Шегірткемен жасанды интеллектінің көмегімен күреспек

Ауыл шаруашылығы министрлігі бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені және геоақпараттық жүйені әзірлеу мен енгізуді қолға алмақ. Бұл туралы толығырақ Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бүгін елордада Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйытқы болуымен азық-түлік жүйелерін қайта құру бойынша әлеуметтік жобаларды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтіп жатыр.
— Еліміз географиялық орналасуына байланысты ауыл шаруашылығы дақылдары көптеген зиянкес үшін қолайлы. Атап айтқанда, ел аумағында үйірлі шегірткелер (азиялық шегіртке, марокко шегірткесі, итальяндық прус) кеңінен таралған. Осыған байланысты, біздің министрлік бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені және геоақпараттық жүйені әзірлеу мен енгізуге қызығушылық танытып отыр. Бұл жүйелер ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғау жұмыстарын оңтайландыру және елдің ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қажет. Осы орайда біздің министрлік ФАО-дан (БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) қаржылық көмек көрсету мүмкіндігін қарастырып, жасанды интеллекті қолданатын ақпараттық жүйелер мен технологияларды «Жердің тозуы» жобасына компоненттер ретінде енгізуді сұрап отырмыз, — деді Ермек Кенжеханұлы елордада өтіп жатқан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған дөңгелек үстел барысында.
Сондай-ақ вице-министр цифрлық технологияларды мал шаруашылығы саласына да енгізуге ерекше мән берілетінін мәлім етті.
— Ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігі мен халықаралық нарық талаптарына байланысты, қадағалау жүйесін дамыту саланың тұрақты дамуының негізгі элементіне айналып отыр. Соңғы жылдары Қазақстан цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізіп, мал есебінің ашықтығы мен тиімділігін, олардың жай-күйін, ветеринарлық қауіпсіздігі мен өнім қозғалысын бақылауды қамтамасыз етіп отыр. Мал шаруашылығының барлық циклін қамтитын электрондық жүйелер әзірленіп, енгізіліп жатыр. Алайда, жаңашылдықты одан әрі дамытып, кеңейту үшін халықаралық тәжірибені тарту қажет, осы орайда БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Халықаралық ұйымды мал шаруашылығын қадағалау жүйесін жетілдіру және кеңейту бойынша стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз, — дейді ол.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы келесі бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істемек:
— Озық халықаралық тәжірибені ұлттық жағдайға бейімдеу;
— Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
— Блокчейн мен жасанды интеллект секілді инновациялық технологияларды енгізу;
— Ақпараттық жүйелерді бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіру;
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспары қабылданды.
Айта кетейік, былтыр ауыл шаруашылығы өнімдері көлемі 13,7%-ға артып, сала үшін рекордтық маусым болды.