Руханият

Қазақ рухын оятқан тұлға

ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Қазақ рухын оятқан тұлға» атты фото және архив құжаттарының көрмесі мен дөңгелек үстел өтті.

Оған белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақынның туыстары, Қостанай облысының делегациясы мен Астана қаласындағы М.Дулатұлы атындағы мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Іс-шара тізгінін ұстаған Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы шараның Алаш арысы Міржақып Дулатұлының ұлтқа сіңірген еңбегі туралы айта келе, оның 140 жылдық мерей­тойын мемлекеттік деңгейде атап өтудің маңызына тоқталып, елім деген егей ердің еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын, жас ұрпақтың ендігі бір міндеті азаттық жолында арпалысқан арыстарды ұлықтау екендігіне айрықша тоқталды.

Сондай-ақ іс-шара барысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов арнайы облыс әкімінің құттықтау сөзін жеткізіп, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы аясында облыста жыл бойы танымдық, мәдени іс-шаралар жүргізілетінін, сонымен қатар ­М.Дулатұлының кесенесін жөндеу бойынша істелетін жұмыстарға тоқталып, қазіргі таңда өңірде атқарылып жатқан және ендігі істелетін жұмыстар туралы баяндама жасады. Сөз соңында Алаш атымен күреске шыққан ұландарымыздың еңбегін дәріптеу бүгінгі ғалымдар мен ұрпақтың міндеті екендігіне тоқталып, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлына М.Дулатұлының картинасын сыйға тартты.

Одан кейін сөз алған әдебиетші, тарихшы ғалымдар М.Дулатұлының қазақ тарихындағы рөлін, оның Алаш қозғалысындағы белсенді қатысуын, сондай-ақ ұлт тәуелсіздігі мен ұлттық сана-сезімін дамытудағы еңбегін кеңінен талдады. Сондай-ақ оның тарихи көзқарастары мен саяси күрестерінің қазақ халқының болашақ тарихы үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

Дөңгелек үстелден кейін Ұлттық музейдің Торғай Жангелдин мұражайлар кешенімен бірлесіп ұйымдастырған көрмесі таныстырылды. Аталған экспозицияда М.Дулатұлының отбасына байланысты жәдігерлер алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылды.

Айталық, көрмеде ХХ ғасыр­дың басында қазақ халқына «Оян, қазақ!» деп үн қатқан Міржақып Дулатұлының жеке заттары, әйелі Ғайнижамалдың және балалары Әлібек пен Гүлнардың заттары, сондай-ақ отбасы пайдаланған тұрмыстық бұйымдар мен 100-ден астам сирек фотосуреттері қала тұрғындары мен қонақтарына, студенттер мен мектеп оқушыларына кеңінен таныстырылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button