Қоғам

Ерекше эстафеталық жарыс басталды

Елордалық спортшылар әлеуметтік желіде Алғыс айту күнімен құттықтап, ерекше челлендж бастады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Видеороликтерде спортшылар тәлімгерлерін, жаттықтырушыларын және туыстарын құттықтап, алғыстарын білдіреді.

«Барлық қазақстандықты Алғыс айту күнімен құттықтаймын!», – деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит, содан кейін атақты қазақстандық футболшы Давид Лорияға алғыс эстафетасын табыс етті.

Челленджге шорт-трекші Абзал Әжғалиев қосылды.

«Бұл күн маңызды! Кез келген адам мейірімге, көрсетілген көмегіне риза. Осы айтулы күні ата-анама, бауырларыма, достарыма, бапкерлеріме шын жүректен алғысымды білдіремін! Мен барлық жаттықтырушылар құрамына алғысымды жолдаймын. Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақыт тілеймін!», – деп құттықтады ол.

2024 жылғы Париж Паралимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбек челленджге қатысып, эстафетаны пара-дзюдошы Ерғали Шәмейге жолдады.

«Қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Осы күні бапкерлеріме және отбасыма алғыс айтамын. Мен бұл челленджді Ерғали Шәмейге тапсырамын», – деді чемпион.

Челленджге астаналық жас спортшылар да қатысып, жаттықтырушылары мен командасын құттықтаған бейнеролик түсірді.

«Әр спортшының жетістіктері мен жеңістері – ұжымдық жұмыстың, тәлімгерлер мен әріптестерінің қолдауының нәтижесі. Жаттықтырушылар спорттық шеберлікті арттыруға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар спортшылардың ерік-жігерін, табандылығын және командалық рухын қалыптастырады. Алғыс айту күні – әр адамның өмірінде өзіндік орны бар жандарды бір-бірін сыйлап, қолдау көрсетіп, бағалаудың маңыздылығын еске салатын ерекше мереке», – дейді Астана қаласы әкімдігінің №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бағдарлау бөлімінің оқушылары.

Елорда әкімдігінің №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің мәнерлеп сырғанаушылары челленджді жалғастырып, Қазақстан халқына арнаған өлеңін оқыды.

Олар өздерінің жаттықтырушыларына, ата-аналарына және жетістікке жету жолында қолдау көрсеткендердің барлығына алғыстарын білдірді.

Астана қаласы әкімдігінің №1 олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің гимнастшылары да әр жарыста жанкүйер болып жүрген отбасылары мен жаттықтырушыларына алғыстарын білдірді.

«Мен отбасыма және бапкеріме қолдау көрсетіп, жеңісіме сенетіні үшін алғыс айтамын», – деді Азия чемпионатының жүлдегері, VIII Азия балалары ойындарының үш дүркін жеңімпазы Ақмарал Ерекешева.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button