Алашты оятқан арулар

Ғаламның сұлулығы да, жылулығы да – әйелде. Қазақ халқы қыз баланы қонақ деп төрге отырғызып, «алып анадан туады» деп аналарды аса қатты құрметтеген. Әрі әйел теңдігіне ежелгі тарихымыздан-ақ айрықша мән берген халық екендігіміз де анық.
Егер біз әйел затын еркектерден кем санайтын халық болсақ, онда Тұмар сияқты ел басқарған патшайым қыздарымыз болмас еді. Демек біз – қалай болмасын халық ретінде ананың қадірін, қыздың құнын түсірмеген ұлтпыз. Оның үстіне қазақ қыздарының қай заманда болмасын білімі де, өресі де басқалардан кем түскен емес. Халықаралық әйелдер күніне орай біз сондай зиялы аруларымыздың «Алаш орда» үкіметі кезеңінде де болғанын мақтанышпен айтып, солардың өнегелі істерін еске салғымыз келді. Өйткені аталған мерекенің шығу тарихының өзі теңдік сұраған әйелдердің қозғалысынан басталады.
Ал Алашорда үкіметінің тұсында қазақ халқының қаракөз аруларының теңдігін сұрап, қазақ әйелдерінің құқын қорғаған аруларымыз туралы не білеміз? Мәселен, XX ғасыр басы ұлттық тұтастық негізінде саяси өрлеуге, сапалық өсуге талпынған кезең болғаны шындық. Міне, осы кезде қазақ зиялылары жаппай ағартушылықпен шұғылданды. Халықтың көзін ашуға құлшынған зиялы қауымның қатарында қазақ қыздары да болды. Олар сол замандағы қазақтың қалам ұстаған жігіттерімен қатар ой қозғап, өз пікірлерін газет-журналдарда жазып тұрды. Осылайша, қазақтың алғашқы журналист қыздарының жазбалары «Айқап» (1911-1915) журналында және жалпыұлттық «Қазақ» (1913-1918) газетінде жарияланып, алғашқы журналистік мектебі қалыптасты. Оған 1916 жылы Ташкент қаласында «Алаш» газетін шығарған Көлбай Төгісовтың жұбайы Мәриям Төгісова мысал бола алады. Одан кейін де қазақтың бір топ журналист қыздары 1925 жылы «Теңдік» деген журнал шығарып, кейін оның атын «Әйел теңдігі» деп өзгерткені турасында да ақпарат көп.
Мейлі, қалай болмасын бұл қыздарымыз қазақ қоғамында аса жоғары беделге ие, біздің ұлттық діңгегіміздің діңіндей болып тұрған санаулы шоғыр деуге болады. Ал Мәриям Төгісова – сол шоғырдың ең басында тұрған қазақтың зиялы қызының бірі. Жоғарыда айтқанымыздай, 1916-1917 жылдары «Алаш» газеті Ташкентте қазақша басылып шыққанда басылым туралы алғашқы хабар Орынборда шығатын татардың «Уақыт» газетінде жарияланды. Ал «Алаш» газетінің алғашқы саны 1916 жылы 26 қарашада шыққан. Сол кезде қазақтың алғашқы журналист қызы Нәзипа Құлжанова Семейден арнаулы «Алаш жолына» деген құттықтауын жолдап: «Алашым – ғұмыр жасың ұзақ болсын, жүргенде жолың болсын. Жолдасың апа-қарындас, аға-іні жұртың болсын. Айтқаның ақ болсын, алды-артың бақыт болсын!» деп, ала жіп тұсауды Алмаспен кеселік!» деген ақ тілегін айтып, газеттің ғұмырлы, халыққа пайдалы болуына тілектестік білдірген екен.
Міне, осыдан кейінгі журналдар да қазақ әйелдерінің теңдігін, ұлтымыздың қыздарының көзі ашық болуын қалаған алашшыл арулардың легі көбейе түскенін айтады белгілі алаштанушы ғалым, мұрағат жинаушы Абай Мырзағали.
– Қазақтың ұлттық автономиясы «Алашорда үкіметі» таратылған соң алаш зиялылары халық ағарту ісіне баса мән берді. Алғашқы қазақ оқулықтары мен оқу құралдарын құрастырып, жазды. Бірінші кезекте ағартушылық жұмыспен қатар, денсаулық сақтау, жұқпалы аурулардан сақтануды дұрыс жүргізуді дәріптеді. Денсаулық жайында көптеген кітап аударып, оларды қазақ тұрмыс-тіршілігіне бейімдеп қайтадан жазды. Олардың қатарында Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанқызы, Нағима Арықова, Сара Есова, Шолпан Иманбаева сынды қазақ қыздары болды, – дейді ғалым.
Иә, бұл тізімге қазақ, орыс, француз тілдерін білген Гүлайым Байғуринаны, Еуропадан арнайы грант ұтып алып, медициналық университетте оқып келген Гүлсім Асфендиарқызын, тағы басқа да қазақтың зиялы қыздарын қоса беруге болады. Жоғарыда аты аталған Аққағаз Досжанова – Мәскеудегі Бүкілресейлік мұсылмандар съезінде мұсылман әйелдерінің жағдайын айтып, олардың құқығын қорғап сөйлеген қыз. Айта берсек, бұл сияқты қыздарымыз көп-ақ. Тіпті сталиндік репрессия кезінде атылып кеткен 25 мың қазақтың ішінде Шахзада Шонанова, Торғай Сүлейменова, Мамиллия Таңатова сынды қазақтың үш қызы да болғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Ал енді А.Мырзағалидан алған деректеріміз бойынша жоғарыда ғалымның атап отырған қазақ қыздарының есімдеріне тоқталсақ. Нағима Ыдырысқызы Арықова (1902-1956) Қазақстанда кеңес үкіметі орнаған соң әйелдер қозғалысына белсене қатысқан. Алматы мен Семей қалаларында мұғалім болып, «Сталин жолы» («Қазақстан әйелдері») журналының редакторы (1932-37), Қазақ КСР әлеуметтік қамсыздандыру халкомы (1937-38) қызметтерін атқарған аса ірі тұлға. Кейін Қазақтың мемлекеттік баспасында редактор, редакция меңгерушісі болған. Ол қазақ әйелдерінің теңдігін қорғап, олардың сауатын ашу, мәдениетке баулу ісіне елеулі үлес қосқан. Ғалымдардың дерегінше, «Әйел теңдігі» журналын, негізінен, қазақ журналист қыздары шығарған. Бұл сөздің жаны да бар. Өйткені архив деректеріне сүйенсек, аталған журналдың 1932-1934 жылдары жарық көрген сандарының соңында Нұржамал Сәнәлиеваның қолы қойылған болса, 1934-1935 жылдар аралығында аталған журналға Нағима Арықова басшылық еткен. Нағима Арыққызы, Алма Оразбайқызы, Сара Есқызы, Аққағаз Досжанқызы, Рақия Ермек келіні, Нәзипа Құлжан келіні, Мағрипа Қойайдарқызы, Сара Қапа келіні, Шолпан Иманбайқызы, Мадина Бегалі келіні сияқты қазақтың қыздары аталған журналға тұрақты түрде мақала жазып отырған.
Олардың елден ерек қағылездігі мен білімі алашты көркейту жолында тер болып төгілді. Мысалы, Сара Есова да (1903-1984) Нәзипа секілді жолын мұғалімдіктен бастаған қазақ аруы. 1919 жылы Орынбордағы әйелдер педагогикалық училищесін бітіріп, Қызылорда мен Ташкентте бала оқытқан. Революциядан кейін партия ісіне араласқан. 1920 жылдан бастап Ғани Мұратбаевпен бірге Түркістан комсомолы орталық комитетінде қызмет істейді. 1922 жылы Жетісуға қоныс аударып, партия комитетінің органы «Тілші» газетін шығарды. Ал 1925 жылы «Әйел теңдігі» журналының редакторы болып тағайындалады. Одан кейін Сараның өмірі саясатпен біте қайнасып, 1938 жылы зайыбы Ораз Исаевпен бірге қамауға алынады. Тоғыз айдай тергеу абақтысында отырып, соңында Сараны Лениннің әйелі Надежда Крупская құтқарады. Ол Сталиннің қабылдауында болып, «күйеуі үшін әйелі жауап бермейді» деп Сараны абақтыдан алып шығады. Ал жары Ораз 1939 жылы ату жазасына кесіледі. Сондай қайсар қыздарымыздың қатарында тұрған Шолпан Иманбаева небәрі 23 жас-ақ жасайды. Ол – соның өзінде қазақ әйелдерінің мұң-мұқтажын, арман-тілегін өте өткір жырлаған жан.
Оның өмірі мен өлеңдері туралы алғашқы зерттеуді Нәзипа Құлжанова жазған. Ол ақын қайтыс болғанына жеті ай болғанда 1927 жылдың наурыз айында «Әйел теңдігі» журналына «Ақын Шолпан» деген мақала жариялаған. Қарап отырсаңыз, сол кездегі көзі ашық қазақ қыздары бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп отырған.
Ғалым, зерттеуші А.Мырзағали қазақтың сауатты қыздары қай заманда да көп болғанын айтады. Әсіресе алашордалықтардың тұсында Мағжан, Міржақыптармен қатар елді оятуға үндеу салған қыздардың көп болғанын айтады.
Сол кездегі «Айқап» журналының тағы бір жазушы қызы Гүләйім Өтегенқызы да қазақ қыздарын оқуға, білім алуға үндеп, өлең-жыр жазады. «Қазақ қыздарына» деген өлеңі «Айқаптың» 1912 жылғы №8, №9 сандарында жарияланды. Мұнда Гүләйім қазақ қыздарының теңдігі туралы айта келіп, қыздардың жаңаша оқуы керектігін, болашақ аналардың бала тәрбиесінде әкелермен бірге жауапкершілігі де тең екенін, сондықтан қазақ қыздары болашақ ана ретінде ұл балалармен тең оқуы қажеттігін баяндайды. Ал сол «Айқап» журналындағы үшінші қазақ қызы Мәриям Сейдалинова болса «Зарлау», «Тұр қазақ», «Көздер» сияқты жырларымен қазақ халқын оқу-білім арқылы көзін ашып, дүниені тануға үндейді. Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» болып ызыңдап, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» деп ұран салғанына қазақ қызы Мәриям Сейдалинова да үн қосып, «Тұр, қазақ!» өлеңін жазып, жариялайды. Ол өз өлеңінде өткен күннің мақтаны үшін емес болашақ үшін талпыну керектігін, жер мен елдің болашағы тек оқыған жастар қолында екенін айта келіп, ол қатарда қазақ қыздары да оқу мен білімнен үлес алса деген ойын білдіреді. 1913 жылы Орынборда шыға бастаған қазақтың алғашқы ұлттық басылымы «Қазақ» газетінде де қазақтың журналист қыздары қалам тербеп әртүрлі тақырыптарда мақала және хабарлар жаза бастады. Қазақтың алғашқы мұғалима қыздары туралы да ақпарат осы газетте кездеседі. Нәзипа Құлжанова Семейде «Абайды еске алу кешін» ұйымдастыруға ұйытқы болып, сол жиында Абай туралы орысша баяндама жасайды. Сонымен қатар кештен түскен ақшаны мұқтаж шәкірттерге беру сияқты қайырымдылық істерді ұйымдастырады. Доктор Аққағаз Досжанқызы болса медициналық тақырыптарда мақалалар жазып, белсенділік танытқан, – дейді А.Мырзағали.
«Қазақ» газетінің 1913 жылғы 23 мамырдағы №15 санында Семейдегі қазақ мектебінде тәлім алып жатқан қазақ қыздарының кезекті емтихан тапсыруы туралы хабар басылады. Бұл хабарда Семейдегі қазақ мұғалима қыздары туралы да ақпарат бар. Ғазиза Малдыбаеваның емтихан қабылдағанын және оған Рахима Мәрсекова, Нәзипа Құлжанова сияқты қазақ мұғалималары да көмекші болғанын айтады.
Қарап тұрсаңыз, қазақтың басынан аумалы-төкпелі замандар өткенде соның жел жағында қалқан болып қазақ қыздары жүрді. Алашорда дәуірінде елінің көзін ашуға құлшынған аналарымыздың жалғасы кешегі 1986 жылы отан деп опат болған Ләззат, Сәбиралармен жалғасты. Мұның бәрі де алаш аруларының айнасы болып қала бермек. Мүмкін алдағы уақытта бұл қыздарға арнап Астанадан мемориалдық кешен салсақ, арнайы журналистер немесе жазушылар аллеясы сияқты жерлерге олардың мүсіндерін орнатсақ, бұл да бір игі іс болар еді.
Шапағат ӘБДІР