Әлеумет

Әжелер клубының игілікті ісі

Астана қаласының Байқоңыр ауданында Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «80+ Әжелер» клубы оқушы қыз балалармен мерекелік кездесу өткізді. Шарада ісмер әжелер ұлттық қолөнерді дәріптеп, қыздарға тігіншілік өнері бойынша шеберлік сабағын көрсетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

 Әжелерге арналған «80+ Әжелер» клубы былтырғы жылдың жаз айларынан бастап жұмыс істейді. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында құрылған клуб зейнеткерлерге ерекше мүмкіндіктер беруде. Атап айтсақ, мұнда әжелеріміз әртүрлі іс-шараларға қатысып, жас буынға өмірлік тәжірибелерін бөлісіп отыр.

Клубтың тұрақты құрамы 8 адамнан тұрады. Аманкеш Зекенова, Аманбала Мамбетова, Айман Асмаева, Рсалды Такеева, Роза Тәшенова,  Раиса Сүндетова, Нұркеш Шуақпаева, Кенжетай Нұркенова, Дина Телғожина, Күләш Дәулетова, Раиса Дойтпанова мен Ақбөпе Аймағамбетова аптасына бір рет жиналып, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын, киім-кишектер тігеді, білгендерін оқушылар мен жастарға үйретеді. Бұл жерде ісмер әжелер тобы ұлттық шапан мен кимешектерді, балаларға арналған қамзолдарды, сөмкелерді, белдемше мен сәнді орамалдарды, құрақ көрпе мен жастықтарды, панно бұйымдарын өз қолдарымен тігіп келеді.

«80+ Әжелер» клубының ашылуына қолөнер үйірмесінің жетекшісі Балым Өмірзақова мұрындық болған. Ал орталықта пішу, тігу, тоқыма тоқу сынды түрлі үйірмелер 3 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді екен. Бүгінде одан 300-ден аса әже дәріс алыпты.

«Бұл – әлеуметтік жоба. Халықтың мәдени  құндылықтары мен салт-дәстүрлерін жалғастыруды мақсат тұттық. Яғни ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан ұлттық қолөнерімізді жаңғырту, жалғастыру болып табылады. Біздің орталықтағы әжелер өздерінің өмір тәжірибесінен көрген қолөнердегі жұмыстарын жас буынға үйретіп отыр. Сондай-ақ қаладағы кейбір үлкен апаларымыз орталық үйірмелеріне қатысып, қосымша сабақ та алады. Олардың арасынан да өз қабілетін көрсеткендер оқушыға қолөнер бұйымдарын тігуді  үйретіп те жатыр» дейді Балым Өмірзақова.

Балымның сөзінше, биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына орай, жобаның аты «80 + Sheber Shop» деп аталыпты. Яғни орталықтағы әжелер өз бұйымдарын тігіп қана қоймай, әлеуметтік желіде сата алады.

«Әжелерінен үйренген қолөнерді мектеп оқушылары қазір өз үйлерінде тігіп алып жүр. Құрақ құрау, тақия мен қажекейді оңай пішіп жүргендер де бар. Әшекейлеп тігу, тоқыма тоқуды да тез игеруде. Біздің әжелер мен оқушыларды біріктірудегі мақсатымыз – біріншіден, олар біліп тұрғанмен, физикалық жағынан шаршап қалып та жатады. Осындай кезде оқушы қыздарымыздың ептілігі көмекке келеді әрі өздері де үйренеді емес пе? Жалпы балалар көп жағдайда тігін тігу не басқа ісмерлікті тез қағып алады» дейді үйірме жетекшісі.

Ал әжелер қауымы алдағы уақытта клуб жұмысын дамытуды жоспарлап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін білгенін үйретуге жалықпайтынын айтады. Сондай-ақ орталық пен қала мектептерінің кейбірі ортақ меморандумға отырған. Қазір ондағы шәкірттер бос уақытын осында өткізіп, қариялар үйреткен қолөнерді жалықпай үйренуде.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button