«Қауіпсіз жол» – қоғамдық тәртіп талабы

Жақында Астанада «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп, соның барысында жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуын анықтауға ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында көлік құралын мас күйінде басқару, басып озу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневр жасау, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелінен өту, жолаушылар мен ауыр жүктерді тасымалдау ережелерін сақтау, қоғамдық көлік жүргізушілерінің рейс алдындағы және медициналық тексеруден өтуі, қауіпсіздік белдіктері мен балаларды ұстап тұратын құрылғыларды пайдалану тәртібіне назар аударылды. Сонымен қатар автобустардың техникалық жағдайы мен заңсыз қайта жабдықталуы, техникалық байқаудан өтуі, жүргізушілердің қажетті құжаттарының болуы, яғни жол парағы, көлік құралына тіркеу құжаты, техникалық байқау құжаты тексерілді. Нәтижесінде 3336 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде қоғамдық орындарда мазасыздану бойынша 58 такси жүргізушісі, ҚР аумағында болу ережелерін бұзған 113 шетелдік азамат, тіркеуден өтпеген көлікті айдағаны үшін 47 жүргізуші, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен көлік тізгіндеген 1 жүргізуші, көлік жүргізу кезінде телефон немесе радиостанция пайдаланған 183 жүргізуші анықталды. Сонымен қатар жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдігін пайдалану ережелерін бұзған 484 жүргізуші, маневр жасау ережелерін бұзған 162 жүргізуші, қарсы жолаққа шығып кеткен 61 жүргізуші, бағдаршамның тыйым салынған сигналына қарамай жолдан өткен 129 жүргізуші, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 108 жүргізуші, апаттық жағдай туғызған 111 жүргізуші, мас күйінде көлік жүргізген 25 жүргізуші, жүргізу құқығы жоқ болса да көлік айдаған 55 жүргізуші, медициналық куәландырудан бас тартқан 2 жүргізуші, белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен 591 жаяу жүргінші, жол жөндеу, теміржол өткелдерін және басқа да жол инфрақұрылымдарын ұстау талаптарын бұзған 23 ұйым жауапқа тартылды. Ал бұрын жүргізуші құқығынан айырылған 5 адам, алдын ала рейстік және медициналық тексеруден өтпеген такси көліктерін шығарғаны үшін 10 такси компаниясының жауапты тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Іс-шара барысында БАҚ өкілдерімен бірлесіп, жолдарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді, жедел-алдын алу іс-шарасының барысы кеңінен жарияланды. Жол-көлік оқиғалары жиі болатын орындарда кезекшілік күшейтілді, жұма күндері «Жаяу жүргінші», демалыс және мереке күндері «Мас жүргізуші – қылмыскер» алдын алу іс-шаралары өткізілді. Жаяу жүргіншілердің қауіпті жерден өтуін болдырмау мақсатында дыбыстық және жарықтық хабарлау құрылғылары арқылы жол қозғалысы ережелерін сақтау жөнінде ескерту жұмыстары ұйымдастырылды, – дейді Астана қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Әділбеков.
Оқу орындары мен халық көп жиналатын жерлердің маңында патрульдік нарядтар мен жаяу кезекшілік қойылып, көліктерге күшейтілген тәртіпте бақылау жүргізілді. Астана қаласының ПД Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы патрульдік нарядтардың жұмысы жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуын болдырмауға бағытталды.