Әлеумет

Теменов әлемімен таныстыратын туынды

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті театр және кино режиссері, Қазақстанның Халық әртісі Талғат Теменовтің «Ай астындағы әңгіме» атты кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәртебелі өнер мамандары, белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұған дейін автордың «Гүлназ», «Ой-Жасын», «Айғағым болшы, ақ сәуле», «Таң нұры», «Беймәлім таныс бейнелер» атты кітаптары жарық көрген. Ал жаңа жинағына соңғы жылдары жазылған эсселері мен очерктері, сұхбаттары мен сценарийлері топтастырылған.

Белгілі ақын, Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жүргізген іс-шараны көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай ашып, Талғат Теменов қазақ өнеріне, соның ішінде кино мен театрға, жалпы қазақ руханиятына үлкен еңбек сіңіргенін, авторды ең алғаш жазушы ретінде танығанын атап өтті. Режиссер ұстаздар отбасында туып, анасы Күлшәрия суырыпсалма ақын болғанын, балаларының бойына сөз бен саз өнеріне махаббаттың дәнін сепкенін айтты.

«6-7 жасар кезінде Лев Толстойдың повестерін оқып, қатарластарына түсіндіре бастаған Талғат елдің көз алдында үлкен-үлкен мектептерден өтті, үлкен ұстаздардың алдын көрді. Өзінің шығармаларында «Махаббат бекетінен» бастап қолтаңбасы мен мектебі анық көрініп тұрады. Жаңа кітабынан да мінезі көрінеді екен. Осы кітапты оқып шыққан адам Талғат Теменов әлемімен танысады, бұл әлемге енеді» деді Ғалым Жайлыбай.

Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов әдебиет пен өнер осы заманда адамгершілік негіздерін сақтаудың тетігі екенін айта келе, «осындай кітаптың жарық көруі – ұлттың дамуындағы қажеттілік» деді.

Парламент Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі режиссердің шығармашылығына тоқталып, оның әр шығармасында пайым, парасат, ой барын, кез келген туындысында ұлттың өзегі жататынын, тіпті классиктерге ұлттық сипат енгізіп, заманға сай қоятынын айтты. Талғат Теменовтің бойында зиялылық, қайраткерлік, қаламгерлік қасиеттер ұштасқанын атап өтті.

Танымал актриса, Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әспетова режиссердің адами келбетіне тоқталды. Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев, әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреа­ты Амангелді Кеңшілікұлы, театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылхан, белгілі ақындар Серікзат Дүйсенғазы мен Қалқаман Сарин, қаламы жүйрік журналист, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан жылы лебіздерін жеткізді. Таныстырылымды түйіндеген автор жиналғандарға алғыс айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button