Аутизмнен оңалтатын орталық

Астанадағы «Qadam special school» ЖШС аутизмі бар балаларға арналған түзету орталығы 2021 жылы ашылды. Құрылтайшысы Айсұлу Берікқызының үлкен ұлы Ілиясқа аутизм диагнозы қойылған. Қаржылық мүмкіндігі болса да, елде ұлының еміне қажет орталықтар жоқ екенін түсінді. Түркиядағы спорттық-түзету сабақтарына қатысып, елге оралғанда мұның бәрін жалғастыратын орын болмайды. Сол кезде қалада осындай орталықты неге ашпасқа деген ой келеді. Өйткені, бәрінің бірдей шетелге баруға және олардың қызметіне ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ол осы орталықты ашады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Орталық директоры Жұлдыз Тұрғынбектің айтуынша, мекемеде 40-қа жуық бала 2 ауысыммен ем алады.
-Біздің жұмысымыз жеке түрде жүргізіледі, сондықтан 1 бала – 1 маман немесе жаттықтырушы түрінде қызмет көрсетіледі. 1 ауысымда ересектердің саны балаларға қарағанда көп болады. Өйткені, орталықта қызметкерлердің де бар екенін ескеру қажет. Бізде шамамен 25 қызметкер еңбек етеді. Орталық спорттық және академиялық деген 2 бағдарламамен жұмыс жүргізеді. Спорттық бағдарламаға дене шынықтыруды жалпы нығайту және дамыту жұмыстары кіреді, сондай-ақ велосипедпен және роликпен жүруді, шаңғы және конькимен сырғанауды, баланың дайындығы бойынша үстел теннисін ойнауды үйрену және т. б.белсенді іс-қимылдар кіреді. Ал академиялық бағдарламаға екі бағыт бар, біріншісі мектепке дайындау және мектепте алған білімді бекіту.
Сонымен бірге бұл бағдарламаға лого ритмика, фортепианода ойнау, әлеуметтік тұрмыстық бағдар және шығармашылық дамыту жатады. Көбіне біз ата-аналар академиялық жетістікті көздеп, баланың сөйлеуі, жазуы, оқуы үшін көбірек күш жұмсаймыз, бірақ балалардың балалық шағын ұрлайтынымызды ұмытып кетеміз. Сондықтан балалардың сабақтарын тек орталық ғимаратында ғана емес, сонымен қатар таза ауада, мысалы, саябақта өткізуге тырысамыз. Мұның бәрі баланың шығармашылық қабілетіне сай дағдылары уақыт өте келе олардың бос уақытында шұғылданатын іске айналуы үшін керек, – дейді Ж. Тұрғынбек.
Спикер мұндай балаларды әлеуметтендіру, жұмысқа орналастыру және мүмкіндігінше тәуелсіз өмірге бейімдеу туралы мәселені көтеру керектігін айтады. Өйткені, қазір олардың көбі өмірге мүлдем бейімделмеген, ең бастысы, қоғам мұндай адамдарға бейімделмеген.
-Бүгінгі таңда біз әкімдікпен бірлесіп аутизмі бар адамдарға арналған спорт орталығын салуға қатысты жұмыстар жүргізудеміз. Әкімдік жер бөлді, құрылыс салу және жарақтандыру құрылтайшының өз қаражаты есебінен болады. Болашақта командамыздың және жоспарланған спорттық ғимараттың арқасында біз аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар адамдарда оң дағдыларды бейімдеуге және дамытуға көмектесе аламыз деп үміттенеміз, – дейді орталық директоры.
Райхан Рахметова