Астана туризмі қай бағытта дамуда?

Бас қалада туризмнің даму көрсеткіштері үш жыл қатарынан тұрақты өсіп келеді. Былтыр туристер саны 2023 жылмен салыстырғанда 14% артып, барлығы 1,5 млн турист келген. Оның ішінде резидент емес туристер 400 мың адам болса, резиденттер 1,1 млн адам. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 3 млн туристке дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Елордаға Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан және Оңтүстік Корея сияқты елдерден туристер жиі келеді. Осы туристердің Астанадағы саяхаты жайлы болуы үшін қажетті инфрақұрылым жасалған. Барлығы 100-ден астам туристік нысан бар, оған мұражайлар, театрлар, сарайлар, діни нысандар, спорт кешендері, сауда-ойын-сауық орталықтары, саябақтар және тағы басқа нысандар кіреді. Қалада 9,9 мың нөмірлік 286 қонақүй жұмыс істейді. Соның ішінде 5 жұлдызды 8 қонақ үй, 4 жұлдызды 38 қонақүй, 3 жұлдызды 64 қонақүй, санатсыз 176 қонақүй туристерді қабылдайды. Былтыр Visit Astana бренді әлемнің туристік саладағы 240-тан астам компаниясының басын біріктірген Бүкіләлемдік туристік альянсының (WTA) ресми мүшелігіне өтті. Алайда кейбір кәсіпкерлердің айтуынша, туризмнің тұрақты дамуы үшін ұзақмерзімді үлкен жоспарлар құру керек.
-Туристік сала өз бетінше дами алмайды. Ол тұтас мемлекеттің даму бағдарламасының бір құрамдас бөлігі ретінде дамиды. Үкіметтің деңгейінде қандай стратегия құрылып, қандай мақсаттар көзделсе, соған қарай бұл сала да өркендейді. Мәселен, уақытша, жылт ете қалатын емес, ұзаққа қызмет ететін медициналық туризмді алсақ, бұл дегеніміз – клиникалар салу, университтер жанынан ашылған клиникалар, медициналық орталықтар деген сөз. Соған сәйкес кадрлар дайындау үшін білім беру базасы құрылады. Ал уақытша және жылдам пайданы ғана ойласақ, онда адамдардың топырлатып басын қосатын бір іс-шаралар өткізу, халықаралық деңгейдегі жарыстар, концерттер, жиындар ұйымдастыру соған жатады. Сондықтан меніңше, ең бастысы – мақсатымызды нақтылап алу. Туристік сала деген – шетелдіктің елге келіп, бәрін көріп кетуі ғана емес, ол – сапалы әуежай инфрақұрылымы, дәмді әрі таза қоғамдық тамақтану орындары, жоғары деңгейдегі сервис, тек ақшалы туристерге ғана емес, барлық санаттағы адамдарға арналған қонақ үй кешендерінің болуы, яғни бұл өте ауқымды жұмыстарды қамтитын сала. Астана – тарихи да, мәдени де орталық емес, көретін көп ештеңесі жоқ. Өкінішке қарай, елорда Рим, Ватикан, Париж сияқты да шаһар емес. Еуразия орталығындағы, жазық кеңістіктегі қалаға туристер бірден келе қоймайды. Сондықтан бізге өзіміздің артықшылықтарымызды ескере отырып, дамуды қолға алу керек. Саланы терең зерттеп, оны дамытудың стратегиясын жасау қажет. Ал ондай үлкен мақсаттар болмаса, онда сол оқиғалық маркетингті дамытып қана отыра береміз, – дейді Астана қаласындағы «Ailand» отбасылық демалыс орталығының директоры Арман Маханов.
Статистикаға сүйенсек, былтыр қалада 785 іс-шара өткізілген. Оның 70-тен астамы халықаралық іс-шаралар болды. Былтырғы ең маңызды оқиғалардың қатарында 16 мемлекеттің көшбасшыларын біріктірген Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен 89 елден 250 000-нан астам адам қатысқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бар. Өткен жылы Comic Con фестивалін 100 000-нан аса адам көрді.
Ал биыл 1200 іс-шара өткізу жоспарлануда. Оның 100-ден астамы халықаралық деңгейде өтетін жиындар болмақ. Осы жылы да конференциялар, форумдар, көрмелер және басқа да ірі іскерлік іс-шараларды өткізу есебінен Астанаға туристер ағынын ұлғайту көзделген. Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Қытай және БАӘ сияқты Астана үшін медициналық туризмнің нысаналы елдері анықталды. 2025 жылы медициналық туристер саны 8 000 адамға дейін жетеді деп көзделіп отыр.
Райхан Рахметова