Басты ақпаратШартарап

Керістің соңы келісіммен аяқтала ма?

Трамп Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтатты. Сөйтіп Украинаға бет алған қару-жарақ Польшадағы терминалда, Еуропадағы жеткізу бекеттерінде, порттарда, кемелерде қаңтарылды да қалды. Сонымен қатар, Вашингтон Ресейге қарсы санкцияларды жұмсарту жоспарын да әзірлеп жатыр. Бұл онсыз да 3 жыл бойы жалғасқан соғыстан титықтаған Украинаға қатты соққы болды. Еуропа елдері Украинаға көмектесуге ниет танытқанымен, олардың өндірістік қуаты мен қорлары АҚШ-тікіндей ауқымды емес. Ендеше, АҚШ-тың қолдауынсыз Еуропа Украинаға нақты қауіпсіздік кепілдігін ұсына ала ма? Еуропаның шынайы қорғаныс әлеуеті қандай? Бұл аймақтың АҚШ-қа тәуелділігі қаншалықты? Қазір әлемді толғандырып тұрған сұрақ осы.

Көмектің тоқтауы көрнекті қатер

АҚШ-тың қару-жарақ жеткізуін тоқтатуы тек Украина үшін ғана емес, сонымен бірге НАТО мен бүкіл Батыс әлемінің ұстанымына да әсер етуі мүмкін. Өйткені соңғы жылдары Украина тек АҚШ-тың ғана емес, НАТО елдерінің де әскери көмегіне арқа сүйеп келген. Яғни соғыста қолданылған қару-жарақтың 40 пайызы АҚШ-тан, 30 пайызы Еуропа елдерінен көмекке жіберілсе, қалған 30 пайыз қару-жарақ Украинаның өзіне тиесілі.

АҚШ-тың Украинаға әскери көмекті тоқтатуы соғыстың жалпы барысына үлкен әсер етеді. Еуропа елдері бұл көмекті толық алмастыра алмайды, себебі бұған дейін әуе қорғаныс жүйелері, зымырандар, артиллерия, бронды техника, қосалқы бөлшектер және барлау мәліметтері сияқты негізгі әскери қолдауды АҚШ қамтамасыз етіп келген. Patriot жүйе­сінің зымырандары азайған сайын, Украина әуе шабуылдарына қарсы тұруда қиындық көреді. HIMARS пен ATACMS секілді дәлдігі жоғары зымырандардың жетіспеуі майдандағы жағдайды әлсіретеді. M777 гаубицалары мен 155-мм снарядтар Украина шабуылдарының тиімділігін қамтамасыз еткен еді, ал олардың жеткізілуі тоқтаса, Украина ауыр артиллериялық қарусыз қалады.

Сонымен қатар, АҚШ-тың әскери техникасына қажетті қосалқы бөлшектердің жетіспеуі де соғысқа кері әсер етеді. Барлау деректері мен спутниктік ақпараттың тоқтауы Украина үшін жағдайды одан әрі қиындатуы мүмкін.

Еуропа мен НАТО қорған бола ма?

Өткен аптаның соңында Еуропа елдерінің көшбасшылары Лондонда бас қосып, Украинаға көмек көрсету және оған қауіпсіздік кепілін беру мәселесін жан-жақты талқылады. Осыдан бірнеше күн бұрын Вашингтонда Трамппен кездескен Франция президенті Эммануэль Макрон мен Ұлыбритания премьер-министрі Киир Стармер Ресей-Украина соғысын тоқтату келісімі жасалса, Украинаға бітімгерлік күштерін жіберуге дайын екендерін білдірген болатын. Алайда Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйде Трамппен журналистер алдында сөз таластыруы әлемдік геосаясатта үлкен дүрбелең тудырды. Трамп АҚШ-тың Украинаға қауіпсіздік кепілдігін бермейтінін кесіп айтты және Еуропа әскерін бұл міндетті өз қолына алуға шақырды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан бері АҚШ Еуропаның қауіпсіздігінің негізі кепілі болып келеді.

НАТО құрылған кезден бастап, Еуропаға жүз мыңдаған сарбаз орналастыру арқылы Кеңес Одағының ықпалына қарсы тұрды. Қазірге дейін АҚШ Еуропа аумағында тұрақты түрде 65 мың сарбаз ұстап отыр. Сонымен қатар, НАТО-ға қажетті озық қару-жарақ, қорғаныс жүйелері мен басқа да әскери қаражаттың да үлкен үлесін АҚШ арқалап келеді. 2024 жылы АҚШ-тың қорғаныс саласына бөлген қаржысы 860 миллиард долларды құрап, НАТО-ның барлық мүшелерінің жалпы әскери бюджетін екі орағанын ескерсек, атағы Алатаудай НАТО да АҚШ-қа арқа сүйеп тұрғанын аңғарамыз. Яғни НАТО әскери тұрғыдан қуатты болғанымен, Еуропа әлі де АҚШ-қа тәуелді.

Украинаға көмек тұрғысынан алып айтсақ, 2022 жылы Ресей – Украина соғысы басталғалы бері АҚШ Украинаға 183 миллиард доллардан астам әскери көмек көрсетті. Ал Еуропалық Одақ осы уақытқа дейін Украинаға 141 миллиард доллар көмек көрсетіп, оның 51 миллиард долларын әскери қолдау ретінде ұсынды.

НАТО-ның нақты күші қаншалық?

Қазір НАТО-ның еуропалық мүшелерінде 2 миллионнан астам сарбаз бар, алайда олардың тек бір бөлігі ғана тікелей НАТО басшылығына бағынады. Әскер саны жағынан алып айтсақ, Түркия мен Польшаның әскер саны ең көп – жеке-жеке 481 000 және 216 000 сарбазды құраса, одан кейінгі орында Франция (205 000), Германия (186 000), Ұлыбритания (138 000) тұр. Сондай-ақ НАТО-ның Еуропадағы одақтастарында 7 000 әскери ұшақ, 6 800 танк, 2 170 әскери кеме және 6 авиатасығыш бар. 2006 жылдан бастап, НАТО елдері өздерінің ЖІӨ-нің кемінде 2%-ын қорғанысқа жұмсауға келісті. 2024 жылы Еуропадағы 30 НАТО мүшесінің 22-сі осы межеге жеткен. Қазір Трамп одақтастарынан осы өлшемді 5 пайызға дейін көтеруді талап етіп, «әйтпегенде АҚШ Еуропаның қауіпсіздігіне кепілдік бермейді, керек болса АҚШ бұл ұйымынан да шығып кетеді» деп құқай көрсетуде.

Ресейдің НАТО-ға көзқарасына келсек, Ресей НАТО-ның кеңеюін Украинадағы соғыстың негізгі себептерінің бірі деп санайды. 1949 жылы 12 елден құрылған НАТО бүгінде 32 мүшеге жетті және Ресей шекарасына қарай кеңейіп келеді. Украина, Грузия, Босния және Герцеговина да бұл ұйымға қосылуға ниет танытып отыр.

Қазіргі уақытта әлемдегі әскер саны ең көп елдердің біріне жататын Ресейде кем дегенде 1 320000 әскер бар. Сондай-ақ шамамен 2 миллион әскери қызметші запаста тұр. Ресей әлемдегі ең үлкен ядролық арсеналға ие ел: шамамен 5,580 ядролық оқтұмсығы бар (АҚШ-та 5,044). Әскери техникасына келсек, Ресейдің 4,100 әскери ұшағы, 12,500 танкі, 820 әскери кемесі және бір авиация тасымалдаушы алып кемесі бар. Дегенмен, Украинадағы соғыс Ресейдің әскери қуатына үлкен соққы болды. Батыстық сарапшылардың бағалауы бойынша, Ресей бұл соғыста неше жүздеген танкінен, мыңдаған бронды техникасынан, неше он мыңдаған сарбазынан айырылды.

Қайта мәмілеге келе ме?

Зеленский қанша жерден Трамптың бетінен алғанымен, Украина бәрібір АҚШ-тан қол үзе алмайды. Өйткені Украина үшін АҚШ – тек қару-жарақ жеткізуші ғана емес, ең басты саяси және экономикалық демеуші. Қазіргі соғыста Киевтің жеңіске жетуі немесе кем дегенде өз жерін сақтап қалуы Вашингтонның көмегіне тікелей байланысты.

Екінші тұрғыдан, АҚШ – тек әскери көмек беретін ел емес, Батыс әлемінің көшбасшысы. Егер Вашингтон Украинадан теріс айналса, онда басқа да мемлекеттер АҚШ-тың аялына бағып, Киевті қолдауды азайтуы мүмкін. Сондықтан Зеленский үшін Трамптың саяси шешімдеріне қарамастан, АҚШ-пен қарым-қатынасты сақтап қалу өте маңызды. Яғни Зеленский Трамптың шешімдеріне ашық наразылық танытқанымен, Украина АҚШ-тан толықтай қол үзе алмайды. Бұл – саяси шындық. Егер Украина жеңісті мақсат етсе, Вашингтонның көмегіне мұқтаж болып қала бермек.

Сейсенбі күні АҚШ-тың вице-президенті Вэнс тілшілерге сұхбат бергенде АҚШ-тың Украинаға көмегі мен бейбіт келіссөздер туралы тоқталып: «Трамп Украинаға көмекті тоқтатқан соң, АҚШ бейбіт келісім бойынша Ресеймен бірге жұмыс жасайды. Зеленский бәрібір келісімге келеді. Украина бейбіт келісімге дайын екендігін білдірсе, Трамп бірінші болып телефон тұтқасын алатын болады» деді. Осыдан кейін Украина президенті Зеленский «Украина шынайы бейбітшілікті орнату үшін жылдам арада келіссөз үстеліне отыруға дайын. Бүгінде украин халқы сияқты әлемде бейбітшілікті қалайтын ешкім жоқ. Мен және менің командам бейбітшілікке қол жеткізу үшін көшбасшы президент Трамппен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Біз АҚШ-тың тәуелсіздігіміз бен дербестігімізді сақтап қалу үшін қосқан үлесін бағалаймыз. Әлбетте президент Трамптың Украинаға «Джевелиндер» беріп, бетбұрыс жасағаны да есімізде.

Вашингтон төріндегі кездесуіміз біз жоспарлағандай болған жоқ. Олай болмағаны өкінішті-ақ.

Барлығын да дұрыс атқарар уақыт келді. Біз жүйелі қатынас пен әрі қарай әріптестікті қалаймыз.

Минералдар мен қауіпсіздікке қатысты келісімге келетін болсақ, Украина ол құжатқа кез келген уақытта кез келген форматта қол қоюға дайын» деп мәлімдеді.

Сейсенбі күні Reuters агенттігі «АҚШ пен Украина сирек кездесетін ресурстар мен минералдар туралы келісімге қол қояды. Трамп бұл туралы Конгресс жиынында мәлімдейді» деп жазса, CNN «Зеленскийдің жоспарында жазылған табиғи ресурсты игеру туралы тармақ Трампты қызықтыруы мүмкін әрі ол Украинаның тығырықтан шығу жолына айналуы ықтимал» деп жазған еді. Айтқаны айнымай келді. Сәрсенбі күні АҚШ Президенті Дональд Трамп Конгрестің бірлескен отырысында сөз сөйлегенде Зеленскийдің оған хат жолдап, Киевтің АҚШ басшылығымен келісімге келіп, қақтығысты тоқтатуға дайын екенін білдіргенін айтты. Трамп «Украина тұрақты бейбітшілікті бір қадам алға жылжыту үшін келіссөздер үстеліне мүмкіндігінше тезірек отыруға дайын» деп хаттан үзінді келтірді.

Қысқасы, АҚШ пен Украина арасындағы қарым-қатынас ақырында өзара келісімге келумен аяқталатын сияқты. Вице-президент Вэнстің мәлімдемесі мен Зеленскийдің жауабы екі тараптың да диалогқа дайын екенін көрсетті. Украина бейбіт келісімге мүдделі екенін ашық айтты, ал Трамп бұл процеске араласуға ниетті. Сонымен қатар, екі ел арасындағы минералдар мен қауіпсіздікке қатысты келісім Вашингтон мен Киевтің әріптестігін жаңа деңгейге шығаруы мүмкін. Сирек кездесетін ресурстарды игеру Трамп үшін қызықты ұсыныс болып, Украина үшін тығырықтан шығудың бір жолына айналуы ықтимал. Ақырында, саяси-экономикалық мүдделер қақтығыстан гөрі келіссөз үстелінде түйісетін секілді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button