Онкологиямен ауыратын пациенттердің үлесі 57,1%-ға жетті

Ерте диагностика және тиімді емдеу бойынша қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде онкологиялық аурулармен ауыратын пациенттердің бес жылдық өмір сүру шегіне жеткен үлесі өткен жылы 57,1%-ға дейін өсті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бүгін кеңейтілген алқа отырысында айтты.
Қазақстанда 0-I сатыдағы онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы 2024 жылдың 12 айында өсіп, қатерлі ісіктердің жаңа жағдайларының жалпы құрылымында 31,4%-ды құрады.
Асқорыту жүйесінің қатерлі ісіктерін ерте анықтау мақсатында өңірлік онкологиялық орталықтардың базасында 15 сараптамалық эндоскопиялық орталық ашылды.
Онкологиялық науқастарға арналған оңалту курстары алғаш рет Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының ауруханаларында бөлімшелердің базасында ашылды.
Тераностика орталықтарында обырды ерте сатысында анықтауға және нысаналы ем жүргізуге мүмкіндік беретін радиофармпрепараттарды (РФП) қолдану жоспарлануда. Мұндай препараттардың жарамдылық мерзімі шектеулі болғандықтан, күту уақытын азайту және диагностиканы қолжетімді ету үшін оларды Алматыдан әуе көлігімен жеткізетін болады.
Бүгінгі таңда елімізде ПЭТ және ОФЭКТ диагностикасына арналған радиофармпрепараттың 3 түрі өндіріледі. Ағымдағы жылы ҚР Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтымен бірлесіп онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін 3 жаңа радиофармпрепаратты практикаға енгізу жоспарлануда, бұл елде радионуклидтік диагностика мен радионуклидтік терапияны жүргізуге мүмкіндік береді, ал бүгінгі күнге дейін пациент шетелге шығуға мәжбүр болды, дейді Ақмарал Әлназарова.
Министрлік клиникалық топқа байланысты онкологиялық пациенттің бағытын қайта қарайды және Онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына тиісті өзгерістер енгізеді.
Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық адам обырмен ауырады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша онкологиялық есепте 230 мыңнан астам қазақстандық тұр.
Ең көп таралған обырдың түрлері: сүт безі обыры, колоректалдық обыр, өкпе обыры, асқазан обыры және жатыр мойны обыры.