Оқушылар жеке қауіпсіздік негіздерін меңгеруде

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі балабақшаларда, мектептер мен колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілді. Бағдарлама аясында оқушыларға қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған 130 тақырып оқытылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазіргі уақытта оқушылар жеке қауіпсіздік негіздері, қоғамдық орындарда, көшеде, үйде және интернетте өзін-өзі ұстау ережелері бойынша білім алуда. Сабақтарда сандық технологияларды қауіпсіз пайдалану, интернеттегі қауіп-қатерлердің алдын алу және сыни ойлауды дамытуға ерекше назар аударылады.
Сабақтар апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өтіп тұрады. Жыл бойы әр материал үш рет қайталанады, бұл оның жақсы меңгерілуіне көмектеседі. Бағдарлама интерактивті оқыту әдістерін, бейнероликтерді, ойын элементтері мен практикалық кеңестерді қамтиды, осылайша оқу процесін түрлі жастағы балалар үшін қызықты әрі қолжетімді етеді.