Мағжан неге қудаланды?
Мағжан шығармаларының сара тақырыбы – қазақ ұлтының мүддесі, жырлағаны – қазақ мұңы. Ол бұл тақырыпты жырлап қана қойған жоқ, бүкіл дарыны мен өнерін салып сол тәуелсіздік үшін күресті. Міне, осыны айту керек
(Соңы. Басы газетіміздің №75, 90-сандарында)
Біріншіден, Мағжанның мағжандығын «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй» деген ынтық сезімдермен бағалау да – шындықтан мүлде алыс. «Сүйдім, күйдім…» деп әндеткен ақындарда сан жоқ. Махаббат тақырыбын Мағжаннан да артық жырлаған ақындар болуы мүмкін. Демек, «бұл жаңалық поэзиямыздың оқырман достарын бұрынғыдан әлдеқайда қанаттандырады» деу жеткіліксіз. Мағжанның жаңалығы бұл емес. Оның шығармаларының сара тақырыбы – қазақ ұлтының мүддесі, жырлағаны – қазақ мұңы. Ол бұл тақырыпты жырлап қана қойған жоқ, бүкіл дарыны мен өнерін салып, сол тәуелсіздік үшін күресті. Міне, осыны айту керек.
Бұдан әрі: «Мағжанның ұлттық санасы сол халықтың (қазақ халқының) Ресейдегі қазан революциясы толқынымен ояна бастаған кезінде туып, қалыптаса бастады» деген көпірме сөздер – түбірімен қате. Мағжанның санасы, саяси көзқарасы Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың ұлтшылдық күресінің әсерімен Қазан революциясынан көп бұрын қалыптасты.
Алғы сөз осындай болса, соңғы сөз ретінде берілген Мағжанның қысқаша өмірбаяны да сол баяғы ескі көзқарас, таптық ұстаным тұрғысында жазылған және соны дерек ретінде қабылдау өкінішті-ақ.
Бәз біреулердің «1920 жылы жазған «Жан сөзі» Мағжан әкесінен қарғыс алған соң, қаражат бермей қойған соң туған» дегені де білместік. Бұл – ақынның өз тағдырына, өзінің алау жүрегіне деген нала сезімі. Өлеңді оқыған адам бұл жолдардың Мағжанның әкесі Бекмұхаметке ешқандай қатысы жоқ екенін көреді. Жиырма жеті жастағы атағы жер жарған ақын, жоғары білімді азамат әкесінен қаражат сұрап қайғыра ма?
«Мұғалімдер семинариясын алтын медальмен бітірді» деп ойдан шығармаса да, Мағжанның беделі биік. Ондай медаль болмаған. Осындай ойдан шығарылған қисынсыз сөздер ақын атына ұпай қоспайды.
«Өмірбаянды» жазғандар «Алашорда» атты партия құрылып» деп «Алаш» партиясының, тәуелсіз «Алашорда» үкіметінің тарихи орнын көргісі келмейді. «Алашорда» – біздің ардағымыз. Мағжандар – біздің рухани көсеміміз. Бүгінгі тәуелсіздік – сол Мағжандар қолымен құрған Алашорда идеясының жемісі.
1919 жылы коммунистік Кеңес өкіметі кешірім беріп, ақтаған Алашордашыларға қайта жазылған айыптау қорытынды екені даусыз, бірақ тағы да «анау-мынау» деп жақауратып жүрген «Тар жол, тайғақ кешудің» беттерінде Алаш көсемдеріне жабылған жала және оның зардаптары қандай қырғынға себеп болғаны тарих бетінде қара таңба болып қалды. Дәл сол сипатты анықтаманы Кеңес әкімшілігінің қолына тапсырып, ұлтымыздың бетіндегі қаймағын сылып бергендердің әрекетін кейінгі ұрпақ өзі тауып, бағалайды. Уақыт соты біздей екіжүзді емес, әділ тексеріп, бағасын береді.
Мағжан бір кезде «Бостандық туы» газетіне бас редактор болған дейтіндерді де түсіну қиын. Рас, бұл газетті, тіпті оның алғашқы нұсқасы «Кедей сөзін» де Мағжан өз қолымен құрды. Қазақ халқын бай-кедей деп тапқа бөле-жармау керектігін насихаттап, көптеген мақалалар жазды. Бірақ, бас редактор болған жоқ. Ал ол заманда коммунистік партия газетінің редакторы коммунист болуы керектігін, бесіктегі бала да біледі. Рас, түрмеде отырғанда «редактор болдым» деп Мағжанның өзінің жазғаны бар. Бірақ, ол «бір шарапаты тиер ме екен?» деген тұрғыда, тергеушілерді сендіру мақсатында шарасыздықтан жазылған. Архивте мұндай дерек жоқ. Редактор болмаса да, Мағжан деген атының өзі қазақ халқына жетіп жатыр ғой.
1922 жылы Мағжанның
Ташкентке келуі де трагедия. Бас сауғалап, жанынан қорқып, пана іздеп, қашып барды. Алаш қайраткерлерінің арасына барды. «Ташкенттегі кезі – ақын ретіндегі ең өнімді жылдар» деген
Ш.Елеукеновтің: «1922-23 жылдар Мағжан үшін Пушкиннің Болдино күзіндей болды» деуі мүлде ұшқары айтылған. Қуғын көріп, қан жұтып, қайғырып жүрген Мағжан тағдырын түсінбегендік. Ол шабыты шалқып, көңілі көтеріліп, қалам тербеген жоқ. Асықты. Берерін беріп кетуге ұмтылды. Аз күн еркіндіктің мезгілі ұзақ емесін білді.
Бәз біреулер жазып жүргендей, Ташкентке Мағжанды Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов, Мәскеуге де Луначарский шақырған жоқ, білім іздеп барған жоқ. Қазақтың кең даласына сыймай, «сайында саяқ құрлы сая таппай», үкімет атынан қолына түсірген жолдама-стипендия түріндегі мүмкіндікті пайдаланып, уақытша бой тасалады. Мұхтар мен Мағжан екеуі де Ленинградқа жолдама алып, кейін онда орын болмай, Мағжанның қағазы Мәскеуге ауыстырылды. Бірақ, өз қандастары оған Мәскеуде де тыныштық таптырмады. Қазақстаннан арызды қардай боратып, жапқан жаланың негізінде 1924 жылы 24 қараша күні «әдеби сын» дегенді ұйымдастырып, жазықсыз жанды «итке талатқандай» етті. Соның нәтижесінде 1925 жылы Мағжан кітаптары да тұтқындалды. Қызылжарда, мысалы, Жұмағали Тілеулиннің үйі де тінтілді. Өзі жан асырап жүрген жалақысынан айырылып, оқудан қуылды. Міне, Мағжанның көргендері осы еді.
«Мәскеуде аударма жұмыстарымен көп шұғылданды» дегенде ақынды аудармашылық таланты тасып, немесе саяси шабыты қысып бара жатпаған. Ол жан сақтау үшін, қаламақы табу үшін «Шығыс» баспасының жоспарындағы шығармаларды алып, аударды. Лениннің кітапшалары мен мақалаларын да идеясына немесе көркемдігіне тәнті болып аударғандай етіп көрсету – мүлде теріс. 1989 жылы шыққан жинақта сонымен қатар, ақынның кейбір өлеңдеріне қол тигізіп, көпе-көрнеу мәтіннің саяси «тігісін жаттықтыру» ниетін де байқалады. Жинаққа қосылған «Өмірбаянның» қасақана бұрмаланған жағдайын айттық. Сол қателіктер күні бүгінге дейін түзетілген жоқ, кезекті автор қайталап келеді. Бақылаусыз, жүгенсіз кеткен интернет те сондай.
Мағжантанудың басында Әлихан Бөкейханов, жуан ортасында Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов, Қошмұхаммет Кемеңгеров, Нәзір Төреқұлов, Ғаббас Тоқжанов, әрине, Сәбит Мұқанов тұр. Осы тізімнің өзі-ақ, аталған адамдардың қазақ тарихынан, қазақ әдебиетінен, ұлттық ақыл-ойдың тарихынан алатын орнына қарап-ақ, Мағжанның бейнесіне, ақындығына деген ықыластың және қарсылықтың қаншалықты күшті болғанын шамалауға болады.
«Қазақта ондай ақын жоқ!» деп сұқ саусағын профессор А.Жовтистің маңдайына тіреген сол кездегі Халық ағарту министрі Қали Біләлов, республика КГБ бастығы Арыстанбеков те 1960 жылдары Мағжанды ақтамау туралы шешім қабылдағанда Жазушылар одағының пікіріне сүйенген. Бұл пікірге Одақтың сол кездегі хатшысы Әбділдә Тәжібаев 1960 жылғы 16 мамырда қол қойған. «Қылмысы болмағандықтан», мемлекеттің заңымен ақталғаннан кейін, Мағжанға 30 жыл бойы неге қолымыз жетпеген» деген замандастың сұрағына жалғыз ауыз жауап осы.
КГБ тергеушісі Уәлихан Мұқаев обалы қанша, Мағжан Жұмабаевқа қатысты барлық құжаттар мен деректерді тексеріп болғаннан кейін, Мағжан өлеңдерін жолма-жол орысшалап, қорытынды дайындау үшін, ақын шығармашылығына әділ баға беретін бірден-бір беделді ұйым саналатын Жазушылар одағынан «…оның (Мағжанның) ақындық мұрасы тұтас алғанда, идеялық ұстанымы жағынан ұлтшыл-буржуазияшыл, олай болса, контрреволюциялық сипатта…» деген жауап алады. Осы пікірдің негізінде, өз тарапынан «(Жұмабаев) …шетел барлау қызметімен байланысы болды деген 1938 жылғы айып қайта тексеруде бекітілмесе де, совет өкіметіне қарсы бұрынғы белсенді қызметі үшін оның үстінен қозғалған қылмыстық істі қысқартуға болмайды, деп есептеймін» деген қорытынды шығаруға мәжбүр болған. Сонда Мағжан Жұмабайды үшінші рет соттап отырған Қазақстан Жазушылар одағы болды ғой!
Бірақ, Түркістан әскери округінің прокуроры Пастревич Жазушылар одағының пікірінен гөрі заңға жүгінуді артық санаған. «(Жұмабаев) …шетел барлау қызметімен байланысы болды деген 1938 жылғы айып қайта тексеруде бекітілмеді, ал советке қарсы, ұлтшылдық қызметтері үшін 1930 жылы 4 сәуірде 10 жылға сотталып, жазасын өтеп келген. Сондықтан, СССР НКВД мен Бас прокурордың М.Жұмабаев туралы 1938 жылғы 11 ақпандағы шешімі жойылсын, қылмыстық іс қысқартылсын» деп Түркістан әскери трибуналына наразылық түсірді. Әскери трибуналдың төрағасы генерал-майор Приймак 8 шілдеде алқа отырысында қарап, прокурордың наразылығымен келісіп, Мағжан есімін орынсыз жаладан арашалап алды. Қылмыстық іс кеш болса да, қысқарды (Трибуналдың шешімінде тура осылай жазылған «в 1937 году необоснованно привлечен к уголовной ответственности»).
Ақталған Мағжан Жұмабаев сонда да қазақ ортасына оралған жоқ, әруақтың ғазиз атын атау қылмыс саналды, шығармалары қайта басылған жоқ. 1988 жылдың аяғына дейін… Бірақ адал ниетті оқырмандары, жоқтаушылары да ұмытқан жоқ.
Сол оқиғалардың бел ортасында болған, марқұм академик Рымғали Нұрғали былай деген еді: «Қазақ мемлекеттік университетінде 1966 жылы бір жиналыс өтті. Ұйымдастырған – профессор Бейсенбай Кенжебаев пен профессор Хайролла Махмудов. Сөйлегендер – профессор Темірғали Нұртазин, доцент Александр Жовтис, жазушы Тахауи Ахтанов. Әңгіме Мағжан, оның поэзиясы, кітабын бастыру туралы болды. Қауіпсіздік комитеті қызметкерлері жиналысқа келген адамдардың бәрін тізімдепті. Сөйлеген сөздердің бәрі магнитофонға жазылыпты. Кейін білдік, сол жиын туралы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросы арнайы мәселе қараған. Татар Хайролла Махмудов, еврей Александр Жовтис партияда жоқ екен, ал коммунист қазақ Бейсенбай Кенжебаевқа партиялық қатаң сөгіс берілген. Мағжан өлеңдерін орыс тіліне аударып, енді басқалы жатқан «Простор» журналының бас редакторы, жазушы Иван Шухов, осы әрекетті қолдаған Мәдениет министрі Ілияс Омаров қызметтерінен босатылды. «Жастық шақты бойлап» естелік кітабында башқұрт жазушысы Сайфи Құдаш Мағжан Жұмабаевты ұлы ақын деп мадақтады. Сол кітап СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғанда біздің ағайындар (қазақ жазушылары) башқұрттың «ұлтшылын» әшкерелеп, арыз түсірді. Сыйлық берілмей қалды. Тағы да сол Сайфи Құдаш Мағжанның өмірі мен шығармашылығы туралы, оны ақтау керектігін дәлелдеп, Қонаевқа жүз беттік хат-зерттеу жіберді. Бірақ одан ештеңе өнген жоқ».
Осы жолдардың авторы Мағжанды толық ақтап алу жөнінде Ілияс Омаровтың белсенді қызметі және сол үшін қызметінен кеткені туралы деректі белгілі мемлекет және партия қайраткері Асанбай Асқаровтың естеліктерінен де тапты.
Жоғарыда есімдері аталған Б.Кенжебаев, Х.Махмудов бастаған азаматтар Мағжанның күнәдан пәк есімін өз халқына қайтару үшін С.Мұқанов пен Ә.Тәжібаев басқарған Қазақстан Жазушылар одағынан түңіліп, басқа республикада тұратын башқұрт ақыны Сәйфи Құдаштың беделінен үміттеніп, қарт ақынның атынан билік орындарына жазды. Д.Қонаевқа жазған «Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың тағдыры туралы» осы хатқа көз салсақ, шындыққа бір қадам жақындай түсеміз. Мысалы, «Кейбіреулер… өзінің жеке басының бақ-беделін қазақ әдебиетінің мәртебесінен жоғары қойып отыр… Әсіресе, өкініштісі (шынымды айтсам, таңқалғаным!) Сәбит Мұқанов осындай позиция ұстанып отыр. Мағжан туралы хат жазып сұрағанымда, ол сырғытпалап, тіпті кекесінге сүйеп, «қазір М.Жұмабаевтың қамқоршылары жоқ» деп жауап берді» деген жолдар Сәйфи ақсақалдың ғана пікірі емес еді ғой!
Мағжанның қамқоршылары көп еді. Тіпті қарт коммунистердің, Кеңес билігінің салтанат құруы үшін жан-тәнімен беріліп, еңбек еткен қайраткерлердің арасында да. Солардың бірі – Қазақстанның алғашқы жер-су халық комиссары Әшімбек Бектасов есімді бекзада. Партияның үстем билігі, қатаң цензураның кезінде де 1965-1968 жылдары зейнеткер бірінші басшысы Д.Қонаев, Мәскеудегі патша Л.Брежневтің атына, олар болмаған соң Қазақстан Компартиясының кезекті сьезіне, Партияның 25-сьезіне дейін хат жазып, Мағжан Жұмабайұлы сияқты ардақты қазақтың жоғын жоқтап, адал есімін халқына қайтару туралы бірнеше мәрте жазған хаттары, сол үшін алған партиялық сөгісі туралы құжаттар қолымызда. Әшімбек Бектасов деген қарт қайраткер сондай белсенділік көрсетіп жатқан кезде, кейін «мағжаншыл» болып шыға келген талайымыз тасада бұғып, «жаудың» қырсығы тиіп кетпесін деп, арымыздан аттап отырғанбыз. Мәскеудегі Әдебиет және өнер архивінен Әнуар Әлімжановтың хатын таптық.
Мұндай ренішті қазіргі жас ұрпаққа құлаққағыс етіп айтып отырмын. Енді мұндай заңсыздық, саяси-қуғын сүргін болмасын, бола қалса, қол ұстасып, бірге шығыңдар. Қазақтың жоғын бірге жоқтаңдар, жұмсақ орындық, жайлы орын, майлы тамаққа сатылмаңдар! дегім келеді. Надандықтың тереңі – сатқындық. Сатқындықтың неше қилы мысалын профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным Алаш…» деген кітаптарынан оқыңдар. Шырқыраған шындықпен таныс болыңдар, дегім келеді.
Мағжанның өмірбаянындағы аласапыран – оның 1922 жылдың күзінде аяқ астынан Қызылжардан кетіп қалып, Ташкентке баруы. Мағжанның бұл кетуі оның бүкіл шығармашылығының, кейінгі бүкіл өмірі күйреуінің басы еді. Бұған бірден-бір себеп болған сол кезде Петропавлда басшы қызметте болған Сабыр Шәріпов еді ғой. Кейін ол да революцияшыл, қазақ әдебиетінің классиктері қатарында оқулыққа енді.
Заман, заман…
Иә, Мағжанның ұлы сүргін, үлкен қуғынға ұласқан, қайғылы өмірі осылай басталған… Жалғыз Мағжан емес, халқына шын жаны ашығандардың көбінің басына үйірілген қара бұлт…
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің
профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері