Басты ақпаратДенсаулық

Медицина: қаржы мол, тиімділік кем

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне республикалық бюджеттен бөлінген қаржы 2017 жылы 892 миллиард теңге (2,67 миллиард доллар) болса, бұл көрсеткіш 2022 жылы 2,87 триллион теңгені (6,62 миллиард доллар), 2024 жылы 3,77 триллион теңгені (7,62 миллиард доллар) құрады. Яғни бөлінген қаржы теңгеге шаққан кезде 2017 жылдан 2024 жылға дейін 4 есе артты. Төрт есе артты десек, теңгенің долларға шаққандағы құнсыздануын көлденең тартып, ақталып отырған мамандар да бар. Алайда доллармен есептеген күннің өзінде 2,6 есе артып отыр. Бірақ 2017 жылғы медициналық қызметтің сапасын, өнімін 2024 жылы 4 есе көтере алдық па?

Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының еселеп артуы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске асқаннан кейін пайда болды. Алайда қаржы еселеп артқанмен, сапаның соған сәйкес артпағаны, керісінше, жұрттың шағымы көбейе түскені байқалады. Ендеше осы мәселені назарда ұстай отырып, елімізде бюджет тапшылығы жоғарылап, Үкімет жеке табыс салығын (НДС) 20 пайызға дейін көтеріп, қаржы тапшылығын шешеміз деп жанталасып жатқанда, біз денсаулық сақтау саласындағы қомақты қаржыны үнемдеудің, орынды жұмсаудың, тиімділігін арттырудың ұтымды жолын ұсынуды жөн көрдік.

Бірінші, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының мөлшермен 65-70% дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға жұмсалады. Қаржыны көп талап ететін де осы сала. Қазіргі жүйе бойынша дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды шетелден сатып алу тек қана «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-қа қарасты «СК-Фармация» ЖШС арқылы жүргізіледі. Үкіметтің уәжіне сүйенсек, бұл орталықтандырылған сатып алуды, бағаның төмен, тұрақты болуын қамтамасыз ететін көрінеді. Алайда «СК-Фармация» ЖШС Қазақстанда дәрі-дәрмек, медициналық мақсаттағы бұйымдарды импорттауды толық монополиялап, ашық бәсекелестікке кедергі келтіріп отырғанын осы саланың төңірегінде жүргендердің бәрі біліп отыр. Монополия тек сырттан кіргізілетін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың импортталуын ғана емес, олардың түрлерін, әртүрлі баламаларын, соның ішінде қымбат тауарлардың сипаттамасы, құрамы ұқсас, бірақ бағасы арзан баламалы тауарларды қарас­тыру мүмкіндігін де монополиялап алған. Жапония елінде қаржы үнемдеудің ең үлкен жолы қымбат, бренд компанияларының өніміне балама болатын, бағасы төмен, бірақ сипаттамасы, құрамы ұқсас өнімдерді таңдайды. Ал Қазақстанда «СК-Фармация» ЖШС өздері таңдаған немесе бұрыннан келе жатқан мердігерлермен келісімшартты жалғастырады. Егер бұл сала ашық бәсекеге жол ашып, ондаған бәсекелес компаниялар жұмыс істесе, Жапониядағыдай әр компания халыққа, бюджетке, өздеріне де тиімді, арзан әрі сапалы медициналық бұйымдарды іздеп, бәсекеге дайындалады. Сондықтан Қазақстан Үкіметі «СК-Фармацияның» монополиясын бұзып, бұл саланы ашық бәсекеге жіберуі қажет. Сондай-ақ «СК-Фармация» ЖШС өзге жекеше компанияларға бәсекелес ретінде жұмысын жалғастыра береді. Сонда ғана Қазақстан фармакология саласында ашық бәсекелестік туып, дәрі-дәрмектердің альтернативасы көбейеді, бағасы арзандап, жалпы жұртқа қолжетімді болады. Мемлекеттік сатып алуға кететін қаржы үнемделеді, денсаулық сақтау саласына бөлінген миллиардтаған қаржы үнемделеді.
Екінші, медициналық аппараттар мен дәрілік заттардың Қазақстанда тіркеу тәртібін жеңілдету қажет. Еуропалық, халықаралық қауіпсіздік стандартынан өткен, сапалы сертификаты бар медициналық жабдықтарды, дәрілік заттарды халықаралық стандартқа сай лабораториясы болмаса да, қаншама құжат сұратып, тіркеудің уақытын жарты жылдан бірнеше жылға дейін созып, жұмысты қиындататын жүйені өзгерту қажет. Кез келген өндіруші немесе өндірушінің уәкілетті компаниясы Қазақстан Республикасында өз өнімін ашық түрде тез тіркетіп алуына мүмкіндік жасау қажет. Ал әрі қарай ол өнімінің Қазақстанда сұранысқа ие болуын, тұтынушылардың қолдауына ие болуын нарық және бәсеке шешеді. Соңғы жылдары отандық өнімдерді қолдауға байланыс­ты мемлекеттік сатып алуды пайдаланып қалғысы келген пысықайлар «Қазақстанда жасалған» деген жапсырма жапсырып, іс жүзінде жүз пайыз шетелдік қымбат аппараттарды конкурс тәртібімен сатып алу барысында тиімділікке ие болып, өзге елдердің параметрлері ұқсас, бірақ бағасы арзан аппараттарының бәсекеге түсуіне тежеу бола бастады. Қазақстанда жасалмаса да, Қазақстанда жасалған атақ алған өнімнен Қазақстан экономикасына пайда келіп жатқан жоқ. Керісінше, ашық бәсеке болмағандықтан, бюджет қаржысының үнемделуіне кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан Қазақстанда жасалған өнімдерге ғана тиімділік беріп, «Қазақстанда жасалған» деген жалған атқа ие болған барлық медициналық аппаратқа тиімділікті алып тастау қажет. Сонда ғана мемлекеттік бюджетті үнемдеуге болады.
Үшінші, медициналық жабдық­тардың қызмет көрсету мерзімін арттыру, сервис шығынын азайту үшін ауруханалардың медициналық аппараттарды сатып алуды жобалау, сатып алу, қабылдау, кепілдік немесе гарантиядан кейінгі сервис қызметін көрсету, медициналық жабдықтарды өнімді, дұрыс қолдану және утилизацияға дейінгі жұмыс­тардың тәртібін біртұтас бағдарлама ретінде белгілеп, бүкіл республика бойынша бір стандартқа сай жұмыс істеуді жолға қою қажет. Бір аурухана, бір емханада жоқ дегенде бір клиникалық инженер болуды міндеттейтін норма қабылдап, клиникада істейтін инженерлердің міндеттерін айқындап, олардың заңдық орнын тұрақтандыру қажет. Дәл осылай бірізді жұмыс істелсе, медициналық аппараттардың техникалық күтімінің сапасы жоғарылап, жұмыс істеу мерзімі артып, мезгілсіз істен шығуын немесе ақауға байланысты тоқтап қалуының алдын алуға болады.

Төртінші, медициналық аппараттар мен жабдықтардың жұмыс тиімділігін арттырып, функционалды мүмкіндігін толық пайдаланып, қызмет көрсету мерзімін ұзарту үшін медициналық жабдықтарды дұрыс, қауіпсіз, толық мүмкіндіктерін қолдануды, медициналық шығынға кететін материалдарды дұрыс, үнемді, тиімді қолдануды оқытатын, сертификаттайтын талаптар енгізіп, ауруханада медициналық қызметкерлердің білігін арттыру курсын міндеттеу және іске асыру керек. Бұл жұмыстар медициналық аппараттарды толық функционалды қолдану көрсеткішін жоғарылатып, экономикалық тиімділігін арттырып, жұмыс істеу мерзімін ұзартып, медициналық шығынның үнеммен қолданылуына экономикалық жағынан үлкен тиімділік әкеледі.

Бесінші, медициналық жабдықтарға сервис қызметін көрсету бойынша жасалған бұйрық (ҚР ДСМ №273/2020) саладағы проблемаларды шешуге қауқарсыз. Бұйрықтағы кейбір медициналық өндіріс компанияларының сертификатын талап ету шарттарын өзгертіп, медициналық аппараттардың атауы және функциясы сәйкес келетін сертификаты бар инженерлерге сервис қызметін көрсетуге мүмкіндік беру қажет. Үшінші, төртінші, бесінші пункт­терді толық шешуге мүмкіндік беретін «Клиникалық инженерия бағдарламасы» ғылыми нұсқаулығында бұларды шешу жайлы егжей-тегжейлі жазылған. Еліміздегі 1200-ге тарта үлкенді-кішілі медициналық мекемелер жыл сайын жүз миллиондаған теңгені метрологиялық тексеруге жұмсайды. Метрологиялық тексеруді қажет етпейтін, Қазақстанда оны метрологиялық тексеруден өткізе алатын аппарат-жабдықтары жоқ болса да, тек сертификат үшін ғана келісімшарттар жасалып, мемлекет қаржысын текке жұмсайтын, метрологиялық тексерудің орнына калибровканы ғана қажет ететін импортталған медициналық аппараттар аз емес. Сондықтан Қазақстан стандарттау және метрология институты тізімін қайта қарап, халықаралық стандартқа сай келмейтін, метрологиялық сертификаттау үшін қажеттілік жоқ медициналық жабдықтарды тізімнен алып тастау қажет.

Алтыншы, республикалық, облыстық (қалалық), аудандық және ауылдық (округтік) медициналық мекемелердің ең төменгі техникалық жабдықталу стандартын қайта қарап, медициналық мекемелердің республикалық, облыстық, аудандық статусына ғана емес, олар қыз­мет көрсететін халықтың санына, көрсете алатын медициналық қызмет түрлеріне, қолдана алатын мамандарына байланысты икемді және жұмыс істейтін стандарт жасау қажет. Халқы аз жерде қажет емес немесе сирек қолданатын, қолданылмай тұратын медициналық жабдықтарды алмау, тек қана ең төменгі шектік стандарттан өту үшін қажетсіз медициналық жабдықтарға қаржы шығындамау керек. Сонда ғана мыңдаған медициналық мекемелерде қолданылмай, мыңдаған медициналық аппараттар шаң басып қоймада бекер ­тұрмайды.

Жетінші, медициналық мекемелерге (жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын) медициналық аппараттар және медициналық расходтар, дәрі-дәрмектер жеткізетін, сервис қызметін көрсететін компанияларға салық жеңілдігін жасап, бөлек тарифтер жасауды қарастыру қажет. Мемлекет жыл сайын миллиардтаған қаржы бөле отырып, оның белгілі бір қомақты бөлігін салық ретінде қайтарып алуы – медициналық саланың өсіп-өнуіне, дамуына үлкен кедергі. Дамыған елдерден үлгі алсақ, Жапония, Германия, Солтүстік Еуропа елдерінде медициналық мекемелер мен оқу-ағарту мекемелеріне салық жеңілдігі, бөлек тариф қарастырылған. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау саласының шығынын азайтып, оған бөлінген қаржының тиімді жұмсалуына, шығынның азаюына әкеледі.

Қорытып айтқанда, денсаулық сақтау саласына бөлінген триллион­дарды тиімді қолдану, үнемдеу және діттеген жеріне жету үшін республикалық бюджетте тапшылық болып жатқанда, осы салаға бөлінген қаржының құмға сіңген судай, желге ұшқан құмдай шашылмауы үшін біздің ұсыныс­тарымыздың үлкен пайдасы тиеді деп ойлаймыз.

Серік МҰРАТХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button