Астана студенттері туындыларының көрмесі өтті

ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің туындылары қойылған «Өлеңмен өрнектелген көктем сыры» атты шығармашылық көрмесі ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, жоғары оқу орнының өкілдері, әскери қызметшілер мен студенттер қатысты.
– Біздің мұражай Қазақ ұлттық өнер университетімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл төртінші бірге өткізіліп жатқан көрме. Мұнда Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған және бейбітшілікті, жақсылық пен жаңаруды тілейтін қазақстандықтардың тамаша көңіл-күйін жеткізетін наурыз айындағы күн мен түннің теңелуіне арналған шығармалар. Алда көптеген бірлескен жобалар болатынына сенімдімін, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталық бастығының орынбасары майор Дәулет Қадыров.
Көрме экспозициясы екі бөлімнен тұрады. Біріншісі қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналды.
Онда Абайдың портреттері мен көркем суреттері берілген. Жас суретшілер рухани тәлімгердің «Ескендір», «Масғұт» поэмаларын, «Қара сөздерінен» сюжеттерін, «Көзімнің қарасы» музыкалық шығармасын бояу өнерімен көркем жеткізді. Қазақ көшпенділерінің өмірі туралы «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы», «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» және т. б. өлеңдері ерекше мақамда картиналардан көрініс тапты.
Көрменің екінші бөлімі көктем мен табиғаттың жаңаруы тақырыбына қатысты суреттерден тұрады. Бұл суреттер ұлттық нақышымен және көктемдей қанық түстермен ерекшеленеді.
Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өнер факультеті мен колледжінің студенттері Әскери-тарихи музей мен ЖОО арасында жасалған меморандумның арқасында өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік алды. Тараптардың ынтымақтастығы жас ұрпақты мәдениет пен рухани құндылықтарға баулуға бағытталған.
Іс-шара Абай Құнанбаевтың әндері айтып, өлеңдерін оқыған студенттердің өнерімен аяқталды.