Қоғам

Қазақстандық жауынгерлерді еске алды

ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи мұражайында Ұлы Отан соғысы жылдарында ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлердің туыстарына «Ерлігі, борышына адалдығы үшін» медалін табыстады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Іс-шараға ардагерлер ұйымдарының, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері және қызыләскерлердің ұрпақтары қатысты.

«Мемориалдық аймақ» қоғамдық бірлестігінің марапаты майданда қаза тапқан жауынгерлердің балалары мен немерелеріне табысталды. Ұйымды профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Майдан Құсайынов басқарады. Ол көп жылдан бері Санкт-Петербург маңындағы Синявин батпақтары мен биіктіктерде қаза тапқан жауынгерлерді іздестіруге қатысып келеді. Оның іздестіру жасағы Ақмола мен Петропавлда құрылған 310-шы және 314-ші атқыштар дивизияларының құрамында соғысқан жүзден астам қазақстандық жауынгерлердің қабірін іздеп тапты.

Қызыләскер Қалмен Тайшыбаевтың 85 жастағы қызы әкесінің наградасын алуға ұлдарымен бірге келіпті.

– Ол майданға кеткенде мен небәрі бір жарым жаста екенмін. Сіңілім әкем кеткеннен кейін көп ұзамай дүниеге келіпті. Біз оны көрген жоқпыз. Бүгін мен 14 немере мен жиырмадан астам шөбере сүйіп отырған әжемін. Әулетіміздің атынан Майдан Көмекұлына іздеу жасағының жұмысы үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл туыстарынан айырылған және олардың тағдырынан хабарсыз отбасылар үшін өте маңызды, – деді Ақнұр Тайшыбаева.

Ағайынды Биахмет пен Сләм Рақымбаевтар соғыстың алғашқы күндері майданға аттанған. Олардың наградасы Гүлнар Биахметованың немересіне табысталды. Іс-шараға ол әпкесі Эльмирамен және ұлдарымен бірге келді.

– Біздің атамыз Биахмет Рақымбаев 1908 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылында дүниеге келген. Ол Днепрде соғысып, Донецкіні азат етуге қатысқан. Ленинградты қорғап, Курск шайқасына қатысты. 1943 жылы Украинада ерлікпен қаза тапты. 1911 жылы туған екінші атамыз Сләм Рақымбаев Жеңісті Берлинде қарсы алған екен. Үйге қайтып келе жатқанда бандеровшілердің қолынан қаза тапқан. Біздің аталарымыз Жеңіс үшін өз өмірлерін құрбан етті. Жастар мұны әрдайым есте ұстауы керек, – деп атап өтті Гүлнар Биахметова.

Бұл іс-шараның ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы маңыздылығын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ елорда филиалының төрағасы Асхат Налшыбек те атап өтті. Ол сондай-ақ іздеушілерге соғыс майдандарында қаза тапқан жауынгерлерді есімін есте қалдыруға қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтты.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button