«Бірді-ақ сүй таңдап тауып»…

Бұл – ақынның әйелдері Ділда мен Әйгерімнен сүйген жеті ұл мен үш қыз балаға әке атанған шағы. Қырық жастың қырқасынан асқанында бозбала шағына елжірей тұрып та, өткенін сағынудан аулақ. «Көкірек зор, уайым жоқ, бар ойы өлең айтып, ән салған, біреуді қалжың қылып, қызды ауылға үйір» кезеңге қайта айналғысы жоқ. Ойлы сөз, оралымды қарекетімен елінің ертеңгі күнін болжауға тырысады. «Күлкі баққан» өскелең буынның «ақыл көзін» ашудан дәмелі: «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық… Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық». Хакім, сондай-ақ «Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй таңдап тауып» деп, «лапылдақ көрсеқызар» мінезден жирентіп, шынайы сезімді өнеге тұтады. Демек, «кімді сүйсе де, шын көңілмен сүйіп, жанса-күйсе де бір сөзді» болса ғана отбасы «гүлбақшаға» айналады екен.
Нәті бөлек, ерекше жан
Абайдың өлеңімен өрілген «Евгений Онегин» романын оқи бастағанына бірнеше күн болды. Кітапты қолына алған сайын аялап ұстап, қастер тұтады. Оқып болған соң, тағы да солай әспеттейді. Мұқабасын алақанымен бір сипап барып қана орнына қояды. Кеудесіне сыймай бұлқынған жүрегі Пушкиннің махаббат жырынан «тоят» табатындай. Бүгін де ақынның ұнатқан кітабын ашқанына біраз уақыт болды. «Как рано он мог лицемерить, Таит надежду, ревновать, – деп шығарманың әрбір сөзіне шұқшия үңіліп, астарына ой жүгіртеді. – Разуверять, заставит верить, Казатся мрачным, изнывать, Являться гордым и послушным, Внимательным иль равнодушным!..».
Қалың ой үстіндегі ақын роман кейіпкерінің «жеті қырлы» мінезіне қайран қалады. Мұндайлар сырт адамға «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң, ойында да, бойында да бір міні жоқ» секілді көрінер еді. Дегенмен, мына Онегин осал жігіт болмады: «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Дәмеленсе, күндесе білдірмеген…» деп қаламы жорғалай жөнеледі.
Шынында да нәті бөлек, ерекше жан. Түсінен еш күмән туғызбай, бірден іші-бауырыңа кіріп, билеп-төстеп алады: «Нанасың не айтса да, амалың жоқ, Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген…». Кейде көнгіш, кейде елеусіз, кейде ынтық қалпымен айтқанына көндіреді екен. Бірақ, осы паң мінезіне де қарамастан орынды сөзге тоқтайтынын да қайтерсің.
Оның «көз қарауы әлденеше құбылып, орны келсе, қамыққансып, қайғырғансыған» қулығына «құрық бойламайды». Тіпті, «ақылы асқан, күндес шықса, оған небір түрлі тұзақ құрып, оп-оңай көңілін басады». Бірақ, Абай таныған Онегин жаманға «жайсыз» болса да, адал сезімге қылау түсіруден аулақ жанға ұқсайды. Бұған енді қалайша бүйрегі бұрмасын.
«Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да…» деп, махаббаттың «ащы дәмін» татқан Абайға орыс ақынның романы жанына жақын. «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген…», бірақ бірден «бетінен қаққан» Евгенийдің мінезі Татьянаға жағымды-ақ. Тәкаппар әрі аса ізетті «сері» бойжеткеннің жүрегін жаулап алады.
Бұдан кейін сұлу қыздың өзі бірінші боп хат жазуға мәжбүр: «Әлімше мен де ұялып, Білдірмен дедім өлсем де. Шыдар ем күйіп, мен жанып, айында бірер көрсем де». Ғашықтық «дертінен күйген» ол «Тіршілігім – құрбандық, Шыдамай сені көргенше. Тәңірімнен келген бұл жарлық, Ием сенсің өлгенше» деп, тіпті жарық дүниені тәрк етуге бар.
Абай «сері» жігіттің ару қыз «өзіне қосылса, оны қор етуден» қорқып, ағынан жарылғанына сүйінеді. Өз басы «бар қызықтан бас тартқанда» жолыққан бойжеткеннің «гүлденген бағын» қуартып алудан қорғанады екен. Бар қалауы асыл жар емес, «ағасындай, шын дос» болу. Бірақ, өкінішін жасырып та қала алмайды.
Өзінің ғашықтық «отына» күйіп, жанған жүрегіне әмір жүрмесін кеш ұққан Онегин жанына дауа таппай, жүдейді. Махаббат «дертіне» шалдыққан ол ғашығына жар болуын жалынышпен өтініп, жанына пана болуын тілейді. Олай болмаса, «көзі көруден қалып, жан тапсырудан» басқа амалы жоқ: «Сен бетіңді әрі бұрсаң, Шықты көзім, болды көр».
Ғашық қызға деген сағыныштан жүрегі алып-ұшып, тым құрыса оның «ақ жүзін бір көрсе, арманы жоқ»: «Күні ертең бір көрінсең, Сорлы асықтың көзіне. Тәңірі үшін, шапқатыңмен, Нан ғаріптің сөзіне…». Ол өзін де, сүйген жанын да қосылуға қайрайды: «Ақылы бар, ықтиярлы, Пенде теппес өз жарын… Қорғалап құр өтпе өмір бос, Тағдырыңа қарсы бар».
Бұған да себеп Татьянаның хаты еді. Кезінде оның қадіріне жетпегенін жасырмай, енді «михрабым» деп, бас иіп, «мәжнүн» хәлге түседі: «Он сегіз мың бұл ғаламның, Бар тынысы Күнде тұр. Мен сықылды сорлы адамның, Ықтияры сенде тұр…». Осы жолдарды жазып отырғанда Хакімнің көз алдына өз ғашығы Тоғжан келіп тұра қалған.
Ғашық жүрек лүпілі
Сұлу қыз елдің бәріне бірдей жаға бермесе де, Абайдың сүйіктісі Тоғжан – баршаға сүйкімді жан. Махаббаттың «безгек ауру секілді жүдетіп, үміт үзсе – тондырып, дәмеленсе күйіп-жандырар» әсерінен жас ақынның жүрегі кеудесінен сыймай тулайды. Алайда ғашық жүректің лүпілін сезінуді екінің бірінің маңдайына жазбаған секілді.
Ақынның байқауынша, махаббатты кейбіреу жүректің емес, арзан тілектің «саудасы» деп біледі. Сондықтан ол махаббат туралы «сөз мәнісін» замандастарының, әсіресе жас ұрпақтың дұрыс ұғынуынан үмітті: «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол…» дей келіп, жан сырымен бөліседі.
Ғашық жүрек, тіпті «Көңілімнің рахаты сен болған соң, Жасырынба, нұрыңа жан қуансын…» деп тебіренеді. Махаббат «азабының дәмін» татқан ақын жастарға адалдықты өсиет етеді. Сүйген қызы Тоғжанмен тағдыр қоспаған соң, мұңын өлеңге шағумен шектелмей, өзге «мұңлық-зарлықтардың» қосылуына қамқор болатыны белгілі.
Тобықты жұрты ақынның Топай руынан Әліман, Мамай руынан Ақбордақ деген жесір әйелдерге бас бостандығын алып бергенін біледі. Ол сондай-ақ Жуантаяқтан – Қадиша, Сыбаннан – Зылиқа сияқты және басқа қыздардың сүйген адамдарына қосылуына көмектеседі. Осы орайда Абай әмеңгерліктің де жөнімен атқарылуына баса көңіл бөледі.
Би ретінде Абайдың Көкше руынан еркек есімді Батырбай мен Аналық деген жесір әйелдерге байланысты дауды әділ шешкені мәлім. Осы жолда жау да табады. Оразбайдың жаулығына да Сыбан мен Мұрын табының арасындағы «жесір дауы» себеп еді. Хакімнің Кеңгірбайдың әділ болмағанын айтып, Мұрын қызына еркіндік әпергені алдынан шығады.
Осы орайда Абайдың ғашықтық туралы шығармалары да, оның махаббатты ардақ тұтқан ұстанымының айнасы болатын: «Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме! Әйел жақсы болмайды көркіменен, Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!..». Мұны кешегі мен бүгінгі ғана емес, ертеңгі замандас та өнеге тұтса ғанибет.
Ақын өсиеттері адам қоғамының арқауы – махаббаттың арзандап кетпеуіне деген алаңдаушылықтан туған еді. Ал «уайым – ер қорғаны, есі барлық» екені де даусыз. Себебі «Күлкі баққан бір көрер бишаралық… Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық. Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық».
Сондықтан «Әсем салдық өлгенше кім қыларлық, Оған да мезгіл болар тоқталарлық. Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?..». Осыны ертерек естіп, ертерек есейіп, «ақыл, қайрат пен жүректі тең ұстағанға» не жетсін?! Бірақ, «қанша үміт еткенмен, замандас қатарында сөзді ұғарлық бозбала» жоққа тән еді.
Көбінесе ер адамның көзі сыртқы сымбатқа «сұқтанып», оның көңілді «баурайтыны» – табиғи нәрсе. Мұның, бірақ сұлудың жан дүниесін айқындай алмайтын кездері де аз емес. Абай қазақтың бойжеткен қызының көрікті кескін-келбетін асқан шеберлікпен көмкереді. Ол суреттеген арудың сымбаты жас атаулы қызығып, ересек жанды сүйінткендей сүйкімді.
Өлеңнің алғашқы жолынан бастап, оның көркем өрімі тәнті етеді. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы…» бойжеткен кез келген паң жігіттің жүрегін лүпілдетіп, кіріптар халге түсіреді. «Аласы аз қара көзі» жарқ еткенде басқа дүние қаперіңе кірмейді. «Жіңішке қара қасын сызып қойған жаңа туған айға ұқсатып» тәтті сезім құшағында тербелесің.
Сұлудың бейнесі жанарда «жүзіп», есіл-дерті соған ауады: «Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды. Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі, Сықылды қолмен тізген іш қайнайды». Сұлу тісі жарқ етіп, «бейне бұлбұл сайрағандай күлкісіне, жұп-жұмыр, ақ торғындай мойны мен күн шалмаған үлбіреген тамағына» елтиді.
Мінсіз бойы, тал шыбықтай бұраңдаған белі мен жас баланың етіндей білегі, әжімсіз саусақтары мен қолаң қара шашы еркіңнен тыс бойыңды билеп, дәрменсіз хәлде соңынан ере жөнелгендейсің. Ақын осындай арудың нендей оғаш мінездерді болса да бойына жуытпауына шын көңілден жанашыр. Ол бойжеткеннің ажары мен ақылының жарасқанын қалайды.
Осылай табиғат пен адам сезімі үндесіп, қабысып, жарасым табады. Сезімінің шынайы мен жалған қырларына ой жүгіреді: «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол..». Ғашық жүрек өзін сүйген жанның жолында құрбан етуге даяр: «Сенен артық жан жоқ деп, ғашық болдым, Мен не болсам, болайын, сен аман бол».
Арман болған Тоғжан
Тоғжанға ғашық жалғыз өзі ғана емес, оны бір көрген жанның сүйінеріне сенімді: «Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді, Сүйкімді тірі жанға неткен жан». Махаббат сезімінің де «безгек ауру» сықылданып жүдетер» азабын «Қор болды жаным…» деп жайып салады. Ендігі қалған сүйеніші ғашықтық сырын, яки көзінің ыстық жасын ақ қағазға төгеді.
Көңілі «майдай шыжыған» қыз, бірақ алаңсыз да емес: «Үйір қылма бойыңа, Шыны жақсы көрмесең» деп, кеудесінен «баса» отырып та махаббат тоятына ынтық екенін жасырмайды. «Арқасында өрген бұрымы білектей, шолпысы сылдыр қаққан» сұлу көз алдымыздан өте береді: «Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?..».
«Аласы аз қара көзі айнадайын, Жүрекке ыстық тиіп салған сайын… Үлбіреген ақ етті, ашық жүзге» көз тоймайды: «Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ, Болады осындай қыз некен-саяқ…». Ақын «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай менен күн шағылса да» деп, жанының «жапырағын» жаяды.
Бірақ, маңдайына жазған қосағына адал жар болуға ұйғарған Татьянаның жігіттің кеш қалғанын айтып, сабырға шақырған хәл енді Тоғжан екеуінің басына түскендей. Абайдың ғашықтық сырын ішіне бүкпей, жыр қылып төгіп, махаббат атты ұлы сезімді ерекше үлгі етуден басқа амалы қалмаған.
Ақын «Жүректен қозғап, әдептен озбай» көп сөйлеп созбайды: «Көзімнің қарасы, Көңілімнің санасы, Бітпейді ішімде / Ғашықтық жарасы…». Осы ғашық жүрекпен бірге «сан кісі мұңайып, сабырмен шыдайды: «Күйемін, жанамын, Еш рахым қылмайсың… «Сенсің – жан ләззәті, Сенсің – тән шәрбәті… Құдай-ау, бұл көңілім / Күн бар ма бір тынар?!».
Осылай махаббат сырын өлең «тілі» ғана шебер кестелейді: «Ғашықтық тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл. Сүйісер жастар қате етпес, Мейлің илан, мейлің күл». Өлең ғашықтың тәтті сырымен әлі талай жүректі лүпілдетеді: «Айттым сәлем, қаламқас, Саған құрбан мал мен бас. Сағынғаннан сені ойлап, Келер көзге ыстық жас…».
Ал ғашық жан үшін өз сүйіктісіне тең келер ешкім жоқ: «Сенен артық жан тумас, Туса, туар артылмас. Бір өзіңнен басқаға / Ынтықтығым айтылмас. Асыл адам айнымас, Бір бетінен қайрылмас…». Әттең, «Ғашықтық – қиын жол. Жетсең – жеттің. Жетпей өттің, Не болды? Арманда өмір / Өтті, Ойлар ма екен бір сені сол?».
Жара салма сен маған…
Асық жанға қолы жетпеген соң «аяқ-қолы салдырап, іші дертке толады». Бірақ, сонда да ойлағаны ғашығының бақыты: «Ажал уақыты жетті, Мен өлейін, сен-ақ сау бол…». Осылай қоштаса тұрып та, оны жүрегінің төрінде мәңгіге сақтары түсінікті. Бұл пәк сезімге сұлу да бейжай қарай алмаса керек.
Алла тағаланың адамға тамаша сыйының бірі – тірлікке сүйіспеншілік екені аян. Оның ішінде еркек пен әйелдің махаббаты – ғажайып сый әрі сын. Махаббаттан тебіренген ақын кейіпкерімен бірге тебіренеді: «Бір өзіңнен басқа бір дос таппасаң, өл, жүрме зар» деп, тіпті өз басы өлімге бел буғандай шерленеді.
Бұдан кейін ғашығы да жан сырын жайып салады: «Тәңірі қосқан жар едің сен, – деп тебіренеді ол, – Жар ете алмай кетіп ең… Кінәсі жоқ жас адамды, қатты соққан не еткенің?… Елжіреген жас емес пе ем, Еппен айтсаң жұбатып». Ол бірақ кінә артудан аулақ, өкінішін бүкпейді: «Сен шошыдың ғашығыңнан, Өзге жұрттан қамшы жеп…».
Алайда енді өзінің де мұндай жар таппас сорлы зар» екенін айтқан бойжеткен асық «көңілін ақылмен тыйып», тағдырға мойынсұнады: «Жат есікті және қорып, Жара салма сен маған. Жұрт жамандар жатқа жорып, жалынамын мен саған…». Дегенмен, «көрісуге шыдамаспыз, айрылалық сол үшін» деп, ғашық сезімінің әлі суымағанын жасыра алмайды.
Осы орайда Тоғжанның арбакеші айтыпты деп, ел аузында жүрген сөз бар. Ол әңгіме Абай ғашықтық жырларын арнаған Тоғжанның ажары ақылына сай бойжеткен, Құдай қосқан қосағына адал жар болғанын мәшһүр етеді. Ал ақынның Сүйіндіктің қызы Тоғжанға қолы жетпеуінің себебі, екі жастың да ата жолынан аттамаған қасиетін әйгілейді.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ,
жазушы