Коммуналдық қызметкерлерге құрмет көрсетілді

1 наурыз – Алғыс айту күні. Осыған орай Сарайшық ауданы әкімдігі аппаратының қызметкерлері мен «Астана жастары» еріктілері коммуналдық қызметкерлерге құрмет көрсетіп, оларға арнайы ыстық сусындар мен бауырсақ таратты. Қала тазалығы мен тұрғындардың жайлылығы үшін аянбай еңбек ететін жұмысшылар таңертеңнен бастап өздеріне арналған ерекше ықыласты сезініп, еңбектерін бағалап, осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Ал «Астана жастары» еріктісі Аянат Кеңесбек қала тазалығы үшін аязды күнде де, аптап ыстықта да еңбек ететін коммуналдық қызметкерлер кез келген алғысқа лайық екендігін атап өтті.
«Адамдардың еңбегін бағалап, көңіл бөліп, жылулық сыйлау – біздің ортақ міндетіміз. Бір кесе шай мен бауырсақтың өзі олардың еңбегін қадірлейтінімізді білдіреді. Осындай шаралар арқылы да біз еңбек адамдарына өз ризашылығымызды білдіре аламыз деп ойлаймын,_дейді Аянат Кеңесбек.
Осылайша, Сарайшық ауданының ұйытқы болуымен өткен іс- шара қоғамдағы өзара құрмет пен қамқорлықтың жарқын көрінісі болды.
Шапағат Әбдір