдинова да осынау концертті тағатсыздана  күтіп жүргенін  айтты.

– Бұл концерттерге қатысу мен үшін әрдайым үлкен қуаныш. Көрермендермен кездесіп, емен-жарқын тілдесетін, сүйікті туындыларды орындайтын сәтті ерекше күтудемін. Ғажайып музыканы бағалайтын және кешті романтика мен шабыт атмосферасында өткізгісі келетін барлық жанды күтеміз. Осы ретте айта кетейін, Айгүл Ниязова екеуіміз «Жүректен жүрекке жеткізіп» атауымен тағы бір музыкалық кеш дайындаудамыз. 11 наурызда өтетін бұл концертте біз танымал композиторлардың әндері мен әйгілі романстарын, дуэттерін орындаймыз.

«Жүректен шыққан музыка» концерті Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтіп, міндетті түрде көктемгі көңіл күйдің, нәзіктік пен шабыттың атмосферасын жасайды. Жоба авторы махаббатты жырлайтын музыканы арнайы таңдап алды, бұл барлық тыңдарман үшін тамаша сый болмақ.

Концерттің басталуы 19:00-де.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button