Ақшаңнан айырылып қалма!

Соңғы уақытта елімізде алаяқтықтың жаңа түрі кең таралуда. Алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалып, олардың шоттарына қауіп төніп тұрғанын айтып, SMS арқылы келген кодты сұрайды. Бұл кодты алған соң, алаяқтар жәбірленушінің шотынан ақшаны шығарып, тіпті оның атына несие де рәсімдейді.
Алаяқтар SIP телефония сияқты бағдарламалық құралдарды қолданып, банктердің ресми нөмірлерін көшіріп, сенімділікті арттырады. Қоңырау барысында олар шоттағы күдікті әрекеттер туралы хабарлап, мәселені шешу үшін SMS-кодты айтуды немесе қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатуды сұрайды.
«Көп жағдайда алаяқтар клиенттің картасына немесе банк шотына сырттан қол сұғылып жатқанын айтады. Шотты бұғаттамау үшін дереу әрекет ету керектігін ескертеді. Осылайша, қауіпсіздік шаралары үшін SMS-кодты сұрайды. Кей жағдайда AnyDesk, TeamViewer секілді қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатуды талап етеді» дейді банк қызметкері Анар Қарымсақова. Оның айтуынша, банк қызметкерлері ешқашан код сұрап, клиенттерге хабарласпайды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың өзінде елімізде қаржылық алаяқтық бойынша 15 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Оның ішінде 60%-дан астамы – дәл осы банк қызметкерлері атын жамылған қоңыраулар арқылы жасалған.
«Соңғы уақытта алаяқтар азаматтарды алдап, олардың жеке деректері мен қаражатын жымқыру мақсатында өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, қоңырау шалатын жағдайлар көбейді. Біз азаматтарды мұқият болуға және ешқашан бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерін, әсіресе SMS-кодтарды бермеуге шақырамыз» дейді Қазақстан Ұлттық банкінің өкілі Данияр Жұмабеков.
Ендеше, мамандардың дайындаған кеңесіне назар аударып жүрсек, жақындарымыз бен өзімізді қаржылық алаяқтардан қорғайтын боламыз.
Алаяқтардан қорғану жолдары:
1. Жеке деректерді ешкімге айтпаңыз. Банк картасының нөмірі, CVV-коды, PIN-коды, интернет-банкинг құпиясөзі мен SMS-кодтар тек сізге ғана белгілі болуы керек.
2. Қоңырауларға сенбеңіз. Егер банк қызметкерімін деп біреу хабарласса, әңгімені тоқтатып, банктің ресми нөміріне өзіңіз қоңырау шалыңыз.
3. Қашықтан басқару бағдарламаларын орнатпаңыз. Банк немесе басқа ұйымдар сізден телефонға арнайы бағдарламалар орнатуды сұрамайды.
4. Ресми ақпарат көздерін пайдаланыңыз. Күмәнді жағдай туындаса, банктің ресми сайтындағы ақпаратты тексеріңіз.
5. Алаяқтық туралы хабарлаңыз. Егер сіз алаяқтардың қоңырауын алсаңыз, бұл туралы банкке және құқық қорғау органдарына хабарлаңыз, тексеріңіз.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ,
студент