Басты ақпаратЕлорда тынысы

Дәстүрмен ұштасқан демалыс

Елордалық оқушылардың биылғы жазғы демалысы ерекше ұйымдас­тырылып, мектеп жанындағы лагерьлер әрі демалыс орны, әрі рухани мекен бола алды. Балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында астаналық мектептерде алғаш рет «Сарыжайлау» этнолагері ашылып, басымдық сондай-ақ археологиялық лагерьлерге де берілді. Бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған тың бастамаға қызыққандар да баршылық. Жазғы маусымның басынан бері мұндай лагерьлерге барлығы 450-ге жуық оқушы барды.

Бүгінгі ұрпақ, әсіресе қала мен қала маңындағы ауыл балалары ұлттық жауһарларды кинолар мен көрмелерден, не белгілі бір мереке, сайыстардың кезінде ғана көрмесе, шынында ұлттық өнімдер мен бұйымдардан, қазақы құндылықтардан алшақтап барады. Ұялы телефонның иіріміне жұтылып бара жатқан кезеңде ұлттық болмысты сақтау, асыл жәдігерлерімізді келешекке табыстау секілді сұрақтар маңызды. Сондықтан осыған дейін қалып­тасқан, таптаурын лагерьлік жүйеге айрықша жаңашылдық енгізіп, ұлттық болмысты тану тұрғысында ұйымдастырылған этнолагерь мен ­археология­ық лагерьді бабадан қалған мұраларды келешек ұрпаққа жалғау­дың алтын көпірі деуге толық негіз бар.

Биылғы жазда демалыстың барлық түрі бойынша 200 мыңнан астам оқушы қамтылды. Балалардың ойын-сауық демалысын ұйымдастыру мақсатында елордалық 10 мектепте 5-8 сынып оқушыларына арналған археологиялық лагерьлер жұмыс істейді. Мәселен, қалалық Кемел Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназияда төрт демалыс бағыты бар. Солардың бірі – «Бозоқ» археологиялық лагері. Ұйымдастырушылардың сөзінше, лагерьдің атауы кездейсоқ таңдалмаған. Аталған мектептің жанында ежелгі Бозоқ қалашығы орналасқан. Осы бағыт аясында тарихи-мәдени орынмен оқушылар кеңінен танысып, саяхат жасап, архео­логияны оқиды.

– «Бозоқ» археологиялық лагерін тарих пәнінің мұғалімдері ұйымдастырады. Олар ғылыми жұмыстар жүргізеді, археологтардың жұмысын айқын көрсетеді. Сондай-ақ оқушылар жақында Ұлттық музейге барып, «Алтын адам» археологиялық олжасымен кеңінен танысты, – деді К.Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Толқын Байжұманова.

Ал лагерь жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Бекбол Нұр­сейі­тов ата-аналардың ықыласына ие болған лагерьге қызығушылық танытып, ерекше құлшыныспен келетін оқушылар көп екенін жеткізді.

«Бозоқ қалашығын археолог Кемел Ақышев ашып, зерттеді. Мен оқитын №69 мектеп-гимназия оның есімімен аталады. Археологтың олжалары біздің мектеп пен қаланың мұражайларында сақталған. Археологиялық лагерьде біз Бозоқ қалашығын және басқа да тарихи ескерткіштерді зерттейміз. Мен ата-бабаларымыз­дың ежелгі жерлерді қалай зерттеп, ашқанын білгім келеді» деп бөлісті 5-сынып оқушысы Мырзабек Сейілқан.

Археологиялық лагерьден басқа, қала мектептерінде этникалық бағыт ерекше танымал. Аталмыш лагерьдің басты ерекшелігі – мұнда оқушылар әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді тереңірек меңгеріп, ұмытылып бара жатқан қолөнер бұйымдарын өз қолдарымен жасап үйренеді. Астаналық 10 мектепте ұйымдастырылған лагерь төрт ауысымға созылған еді.

Солардың қатарында қалалық Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия жанында жазғы «Сарыжайлау» этнолагері оқушылар үшін есте қаларлықтай өтті деуге болады. Бұл жақта күн тәртібі «Қара жорға» биімен басталып, одан кейін «Салт-дәстүрлерді үйрену», «Қолөнер», «Ұлттық тағамдар», «Қыш өнері» сияқты шеберлік сабақтары өткізілді. Бұған қоса, «Ұлттық дәстүрін ұлықтаған ұрпақ» тақырыбында «Әжелер мектебінің» сабақтары, тоғызқұмалақ, бес асық сияқты ұлттық ойындар, робототехника және STEM сабақтары, домбыра мен ән сабақтары ұйымдастырылды.

«Тілімізді, дінімізді, өнерімізді оқушылар бала күнінен бастап бойына сіңіруі керек. Сонда біз нағыз ұлтжанды азаматты, елімізді көркейтетін қыз бен ұлды тәрбиелейміз. Шебер мұғалімдеріміз, әжелер қауымы өскелең ұрпаққа киіз басуды, жүн түтуді, қамшы өруді, басқа да қолөнерді, терімен жұмыс істеуді, ұлттық тағамдар дайындауды үйретті» деді М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия директоры Гүлмира Оралқызы.

Сол секілді этникалық бағыттағы кезекті лагерь «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында №88 мектеп-лицейде өтті.

«Елордада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Мектеп оқушыларының қатысуымен этнолагерь аясында біз текемет басу, үйде дайындалған сары май және басқа да өнімдерді экологиялық таза жолмен қалай жасау керегін көрсеттік. Лагерь барысында біз қойдың жүнін қалай дұрыс алу, жуу, бояу және қайта өңдеу керегі туралы әңгімелестік. Осылайша «Таза Қазақстан» акциясы қаладағы тәртіпті ғана емес, жеке бас гигенасын сақтаудан бөлек, адами қасиеттерді сақтауды да көздейді» деді Ж.Айтова.

Ал бастауыш сынып мұғалімі Ұлдан Жаппарова оқушыларға ата-бабаларымыздың сирек кездесетін мамандықтары туралы айтып, текеметті басудың дұрыс техникасын көрсетті.

«Этнолагерь туралы достарымнан біліп, қызықтым. Мұнда құрт жасауды үйреніп жатырмын. Қазіргі кезде кейбір ұлттық тағамдардың жасалу жолы ұмытылып бара жатқаны рас. Ертеректе әжелеріміз құртты күн сайын жасаса, қазір қаладағы аналарымыз көп жасай бермейді. Біз этнолагерьде осындай құндылықтарды жаңғыр­тып жатыр­мыз» деді 6-сынып оқушысы Әмина Төлеу.

Санаулы күндерден соң, баба өнерін меңгеріп, ұлттық ­ойынын ойнап, домбырамен ән салып, шаттанып жүрген жеткіншектердің небәрі он күнде этнолагерьдегі әсерлі күндерін келер жылға дейін кілт үзуіне тура келеді. Берер тәлімі мен тәрбиесі мол бұл лагерьлердің арқасында жас өрендер ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, ұлттық өнермен танысып, әліппесін таныды.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button