Руханият

Дәстүрлі әнді дәріптеген

Қазіргідей үйіңде отырып теледидар қарауға, жеті жұртпен тілдесіп, жер шарын кезуге мүмкіндік беретін интернет жоқ заманда қазақтың ең үлкен рухани серігі, сенімді сырласы – радио еді. Әлеммен қауыштыратын алтын көпір де, көңілге медет, жүрекке қуат берер асыл қазына да сол болатын. Біз де ес біліп, етек жапқан кезден бастап радио жастанып, оның әуезді толқындарына құлақ түріп өстік. Сол бір балаң кезеңімізде санамызға сәуле түсіріп, жүрегімізге әнімен өрнек салған ерекше жандардың бірі Риза Қайырбайқызы болатын.

Риза Қайырбайқызы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, Жеменей ауданында дүниеге келген. Әнге деген құштарлығы бала кезінен байқалған ол 6-сыныптан бастап-ақ аудандық кәсіптік көркем­өнер үйірмесіне қабылданады. Дарынды жасқа үлкен үміт артқан ұстаздары да оны кәсіби деңгейде білім алуға бағыттады. Сөйтіп, Ол 1984-1986 жылдары Қытайдың Бейжің қаласындағы мемлекеттік консерваторияда білімін жетілдірсе, 1987-1991 жылдары Шыңжаң Өнер академиясынан ән мамандығы бойынша жоғары білім алды.
Риза Қайырбайқызы еңбек жолын туған жерінде бастап, Жеменей ауданында, кейін Іле Қазақ автономиялы облысының ән-би ансамблінде қызмет етті. Оның асқан орындаушылық шеберлігі мен ән айту мәнері талай байқауларда жоғары бағаланып, жүлделі орындарға ие болды. Осы жетістіктерінің нәтижесінде 1998 жылы Қытай Халық Республикасының «Еңбек сіңірген әртісі» атағына қол жеткізді.

2001 жылы тарихи Отанына оралған өнер иесі Қазақстанда да әншілік өнерін жалғап 2002 жылы Алматы облыстық филармониясында жұмыс істесе, 2003-2011 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінің жеке әншісі болып қызмет атқарды. Осы жылдары ол қазақтың халық әндерін тек ел ішінде ғана емес, шетел сахналарында да әуелете шырқап, ұлттық өнерді насихаттауға зор үлес қосты.

2003 жылы Ресейдің Омбы қаласында өткен концертінде Ризаның орындауындағы қазақтың халық әндері көрермендер тарапынан зор ықыласқа ие болды. Ал 2007 жылы Алматы қаласындағы Республика сарайында өткен «Елік-ай, сәулем» атты жеке концерті оның өнер жолындағы үлкен белесі болды. Көрермендер мен өнер майталмандары бұл концертке жоғары баға беріп, қазақтың дәстүрлі ән мектебінің лайықты өкілі ретінде мойындады. 2008 жылы қыр­күйек айында жұбайымен бірге ұйымдастырған өнер кешінде халық әндерін шырқап, қазақтың дәстүрлі музыкасының бай мұрасын тағы бір мәрте паш етті. Сол жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің тапсырысымен жарық көрген «Музыкалы Қазақстан» алтын дискіне «Елік-ай» әні енгізілді.

Риза өнер жолындағы қажырлы еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болды. 2006 жылы Тұңғыш Президентінің «Мәдениет және өнер саласындағы халық сүйіспеншілігіне бөленген тұлға» ретінде алғыс хатына ие болды. 2008 жылы өткен «Отан отбасынан басталады» атты үлгілі отбасы байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ сол жылдың соңында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының арнайы алғыс хатымен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атанды, 2023 жылы кеудесіне Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденін тақты.

Өнерлі отбасының ұйытқысы болған Риза әнші жұбайы Құрманбекпен бірге сахнада бірнеше концерт ұйымдастыр­ды. Ұлы Олжас – Республикалық қылқобызшылар байқауының 7 дүркін жеңімпазы атанып, ата-анасының өнер жолын жалғастыруда. 2011 жылы Абай атындағы опера және балет театрында мемлекеттік «Құрманғазы» атындағы халық аспаптар оркестрімен бірге, Қазақстанның тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап «Алқоңыр ән екенсің» атты концертін өткізді.
Риза – қазақтың дәстүрлі ән өнерінің шынайы жанашыры, ұлттық мәдениеттің дамуына айрықша үлес қосқан өнерпаз. Оның әуезді әндері кең дала төсінде қалықтаған қоңыр үнмен үндесіп, тыңдаушы жүрегіне жылы шуақ себеді.

Қалиакбар Үсемханұлы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button