Uncategorized

Байқоңырлық аналар марапатталды

Кеше Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйым­дастыруымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты шара өтті. «Арулар – асыл жандар» тақырыбындағы кеште Астана қаласы мен Байқоңыр дамуына үлес қосып келе жатқан қыз-келіншектер арнайы марапатталды.

 

Мерекелік шараға аудан әкімі Талғат Рахманберді қатысып, қонақтарды көктемнің көрікті мерекесінің бірі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Сондай-ақ ауданда тұратын алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін тақты.

«Бүгін Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен «Күміс алқа» төсбелгісін алдым. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Жалпы мемлекетіміз ана мен балаларға деген қамқорлығын жыл сайын көбейтіп келеді. Бүгін өзіммен бірге осындай марапат алған барлық аналарды құттықтағым келеді. Бұған қоса Президентіміз бен Астана қаласы және Байқоңыр ауданы әкімдігі аппаратына алғысым шексіз. Еңбектеріңізге жеміс, дендеріңізге саулық тілеймін» дейді алты баланың анасы Мунира Тұрсынбаева.

Мұнан соң Талғат Абайұлы Байқоңыр ауданын көркейту мен дамыту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан әр саладағы нәзік жандарға мерекеге орай Алғыс хат табыстады. Олардың қатарында «ETM SERVICE» тазалау учаскесінің шебері Әсемхан Кәкеш бар.

«Отбасы жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, бауыр еті – баласына бар махаббатын аямайтын аналар жайлы қалай мадақтасақ та жарасады. Ұрпағына өз ұлтының бар адами болмысын себе білген ана құдіретімен еш сезім таласа да алмас. Бүгінгі мерекенің көркін келтіріп, кереметтей кеш ұйымдастырған Байқоңыр ауданы әкімдігіне көп рақмет. Барша астаналық аналарды мерекемен құттықтаймын!» деп тілегін білдірді ол.

Шара соңы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өнерлі студенттерінің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button