Қоғам

Құшақ-құшақ қуаныш сыйлаймыз

Қазақта гүл сыйлау бола қоймаған. Әкеміз шешемізге гүл сыйласа, оның «не үшін алып келдің, қурап қалады ғой» деп кейіген сөзін естіп келдік қой. Осыдан 11 жыл бұрын бизнесті қолға алғанда гүл сыйлаудың басқа қырына мән бергім келгені осыдан болар. Бүгінде гүл сыйлау мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, тек қана гүл шоғын емес, құшақ-құшақ қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйлаудың бір көрінісіне айналдырдық десем артық айтпағаным болар.

Әдемі гүлдердің адам жүрегінің түкпірінде жат­қан сезімді тербетіп, жүзіне қуаныш үйіріп, жүрегін шаттыққа толтыратын құдіреті бар. Бизнестен бөлек, саудамыздың эмоционалдық жағы кәсібімізді дөңгелетіп алып кетуге мол әсерін тигізді.

Астанада қыс ұзақ, сондай күндерде адам баласы жаздың жарқын сәттерін еске түсіріп, жылы сезімді бастан өткергісі келеді. Содан да болар бүгінгі жастар еш себепсіз-ақ бір-біріне гүл сыйлап жатады. Бұл істі әсіресе әйелдер жақсы көреді. Жақын-жуығына, әріптес құрбыларына, жасы үлкен апаларына әдемі гүл сыйлау дәстүрге айналуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын 14 ақпанда қызыл раушан гүлдерге деген сұраныс күрт өсіп кететін. Қазір бұл үрдіс ғашықтар күні саналатын 15 сәуірге ауысты. Осы күндері қаланың халқы гүл сыйлауға ықыласты екенін статистика көрсетіп отыр. Тек мейрамдарда ғана емес, жеке адам үшін кішігірім атаулы күндерде, жеке қуанышында риясыз көңілін білдіріп, жақынының жанын жадыратқысы келсе, гүлден артық нәрсе жоғын әрбір астаналық біледі десем болады.

Ер-азаматтар көбіне анасына, жарына, бәлкім, мектеп, оқу орнын бітірген қыздарына гүл шоқтарын сыйласа, құшақ-құшақ қуанышқа толы гүл сыйлаудан әйелдер алдына жан салмайды. Қазақстан бойынша бірнеше дүкеніміз бар. Онлайн-саудаға біртіндеп ауысып жатырмыз. Негізі, жеткізіп бергеннің де өзіндік әсері бар, алайда офлайн, яғни өзің келіп таңдап алғанның, гүл сатушылардан ақпаратқа қанығып, тіпті гүлдің түр-түсіне де қатысты өз шешіміңнің жөні бөлек. Бізде көбіне сатып алушылар өздері келіп алады. Гүл сыйлаудың екі жақты қуанышын айттым. Сатып алған адам сыйлайтын адамының нені ұнатып, нені ұнатпайтынына мән беріп, оның қалауын табуға тырысуының өзі – жақсы нәрсе. Ол – мәдениеттің бір белгісі, адамның сыйласқан адамына деген ықыласы. Жаны әдемілікке жақын әйел гүлді сатып алып бір қуанса, гүл ұсынған адамының қуанышын көріп тағы риза көңілмен төбесі көкке жеткендей болады. Ортаны әсемдікпен толтыратын гүлдің бір кереметі осында жатыр.

Бұрын гүл сату кәсібінің аса дами қоймауының бір себебі оның арнайы дүкендерде сатылмауынан да болар. Дүкендердің бір бұрышында көзге қораш, еш күтімсіз азып-тозып тұратын гүлдерге адамдар атүсті қарайтын. Тартымсыз болған соң сыйлауға да құлықты бола бермейтін. Біз де осы қателікті жібермес үшін әдемілікке мән бердік, гүл сататын орындарды көркем безендіріп, гүлмен қосып сыйлық та ала кетсін деген оймен әртүрлі талғамға сай сыйкәделерін қамдадық. Бренд тәттілерімен бірге заманауи маркетингтің де әлеуетін қолдандық. Сонда қарапа­йым сауда өнерін түрлендіріп, келген адамға гүлмен қоса, осы дүкендердегі жылу мен қуанышты ала кетуіне мән бердік. Қала тұрғындары да бізге бизнес иелеріне емес, жағымды көңіл күй сыйлаған жақындай қарайтын болды. Міне, үлкен еңбектің арқасында биік деңгейге жеткіздік.

Трендте қандай гүл бар дегенде 70 пайызын раушан гүл құрайды. Өткен аптада ғана 115 тонна гүл алып келдік. Мереке қарсаңында бүкіл еліміздің нарығына тарайды. 8 наурызды кішігірім гүл дүкендері асыға күтеді, осы күні жыл бойында пайдасын түгендеп алуы мүмкін. Біздің кәсіпорынның тұрақты қызметкерлері, олардың әлеуметтік пакеті, жалақысы, салығымыз дегендей шығыстарымызды бір наурызбен жаба алмаймыз. Алайда Халықаралық әйелдер күнін күнделікті тірлігіміздегі бонус деп қабылдаймыз. Біз үшін жыл – он екі ай сауданың тұрақты өсімін көрген маңызды.

Қанша дегенмен мерекенің аты – мереке! Осы күні ер-­азаматтар таңертең кезекке тұрып, қалаулыларына қалаған гүлдерін сатып алып жатады. Ай басталғалы корпоративті тапсырыстар түсуде. Гүлдеріміз елордада еңбек етіп жатқан нәзік жандарға тарту етіледі. Бұл да қалыптасқан дәстүр.

Әлеуметтік жоба бойынша астанада 10 жылы аялдаманы өз қаражатымызға саламыз. Жақында «Гүлдер» ансамблі­нің 55 жылдығын өткізу концертіне демеушілік көрсеттік. Флорист мамандарын дайындауда үлкен жобаларымыз бар.

Бизнестің аты – бизнес, жауапкершілігі жоғары. Тек өзің емес, компанияда жұмыс істейтін барлық адамның жағдайына жауаптысың. Алайда жұмысты жолға қойып, бір мақсатқа жұмылдыра білсеңіз, кездескен қиындықтарды елемеуге болады. Ана, жар, әріптес ретінде де көп нәрсеге үлгеру керек. Отбасы, қас-қабағына қарайтын енесі, келетін қонағы, құятын шайы бар дегендей, оның бәрін ешкім мойнымнан алып тас­таған жоқ, әрине. Осының бәріне күш-жігер, жаныма үйлесім беретін өз бизнесімді – «Romantic» брендін жақсы көремін!

Гүлзат ІЗБАСАРОВА, «Romantic» ЖШС директоры

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button