Қоғам

Өрт сөндіру бекетінде оқушылар үшін ашық есік күні өтті

№23 өрт сөндіру бекетінде елорда мектептерінің 8 және 9-сынып оқушылары үшін ашық есік күні өтті. Оқушылар арнайы техниканың кабинасы мен мұнараны аралап, өрт сөндіру құралдарын сынап көрді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Елордадағы №23 өрт сөндіру бекеті Астанаға ғана емес, бүкіл елімізге үлгі.

Мұнда №74 және 98 елордалық мектептердің оқушылары арнайы келіп, өрт сөндірушілердің жұмысын өз көзімен көрді. Сол сияқты оларға алғашқы медициналық көмек туралы дәріс оқылды. Осыдан кейін мектеп оқушылары құтқарушылардың киімдерін киіп көрді.

«Мен үшін ең қызықтысы өрт дабылы берілген кездегі көрсетілім болды. Өрт сөндірушілер бірнеше минуттың ішінде шақыртуға толық дайын болды. Бұл жаттығу дабылы болып шықты, бірақ бәрі өте шынайы өтті. Шынайы өрт сөндіру машинасының салонында отырып, оның заманауи құрал-жабдықтарын тамашалап, арнайы мұнарада 2,5 метр биіктікке көтерілу де қызықты болды. Бала кезімде өрт сөндіруші болуды армандайтынмын, енді осы экскурсиядан кейін сол арманыма қанат біткендей болды. Бұл қауіпті, қиын, бірақ ең жақсы мамандықтың бірі», – деп өз әсерімен бөлісті №98 орта мектептің 8-сынып оқушысы Әмірлан Шаңғар.

Сарайшық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Бақыт Қожакеевтің айтуынша, мұндай шаралар елордалық өрт сөндіру бөлімшелері үшін игі дәстүрге айналып келеді. Осындай экскурсиялардан кейін мектеп түлектерінің құтқарушы мамандығына қызығушылығы артады.

Ол өз сөзінде Көкшетау қаласында орналасқан Азаматтық қорғаныс академиясына тоқталды.

«Жыл сайын мектеп бітірушілер курсын қабылдаймыз. Біздің мамандар мектеп оқушылары арасында үгіт-насихат жұмыстарын өз бетінше жүргізеді. Студенттерге өте жақсы жағдайлар жасалған: тегін оқу, оқу мерзімін толық қамтамасыз ету – киім-кешек, аяқ киім, жатын орын, тамақ, оқу құралдарымен қамтамасыз ету, шәкіртақы, демалыс кезінде үйіне жету үшін жол жүру ақысы төленеді. Бірақ ең бастысы оқу бітіргеннен кейін 100% жұмысқа орналасады. Сонымен қатар оқу мерзімі – 4 жыл – еңбек өтіліне есептеліп, оны аяқтаған соң лейтенант атағы беріледі», – деді Б.Қожакеев.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button