Техникалық және кәсіптік білімі бар 900 мыңға жуық маман қажет

Ішкі еңбек миграциясын тиімді жүргізетін жаңа бағдарлама керек. Бұл туралы «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
– Жалпы, Қазақстанның экономикалық өсуін, әлеуметтік тұрақтылығын және серпінді дамуын қамтамасыз етуде еңбек адамының алатын орны ерекше. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге баса мән беріп, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру арқылы жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру сияқты алдағы уақытта іске асырылуы тиіс нақты міндеттерді белгіледі. Осы мақсатқа жету үшін білікті мамандарды даярлаудың маңызы аса зор. Шын мәнінде, еңбексіз тұрақты экономикалық өсу болмайтыны белгілі. Сол себепті бұл бағытты жаңа деңгейге көтеру басты міндеттірдің біріне айналып отыр, – деді М.Әшімбаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде білікті мамандардың тапшылығы анық байқалып отыр. Әсіресе, инженерлер, техникалық қызметкерлер, агрономдар, ветеринарлар және басқа да маңызды мамандық иелеріне сұраныс жоғары.
– Алдағы уақытта бұл үрдіс одан әрі арта бермек. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша 2030 жылға дейін ел экономикасына барлық бағытта қосымша 1,6 млн адам қажет болады. қазірдің өзінде Қазақстанға техникалық және кәсіптік білімі бар 900 мыңға жуық маман аса қажет. Ал жоғары білімі бар мамандарға қажеттілік 430 мың адамды құрайды. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, көлік сияқты негізгі салаларда еңбек ресурстарына деген жоғары сұраныс қалыптасып отыр, – деді Сенат төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, бұл жағдай өңірлік әрі демографиялық дамуда теңгерімділіктің болмауынан және ауылдан қалаға көшетіндердің көптігінен күрделене түсіп отыр. Бүгінде жастарымыз негізінен жұмыс күші артық оңтүстіктегі 4 өңірде – Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында тұрады. Сондай-ақ Алматы мен Шымкентте де жастар көп.
Еліміздегі жастардың жартысынан астамы осы өңірлерге тиесілі. Кадр тапшылығын шешу үшін кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуды, дуальды оқытуды дамытуды, жұмысшы мамандықтарын дәріптеуді және еңбек миграциясын қолдауды қамтитын кешенді тәсіл қажет.
– Жалпы, ішкі еңбек миграциясын тиімді жүргізетін жаңа бағдарлама керек деп ойлаймыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Еске салсақ, EXPO көрме алаңында болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосқан «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі өтті.