«Жүректен – жүрекке» акциясы

Астананың Нұра ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бастамасымен Ботаникалық бақта «Жүректен – жүрекке» атты акция өтті. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ұйымдастырылған іс-шарада 80-ге жуық зейнеткер еңбек адамдарына ыстық шай мен бауырсақ таратты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Акция аясында скандинавиялық жүріспен айналысатын зейнеткерлер коммуналдық қызмет мамандарын Алғыс айту күнімен әрі көктемнің келуімен құттықтап, жадыраңқы көңіл-күй сыйлады. Белсенді зейнеткерлер Ботаникалық бақ аумағының тазалығына жауапты қызметкерлерге ыстық шай мен дәмді тағам ұсынды.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» ұйымдастырылған «Жүректен – жүрекке» акциясы жақсы дәстүрге айналып, қаланың басқа да аудандарында жалғасады деп сенемін. Мұндай бастамалар коммуналдық қызметкерлер еңбегінің маңызын айқындап, өзара бірлікті нығайтуға ықпал етеді» деп атап өтті скандинавиялық серуен үйірмесінің жетекшісі Толғанай Үсенбаева.
Қалалық Нұра және Есіл ауданынан аталмыш үйірмеге 100-ден аса зейнеткер қатысып, күнде таза ауада серуендеуді әдетке айналдырған. Солардың қатарындағы 71 жастағы зейнеткер Нұрыш Шахметов қалада жайлылық пен тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген жандарға алғысын білдірді.
Индира Бержанова